Немесе
Апаттың алдын аламыз десек сапаны жіті бақылайтын кез келді
Түрік еліндегі алапат жер сілкінісінің орын алғанына да айдан асып барады. Елу мыңға жуық адамға ажал құштырып, жүздеген мың адамды баспанасыз қалдырған зілзала енді еш жерде қайталанбасын деп тілейміз. Дегенмен, бұл әлем елдері үшін ащы сабақ, қатаң ескерту болғаны рас.
Алапат апат құрылыс компанияларының басшыларын қайдам, қарапайым халықты қалың уайымға салып қойды. Соңғы жылдары Астана, Алматы мен Шымкентте, өзге де облыс орталықтарында зәулім-зәулім үйлер жарыса бой көтеруде. Сырты сәуелетті ол үйлердің сапасы қандай? Міне, көпшілікті ойлантатын осы сауал. Әлдеқайда дамып кетті деген бір туған елдегі үйлер бір сәтте үйіндіге айналды. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демекші, Түркиядағы көрініс осылай болса, Қазақстандағы ахуал қандай болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты. Шынын айтқанда, көпқабатты үйде тұруға, пәтер сатып алуға көпшіліктің жүрегі шайлығып қалды. Әйтеуір, бір Алла жар болсын!
Қарап отырсаңыз, біздің елде кімдер көпқабатты үй салмай жатыр дейсіз?! Құдды бір жарыс жүріп жатқандай. Олардың арасында Түрік компаниялары да бар. Өз елдерінде қарық қылып құрылыс жүргізбеген олар біздің елде сапалы, бекем үй тұрғызып жатыр дегенге сенгің келмейді. Қала берді, құрылыс материалдарының да сапасы нашар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда әлі салынып бітпеген көпір опырылып құлады. Астанада да осындай келеңсіз көрініс қайталанды. Мамандар техникалық талаптар сақталмағандығын айтты. Тұрғындарға арналып салынып жатқан үйлер ше? Оларда талаптар толықтай сақталуда ма? Әй, қайдам! Қарғандыдағы көпқабатты бір үйдің жер сілкінбей-ақ опырылып құлағаны бір ғана дәлел. Екі жыл бұрын Түркістан облысында қарлы боран мен қатты желден электр бағандарының құлауы салдарынан бірнеше ауданның халқы апталап жарықсыз қалғаны ел есінде. Соның да себебі анықталмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалған секілді. Сапалы орнатылған баған болса, қатқан болмашы мұзға құлап қалмауы керек емес пе? Неге сол бағандарды орнатқан мердігерлер анықталып, қатаң жауапқа тартылмады? Соңғы кездері келелі ой айтып отырарлық қария Бекбатыр Әйменов сол бағандар туралы былай деген болатын: «Талай нәрсені көріп, естіп жүрміз. Бірақ арматурамен өріліп құйылған баған электр желісіне қатқан мұзды көтере алмай құлады дегенді 80 жылдан бері алғаш естуім. Мына парадоксты қараңыз, сол кезде ауыл ішіндегі ағаштан жасалған, бұрыннан тұрған бағандар құлаған жоқ. Сонда қазіргі арматуралардың қауқары ағаштан да төмен болғаны ма?
Олай болуы да мүмкін. Себебі, байқасаңыз қазіргі сапасыз, арзан арматуралар көбінше Қытайдан тасымалданады. Оларды майыстырар болсаңыз иілмейді, порт сынғыш келеді. Неге? Түсінікті болу үшін айтайын, металды қорытқанда шойын пайда болады. Оны пеште қайта қорытқанда темірге айналады. Темірге көмір қышқыл газын қосқанда одан нигерленген 9 балентті болат шығады. Соның 6-7 баленттілігі қарапайым арматура болады. Осы талап сақтала бермейді. Үнемдеймін деп, сапасын жоғалтады. Құдай бетін аулақ қылсын, Түркістандағы салынған үйлердің дені 160 ғалым жұмыс істейтін Қазақ ғылыми зерттеу институтының елегінен өтпеген. Мен сол институттың тексеруінен өткен үйлердің жобасын арқалап бармаған жерім жоқ. Олар өздері 12 қабатқа дейінгі үйлерді сейсмологиялық зерттеуден өткізудің қажеті жоқ деген тұжырымдама шығарып алыпты. Жамандық өзімен кетсін дейік, бізде 7-8 балдық жер қозғалса бұл үйлер төмпешік қоқысқа айналады.
Түркістан жақын болғандықтан ауылдың жігіттері құрлыста жұмыс істейді. Солар кейде материал болмай қалғанда бригадир колонналарды арматурасыз құйғызып жіберетінін айтады. Бетонның ішінде қанша арматура өрілгенін анықтайтын арнайы құрал бар. Бірақ оны ешкім пайдаланбайды. Сондықтан апаттың алдын алу үшін бұл үйлер құлап қалмай тұрғанда тексеруден өткізу керек».
Иә, ғимараттар өздігінен құламайды. Оған себеп: біріншіден, сапасыз материалдар пайдаланылады, екіншіден, жұмыс сапасына жіті бақылау болмайды. Салдарынан жылдам отырып, жер сілкініссіз-ақ қабырғалары жарылып кететін ғимараттар пайда болады. Міне, Түрік елінде де осындай келеңсіздіктерге жол берілген болуы мүмкін. Ал оның салдары өте ауыр болды. Олай болса, бізге де ойланатын, бақылауды күшейтетін кез келді. Мұны бүгін қолға алмасақ, ертең бәрі де кеш болады.
Ұ. ТӘМЕНОВ.