Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » ҮЙІМЕН, ҮЙЕЛМЕНІМЕН ҰСТА

ҮЙІМЕН, ҮЙЕЛМЕНІМЕН ҰСТА

Көптеген отандастарымыз бен шетелдік қонақтар Бейісбековтер әулеті шеберханасына ұдайы ат басын бұрады. Бұл – ешқандай да кездейсоқтық емес, тынымсыз шығармашыл еңбектің нәтижесі. Өйткені, олар сан қырлы өнерімен Шымкенттің ғана емес, еліміздің атын әлемге танытып жүр.

Біріншіден, бір үйден жеті бірдей жанның Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болуы сирек кездесетін құбылыс болса, екіншісі – олардың қолынан шыққан қайталанбас туындылар ұлттық қолөнер дәстүріндегі сабақтастықтың айғағындай кез келген адамға ерекше әсер етеді. Олар тастан қашап, темірден түйін түйеді, бұйым-затты ағаштан иіп, сүйектен қиып, керамика-қыштан құяды, киізден ойып, жіп иіріп, мата тоқып, жүннен киім тігіп, кілем тоқиды, кескіндеме, сурет салып, қилы мүсіндер сомдайды. Бастама, идея – өздерінікі. Өндіріске қажетті барлық материалдары өздері іздейді, табады және әзірлейді.
Талантты шеберлер “ұста – ұста емес, аспап – ұста” екендігін әсте ұмытқан емес. Көненің көзіндей, небір қымбат байырғы жабдықтар мен саймандар іске қосыған. Сонымен қатар заманауи компьютер, планшет, сканер сияқты құралдар мен икемді қондырғылар жұмыс істеуде.

Алайда, өзіндік мектептің кең қанат жаюына кедергілер қолда бар мүмкіндікті шектеп тұрғандай көрінеді. Мәселен, қабілетті балалар мен жастар үшін шеберлік сағаттары мен тағылымдама өткізу шарт. Ол үшін дәрісхана жайлары, галерея, көрме залдары қосымша жайлардың қажеттігі айтпаса да түсінікті.
Шындығын айтсақ, ұлтымыздың бірегей, қолданбалы өнеріне ғұмырын арнап, отбасы мүшелерін қоғамға аса қажетті кәсіпке жұмылдырып жүрген Болат Бейісбеков сияқты жандар елімізде көп емес.
Сондықтан, өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйеніп, халықаралық деңгейде жетістікке жеткен қолөнер шеберлеріне де (спортшыға арнап спорт сарайын салған сияқты) рухани елордамыз – Түркістанда, Астана, Алматы, Шымкент сияқты мегополистерде арнайы жобамен Өнер үйлерін, шығармашылық ордаларын, шеберханалар салуды ойластырған жөн. Мұндай мемлекеттік қамқорлық ұлттық мәдениетімізді өркендетуге ғана емес, еліміздегі ішкі және сыртқы туризм саласын дамытуға, соның ішінде, кәдесый бизнесі индустриясын жандандыруға мол мүмкіндік берер еді.

Дархан МЫҢБАЙ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика