Ер адам не үшін өзін трактордың астына тастамақ болды?
Жер бетінде халқы ең тығыз орналасқан ел – Бангладеш екен. Бангладеш халқының саны бойынша жер шарында 9 орынды, ал жер көлемі бойынша 87 орынды алады. Онда 1 шаршы шақырымға 1054 адамнан келеді. Ал жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орынға ие Қазақстанда 1 шаршы шақырымға 6 адамнан келеді. Айырмашылық жер мен көктей. Салыстырмалы түрде алсақ, 170 миллионға жуық адам 148 460 шаршы шақырым жерде сыйысып өмір сүруде. Ал 2 724 902 шаршы шақырым жерге 19 миллион қазақстандықтар сыйыса алмай отыр. Иә, сыймай емес, сыйыса алмай…
Әділ пайдаланса ата-бабамыз аманаттап кеткен ұлан-ғайыр, кең байтақ даламыз 19 емес, 190 миллион қазаққа да жайлы мекен бола алады. Өкінішке қарай, қолында билігі, қалтасында ақшасы барлар жерді атасынан қалған мұрадай бөлісіп алып, қаншама қарапайым халық ұлтарақтай жерге қол жеткізе алмай, зар илеп жүр. Салдарынан жер дауы өршіген үстіне өрши түсуде.
Кешегі аптада редакцияға Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округіне қарасты Ықылас темір елдімекенінің бірнеше тұрғыны көмек сұрап келді. Мақсаттары – аудан басшылары мен құқық қорғау саласының қызметкерлері шеше алмай жатқан мәселеге жұрт назарын аудару екен. Мән-жайды көзбен көріп, құлақпен есту үшін оқиға орнына бардық. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір күн бұрын, яғни 9 наурызда жерге таласушы екі тараптың адамдары даулы жердің басында жолығысыпты. Жаға жыртысып, жұдырық жұмсауы мүмкін деген күдікпен онда бір автобус полиция қызметкері де барыпты. Иә, шынында да дау ушыққан сыңайлы. Тіпті, біреуі «Жер болмаса маған өмірдің де қажеті жоқ» деп егін алқабына рұқсатсыз кірген трактордың астына өзін тастаған екен. Әбүйір болғанда оны Ордабасы аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев құтқарып қалыпты. Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, жер дауының салдарынан адам өлімі орын алғанда не болар еді? Әлде әкімдік пен сот органдары жіті назар аударып, әділ шешім шығару үшін міндетті түрде адам шығыны орын алуы керек пе?
Біз оқиға орнына барғанымызда полиция қызметкерлері әлі жүр екен. Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытқали Кенжебаев құқық қорғау саласы қызметкерлері екі тараптың арасында жанжал болмасын деп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін келіп тұрғанын айтты. Бірақ, бұған жер дауына шатылғандар келіскісі келмейді. «Елімізде арнайы жасақталған топ терроризм, экстремизм жағдайында ғана шұғыл іске кірісуі керек. Ал бұлар қарапайым халыққа күш жұмсап, біздерге егін егуге кедергісін келтіруде. Қарсы тараптың сөзін сөйлеп, егін алқабына солардың техникасын кіргізді. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау үшін емес, жер иелеріне күш көрсету үшін келген. Негізінде жер біздікі, оны кеше аудан әкімінің орынбасары мойындады. Қарсы тарап біздің мөрді жоғалтып алғанымызды пайдаланып, өз іс-әрекеттерін заңдастырып отыр. 500 гектар жерді тұрғындар ақша жинап жыртты. Күзде тап осы топ бізге егінімізді еккізбей қойды. Енді, міне, тағы тосқауыл болып отыр. Аудандық полиция бөліміне төрт рет арыз жаздық. Нәтиже жоқ. Арызымыз қаралмайтын болса, енді жерімізді өз күшімізбен қорғаудан басқа амал жоқ», – дейді кооператив төрағасы Бастарбек Оңалбай.
Өзін өзі трактордың астына тастауға мәжбүр болған Дінмұхамед Әлішермен де тілдесудің сәті түсті. «Дау болып жатқан жер 1996 жылы «Ықылас темір» кооперативінің мүшесі ретінде менің отбасыма берілген. Енді соны басқа біреу пайдаланып кетпекші. Күштеп жерге қатысы жоқ адамның техникасын кіргізеді. Бассыздық белең алғасын өзімізге қол жұмсайтынымызды, қорғануға мәжбүр болатынымызды айтып, арыз жаздық. Ол да нәтиже бермеген соң күні кеше трактордың астына өзімді тастағаным рас», – деп айтты ол.
Осы кезге дейін жер дауының салдарынан адам өлімі орын алғаны белгілі. Сол себепті, мұндай дауға жергілікті биліктің жайбарақат қарауына болмайды. Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев жердің басына барып, екі жақты ортақ мәмілеге шақырған екен. «Бұл жер 2002 жылы аудан әкімінің 594 қаулысымен «Ықылас темір» кооперативінің 38 мүшесіне бекітіліп берілген. Ол қаулы күшінде. Бұған қатысты сот жүріп жатқанын білеміз. Егер сотқа шақырса оны әкімдіктің сенімді өкілдері барып айтып бере алады», – деген аудан әкімінің орынбасары 8-9 жылдан бері мәселенің шешімін таппай келе жатқанына қынжылды.
Даудың қашан да тірлікке кесірі тиетіні белгілі. Екі жақты келіспеушіліктің салдарынан аталған жер бірнеше жылдан бері игерілмей қалған. Біз жердің басына барғанда екінші тараптың өкілдері болмады. Олардың да пікірін білмек оймен іздегенімізде ешкімді таппадық. Бірақ полиция өкілдері олардың сот барысы толық аяқталғанша егін екпеуге келіскенін жеткізді. Ал Бастарбек Оңалбай тұрғындар жер жыртуға 17 млн, тұқым сатып алу үшін 11 млн теңге жұмсағандарын және егін егу барысын ешкім тоқтата алмайтындарын ашып айтты.
«Ұрыс болған жерден ырыс кетеді» демекші, бұл дау-дамайдың салдары екі тараптың да жерден айырылып қалу қаупін туғызып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, дау созылып, жер өз мақсатында пайдаланылмайтын болса, Үкіметтің оны қайтарып ала алады. Мұндайда «таласқанға тас та жоқ» деуші ме еді. Осындай қолайсыз жағдайға тап болмас үшін жердің заңды егесі ертерек анықталып, тұрғындар пайдасына жұмыс істеуі керек. Дау шиеленісер болса, біріншіден, жерден айырылу қаупі күшейсе, екіншіден, ағайындардың арасында өкпе-реніш ұлғайып, соңы қайғылы жағдайға ұласуы да бек мүмкін. Мұның алдын алу, жерді заңды иесіне ертерек табыстау өте маңызды.
Ұлықбек ҮМБЕТ.