Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Украина: Соғыстың сұмдық шындығы – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Украина: Соғыстың сұмдық шындығы

 Ресейдің Украинадағы «арнайы әскери операциясы» жалғасуда. Бүгінде негізгі соғыс қимылдары Донбасс өңірі мен Запорожье және Херсон облыстарының бірқатар аумақтарын қамтып отыр.

 Кей қаланың елесі ғана қалды

Украинадағы соғыста көп жағдайда бронды техника, артиллерия мен авиация белсенді түрде қолданылып жатыр. Қанатты және баллистикалық зымырандармен атқылау да жиі орын алуда. Шабуылдау мен қорғаныс шайқастары кезінде мерт болған солдаттар саны күніне бірнеше жүздеп саналады.

Соғыстың алғашқы кезеңінде Ресей жағы күніне 70 мың снаряд қолданған деген деректер бар. Атқылаулар кейін 40-50 мың, сосын 5-20 мың снаряд аралығына дейін азайған. Ал қорғаныстағы Украина жағы күндігіне 2-7 мың снаряд атқылаумен болыпты. Жалпы алғанда, соғыс басталғалы бері кемінде 7-10 миллион снаряд атылды деп есептеп отырғандар бар. Яғни Украина жерін жүз мыңдаған снаряд пен зымырандар жаралап жатыр деген сөз. Одан бөлек, күнделікті жеке атыс қаруларынан шығып жатқан оқтар қаншама. Осы уақытқа дейін олардың жалпы салмағы жүздеген мың тоннаны құраса керек.

Артиллериялық қарудың қолданылу жиілігі сонша, снарядтар жетіспейді деген сөз екі жақтан да жиі айтылып қалып жатады. Ресурсқа бай Ресей әскеріне оны кешіктіріп болса да жеткізіп беріп жатыр, ал Украина снарядтардың басым бөлігін Батыс елдерінен алуға мәжбүр.

Міне, тонналап жауған осынша оқ пен снаряд, зымырандар күніне бірнеше жүздеген солдаттың өмірін қиюда. Мысалы, бүгіндері Бахмут түбінде жүріп жатқан шайқастарда тек Ресей жағының өзінен ғана күніне 800-ден аса адамның қатардан шығарылғаны туралы айтылуда.

Ал қирап қалған, түбегейлі жарамсыздыққа ұшыраған нысандар мен ғимараттарда есеп жоқ. Мәселен, Луганск облысындағы Попасная қаласы үшін болған шайқастар екі айға жуық мерзімге созылған еді. Бахмуттан 30 шақырымдай қашықтағы бұл қаланы украин сарбаздары өткен жылдың мамыр айында тастап шыққан болатын. Өйткені Попасная екі ай бойы тынымсыз шабуылдардың, толассыз артиллериялық атқылаулардың өтінде болды. Кезінде аудан орталығы болған, 20 мыңнан аса адам тұрған қаланың сау-тамтығы қалған жоқ.

Бүгінде Попаснаяны қалпына келтірудің еш мүмкін еместігі жөнінде айтылып жүр. Бір жарым ғасырға жуық өмір сүрген, кезінде темір жол торабы болған, көмір өндірісімен аты шыққан елді мекеннің тарихы осымен тәмам болды.

Коллаборанттың өмірі алаңсыз емес

Ресейдің өткен жылдың күзінде Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын өзіне қосып алғаны мәлім. Сөйтіп ол өңірлер ресми түрде Ресей Федерациясының жаңадан қосылған аумақтары деп атала бастаған. Сол арқылы Ресей әзірге 2014-жылы өзі аннексиялаған Қырым түбегіне «құрлық дәлізін» ашқандай болып отыр. Дегенмен аталған облыстардың бірқатар өңірлері әлі де Украина Қарулы Күштерінің қолында. Сондықтан да қазір Донбасс өңірінде қырғын соғыс қимылдары жүріп жатыр.

Бүгінде елдің оңтүстік-шығысындағы Запорожье қаласы мен осы аттас облыстың төрттен бір бөлігіндей аумағын да Украина күштері қорғап тұр. Ресей жағы Украинаның оңтүстігіндегі Херсон облысының көп жерін және өңір орталығы Херсон қаласын былтыр, соғыстың алғашқы кезеңінде басып алған еді. Дегенмен Украина күштері кейін облыс орталығы мен бірқатар елді мекендерді азат еткен болатын. Яғни бұл облыстардың да біраз бөлігі қазір Украинаның қолында.

Ресей басып алған аумақтарда мемлекеттік басқару органдары құрылған болатын. Херсон облысының уақытша орталығы Геническ қаласы болып жарияланған еді. Кешегі аптада Запорожье облысының уақытша орталығы деп Мелитополь қаласы бекітілді.

Ал Украинаның өз территориялық тұтастығын қалпына келтіруді көздейтіні белгілі. Ол Херсон, Запорожье облыстарын ғана емес, Донбасс өңірі мен Қырым түбегін қоса қайтарып алу үшін күресіп жатыр. Осы орайда коллаборанттар мәселесі де Украинаның назарында тұр. («Коллаборант» деп басып алынған аумақ тұрғындарының басып алушы жақпен әскери, саяси, экономикалық бағытта ынтымақтасқан бөлігін атайды). Қарсы жаққа өз еркімен қызмет еткендерге заң жүзінде жаза бар. Қызметке қабылдамау, мүлкін тәркілеу сияқты жазадан бастап, 10-15 жылға дейін, тіпті өмірлікке түрмеде отыру жазасына кесуге дейін үкім етіледі.

Ресей басып алған өңірлерде Украина мүддесіне жасырын жұмыс істеп жүргендер, партизандар да бар. Осы уақытқа дейін олар басып алынған облыстарда Ресей тарапынан жоғары лауазым иеленген бірнеше коллаборантқа қастандық ұйымдастырды. Коллаборанттардың бірқатары сол қастандықтар кезінде мерт болды.

…Қысқасы, бүгінде Ресейге өз еркімен ғана емес, амалының жоғынан қызмет етіп жүрген көптеген адамдарға «коллаборант» деген жағымсыз ат таңылды. Бұл соғыс адам тағдырын осылай да қақпақылға салып тұр.

Сотталғандар да соғысқа қатысуда

     Украинадағы соғысқа қатысушыларға Ресейдің жалақы төлейтіні белгілі. Айлық жалақыдан бөлек жарақат алғандарға, мүгедек болып қалғандарға төленетін өтемақы бар. Соғыста өлгендердің отбасына 7 миллион 500 мың рубльдей бір жолғы өтемақы төленеді.

Яғни бұл соғыста ақшаның да атқаратын ролі зор болып тұр. Тұрмыстық жағдайы төмен, қарызға батқан, кедей отбасы мүшелерінің соғысқа өз еркімен аттанып жатқаны туралы деректер бар. Яғни біреулер үшін бұл соғыс тамағын асыраудың бір көзі болып тұр. Адам өзге мемлекетке басып кіріп, адамын өлтіруге бара жатқанын емес, өзінің отбасы үшін ақша табуға бара жатқанын ғана ойлайды. Сол соғыста мерт болған кей адамның туыстарын да ет жақынының өлімі емес, оған берілетін ақша ғана толғандыратын сияқты. Кей отбасыларда сол ақшаға талас болып жатқаны туралы да әңгімелер шығып жатыр.

Ресей бұл соғысқа колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандарды да салды. Бүгінде Донбасстағы шайқастарға ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясының жалдамалылары да белсене қатысып жатыр. Жарияланған кейбір деректерге қарағанда, осы уақытқа дейін олар 30 мыңдай адамынан айырылған.

«Вагнер» тобының әскері әсіресе Донецк облысының Угледар қаласына болған шабуылдар кезінде көп шығынға ұшырады. Жалпы, Угледар түбінде болған шайқаста Ресейдің 150-ге жуық танктері мен құрышпен қапталған жаяу әскер көліктері жойылғаны туралы деректер бар. Угледар түбінде Ресей жаяу әскері күніне бірнеше мәртеге дейін шабуылға көтерілумен болған. Алайда үсті-үстіне жасалған бұл шабуылдардың бәрі де сәтсіз аяқталған. Украин әскерлері қаланы қорғап қалды.

Бүгінде аталған облыстың Бахмут қаласы үшін шайқастар жүріп жатыр. «Вагнер» тобының адамдары бұл бағыттағы ұрыс қимылдарына да қатысуда. Ал оның құрамында бұрын жасаған түрлі қылмыстары үшін Ресей түрмесінде отырғандар көп. Яғни оларға әскерге жалданып, жарты жыл соғысқа қатысса, түрмеден босатылатыны туралы уәде берілген.

Жарияланған деректерге қарағанда, бұл іспен ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожин айналысқан. Оны Ресей президентінің жақын достарының бірі деседі. Ол 2014-жылдары құрылған «Вагнер» тобына басшылық етеді. Ал бұл әскери құрылым бұдан бұрын Таяу Шығыстағы, Африкадағы бірқатар елдерде болған соғыстарға қатысқан көрінеді. Яғни ол – жалдамалы әскер.

Былтырғы жазда түрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ресейдің түрмелерін аралап жүрген бір адамды көрсеткен болатын. Ол жазасын өтеушілерге егер де «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрамында Украинадағы «арнайы әскери операцияға» қатысар болса, түрмеден босатылатынын айтып жатты. Айына 100 мың рубль жалақы берілетінін, егер қаза табар болса, отбасына 5 миллион рубль өтемақы төленетінін айтты. Айтуынша, «Вагнер» жеке әскери компаниясы – өз артиллериясы, танктері мен ұшақтары, зымырандары да бар өте тәжірибелі армия».

Содан бері Ресейдің колонияларынан «Вагнер» жеке әскери компаниясына мыңдаған жазасын өтеушілер жазылды. Әскерге бірінші кезекте ауыр қылмысы үшін ұзақ мерзімге сотталғандар, бірнеше мәрте сотты болғандар алынған. Олар бүгінде Донецк және Луганск облыстарындағы ұрыс қимылдарына қатысып жүр.

Олардың соғыста өлгендерінің біразы «Вагнердің» Краснодар өлкесінен мазаратқа деп алған жеріне апарылады. Кейбірі өз туған аумағындағы «Даңқ аллеяларында» жерленуде. «Ерлік жасады» деп танылғандарына «Вагнердің» өз орден-медальдары беріледі. Олар салтанатты жағдайда жерленеді. Бұрын адам өлтірген, ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған сондай адамдардың біразы елін қорғаған батыр ретінде құрмет көрсетіліп, жерленді. Жерлеуге дін адамдары да қатысып, олар туралы жақсы сөздер айтып жатты.

Ал Еуроодақ елдері «Вагнер» жеке әскери компаниясына қарсы бірнеше санкциялар салған. АҚШ Қаржы министрлігі таяуда оны трансұлттық лаңкестік ұйым деп танитыны жөнінде жариялады. Бұл топтың адамдары Украинада, Таяу Шығыс пен Африканың бірқатар елдерінде ауыр қылмыстар жасаған деп айтылуда. Ресей Мемлекеттік Думасының кей депутаттары болса, бүгінде «Вагнер» тобын заңдастыру және оның сапында Украинада соғысушылардың беделін заң жүзінде қорғау жөнінде мәселе көтеруде.

Украинадағы соғыстың сұрқы осындай болып тұр. Мыңдаған адам тағдыры талқандалып, жетім-жесірлер көбеюде, екі елдің экономикасы қыруар шығынға ұшырады. Батыс елдері Ресейге таяуда 10-шы мәрте ауыр санкция салды. Мақсат – бұл елдің экономикасын, әскери қуатын әлсірету, сөйтіп Украина жерінен әскерін толықтай әкетуге көндіру. Дегенмен Ресей алған бетінен қайтпай тұр. Украина да өз жерін толықтай қайтарып алғанша тоқтамайтынын білдіруде. Бұл соғыс таяу арада аяқталатынға ұқсамай тұр.

О. ТҰРАР

                  

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған