Ордабасы ауданының тұрғыны Сәндігүл Үсенбекованың ұл туғаны дүйім жұртқа сол күні-ақ жайылды. Сүйіншілеген елдің қуанышында шек жоқ. Қазақтың қай қатыны ұл тумай жатыр дейсің, мұндағы ерекшелік сол, сәбилі болған Сәндігүлдің жасы 54-те болғаны. Яғни, «қартайдым» демей алдына қойған мақсатына жету үшін талпына түскені ерлік саналуда. Үш жыл бұрын қыз туған. Бұл жолы ЭКҰ арқылы ұлды болып отыр. Отағасы Сәрсен Қошанұлы екеуінің ортақ шешімі бұл. 64 жасында ұлды болып отырған Сәрсен ағаның да қуанышы қойнына симай жүр. Барша туыс, ағайын тілеулес болып жатыр.
Сәрсен ағада Аллаға шүкір перзент аз емес. Бұған дейінгі кіндігінен шыққан 6 бала-шағаның ардақты әкесі. Ал алпыстан асқанында дүниеге келген ұл жетінші перзенті. Есімін ырымдап Нұрмұхамед деп қойыпты. 15 наурыз күні операциямен туылған Нұрмұхамедтің салмағы – 4 510 гр.
Сәндігүл Үсенбекова ауылдық емханада дәрігер болып қызмет атқарады. Денсаулығына күтім жасап, өзін-өзі осы қадамға дайындағанын айтады. Сәбилі болып жатқан қызын қуанышымен құттықтап перзентханадан шығарарда Сәндігүлдің 73-тегі анасы да келген. Бір әулеттің ғана емес, дүйім жұрттың ұлы болсын тілегін арқалаған туған-туыстың да қуанышы көл-көсір.
Құдай беріп жатса балалы болу қайсыбір жаста да мүкін жағдай екенін дәлелдеген Сәндігүлге дән риза адамдар көп.
Көбей, қазақ!