Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » 7 жыл құлдықта жүрген бе?

7 жыл құлдықта жүрген бе?

   Жетісайлық ерлі-зайыптылардың мұңын кім тындайды?!

«Біз қорқып жүрміз, бізге арашашы болыңызшы. Қойын бақтырған қожайын адал атқарған жұмысымыз үшін жалақы бермегені былай тұрсын, 300 қой қарызсың деп мойнымызға салық салып, қорқытып-үркітіп отыр». Жетісай ауданынан хабарласқан 1984 жылғы Нұрғали Умматов есімді азамат осылай деп көмек сұрайды…

Кездесуге жұбайы Жадыра Дүйсенованың демеп-сүйемелдеуімен әрең келген Нұрғали Сапарбекұлы Өзбекстан Республикасындағы Нұрата ауданына қарасты Нұрата совхозында кіндік қаны тамған екен. Тарихи отанға 2011 жылы көшіп келіп, тіркелген. Тұрақты жұмыс болмағандықтан 2015 жылдан бастап жетісайлық бір азаматтың қойын бағуға келіседі.

«Маған Әжімхан деген кісі келіп, 578 қой, 20 шақты сиыр мен 2 үйір жылқысын бағып беруімді сұрады. Жалақы ретінде ай сайын өзіме 120, әйеліме 110 мың теңге жалақы, оған қосымша жылына 40 қозы, үш жылда бір бұзау мен бір тай сыйақы беріп отыратын болды. Келістім. Малды сырғасыз санап алдым. Міндетімізді мінсіз атқардық, алайда, сол уақыттан бері жалақы берген емес. Тек азық-түлік әкеліп беріп жүрді. Қатты қажет болған кездері әйтеуір қолымызға 30-40 мың теңге ұстатады. Бір жылдан кейін уәделескен 40 қозының жайын сұрағанымда «есептеп жүре берсейші, кейін аласың» деп кейінге ысырды. Дәл осы әңгіме келесі жылы да қайталанды. Уәде еткен жыл сайынғы 40 қозысы, бұзау мен тайды бергісі келмей жүргенін кейін білдік қой.

Осыдан екі жылдай бұрын қой бағып жүріп мотоциклмен аударылып, аяғымды ауыртып алдым. Сонда да қисалаңдап жүріп малын қараусыз қалдырмадым. Өткен жылы күзде екінші рет құлағаннан кейін мал бағу былай тұрсын жүріп-тұруым да қиындап қалды. Содан амал жоқ Әжімхан ағадан малын қабылдап алып, еңбек ақымды есептесуді сұрадым. Малын түгел санап алды. Басында ештеңе айтпады, тек сырғасына қарап, мал басы кем деді. Мен сырғамен қабылдап алмағанымды айттым. Кейін баласы бейтаныс жігіттермен мені үйден алып шығып, бір жағы сес көрсетіп, бір жағы алдап, мәжбүрлі түрде «қой ауылдағы көршілерге қой саттым» деген қолхат жазғызды. Біреуі үйге қайта барып, менің жеке куәлігімді алып келді. Жазбаймын дегенімде қорқытты. Сосын «саған еш зияны тимейді, ана көршілерде менің өз есебім бар, солардан өндіріп аламын» деп алдады. Жасырмаймын, азық-түлік таусылып, ақша керек болғанда амалсыз 50 шақты қой сатқаным рас. Оны да ұрлап емес, өзіме бересі малдан шегеріп қалады деп есептедім. Енді келіп маған 306 қой қарызсың деп отыр. Менің есебім бойынша олар маған 7 жылда 19 миллион теңгеден аса жалақы беру керек. Оның үштен бірін де берген жоқ. Берсе дәлелдесін. Егер «саған жалақы бермей, құл ретінде жұмсадым» десе оны айтсын. Одан бөлек 280 қозыны өніп-өсуімін есептесек, 7 жылда 500-600 қойға айналар еді. 2 сиыр мен 2 жылқы да беруі керек. Соның барлығын есепке салғанда үлкен сома шығады. Сол ақшаны бергісі келмегендіктен осындай қитұрқылықтарды ойлап тауып отыр. Енді келіп, қарызды бермесең соттатамын деп қорқытады. Шардара аудандық полициясына 300 қойымды сатып жіберді деп арыз түсіріпті. Нотариус арқылы келіскендігін алға тартады, бірақ ондай құжат тіркемеген. Егер нотариус арқылы келіссек, сол жерде жалақы да көрсетілуі тиіс емес пе? Ондай құжатты біздің сыртымыздан дайындамаса, мен ешқандай нотариуске барып, келісім-шартқа қол қойған емеспін. Жуырда әйелім екеумізді шардаралық тергеуші Мұрат Тұрмаханов шақырып, түсінік алды. Әйелім полицияға 7 жылдық жалақы мен сыйақымызды бермегенін, мені емдетпегенін айтып, қарсы талап арыз жазды. Бірақ олардың арызын қабылдаған тергеуші сотқа шағымдануымыз керектігін сылтау етіп, біздің арызды қабылдамады. Соған қарағанда қазірден оларға басымдық беріліп солардың сөзін сөйлейді ма деген күдігіміз бар. Қой ауылдағы көршілерім «тергеуші шақырса бәрін айтуға дайынбыз» деп отыр. Түсінік хат та жазып берді. Полиция құмға барып, біздің мал баққанымыздың растығы мен малдардың сырғаларын тексереміз деді. Барсын, тексерін, көрсін. Сонда 7 жыл бізге жалақы бермей, жұмыс істетіп, ақырында өзімізді 300 қой қарыз еткісі келетін адамның әрекетін бізді құлдықта ұстады дегеннен басқа не айтуға болады?», – дейді шағым иесі Нұрғали Умматов.

Әрине, кісі ақысын жеу – қылмыс, әрі үлкен күнә. Дегенмен, шағымданушы азамат бізге қаншалықты шындықты айтып отырғанын білмейміз. Алайда, арызданушының арызын тыңдадық, енді ақиқатты анықтау үшін екінші тараптың да уәжін білгіміз келді. Осы мақсатта Шардара аудандық полиция бөлімінің тергеушісі М.Тұрмаханов пен Әжімхан мырзаға телефон шалдық. Бірақ екеуі де телефондарын көтермеді. Егер осы мақаланы оқып, өз шындықтары мен айтар уәждері болса, газет бетінен орын беруге әзірміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика