Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
МӘМС үшін төлеген ақша қайда кетіп жатыр? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

МӘМС үшін төлеген ақша қайда кетіп жатыр?

Әлеуметтік желілерде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандаруға аударған жарналар қайда? Қорға қанша ақша жиналды? Емханаға бармасақ ақшаларымыз күйіп кетеді ме?» деген секілді сұрақтар жиі қойылады. Осы ретте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбековадан сұрап білген болатынбыз.

– МӘМС үшін төлемдер медициналық сақтандыру қорына түседі ме?

– МӘМС жүйесі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қаржыландыру тапшылығын төмендету қажеттілігіне байланысты енгізілген. Егер 2019 жылы денсаулық сақтау саласына 1,03 трлн теңге бөлінген болса, 2023 жылға қазірдің өзінде 2,5 трлн теңге қарастырылған. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтердің санын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Яғни, азаматтардың көпшілігі барынша медициналық көмекке жүгіне алады деген сөз.

МӘМС жүйесі үшін жарналар мен аударымдар ҚР Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей Қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалмайды.

– Жарналар қайда кетеді?

– Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – Қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Яғни, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады. Олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Мысалы, 2022 жылы МӘМС шеңберінде көрсетілген медициналық көмекке шамамен 836 млрд теңге жұмсалды.

– Жалпы, МӘМС жүйесіне қанша қаражат түсті?

– 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде 590,8 млрд теңге көлемінде жарна мен аударым түсті. Оның ішінде, жұмыс берушілердің аударымдары – 37,7 пайыз, халықтың жеңілдікті санаттары үшін мемлекеттің жарналары – 33,2, қызметкерлерден түскен жарналар – 24 пайызды құрады. Басқа төлеушілер (жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, дербес төлеушілер) – 5,1 пайыз. Бұл қаражат МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем ретінде ай сайын жіберіледі.

– Егер пациент медициналық көмекке жүгінбесе жарналарды қайтарып алуына бола ма?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе. Қазақстандық модель пациентке денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемеу үшін әлеуметтік бағдарланған түрде құрылды. Мысалы, бір жыл ішінде мүмкін болатын ең жоғары жарнамен 1 адам тек 168 мың теңге (айына 14 000 теңгеден) жинайды. Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдаланады. Бірақ бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем алуы мүмкін. Ал, стандартты сынақтар жиынтығы, гормондарды, инфекциялардың болуын тексеру үшін қомақты қаржы жұмсауға тура келеді. Мұнан бөлек, кейде пациентке ультрадыбыстық, кардиограмма, КТ/МРТ және басқа аспаптық диагностика қажет болатыны бар. Сонымен қатар, күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін.

Егер ота жасалатын болса, олардың құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін, онда пациент жай ғана медициналық көмекті алуына мүмкіндігі болмай қалады. Жиналған қаражат емделуге кететін шығынды жабуға жетпейді. Сондықтан бұл тәсіл пациенттің өзіне тиімсіз.

Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шоттағы қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді.

– Пациенттің МӘМС жүйесі бойынша төлемдерге қатысты сұрақтары болса, қайда хабарласуға болады?

– Егер пациентте қосымша сұрақтар немесе медициналық көмекке қатысты мәселелер туындаған жағдайда, онда тіркелген клиникадағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгінеді. Егер жағдайды жергілікті жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналары бойынша өтініш жіберуіне болады:

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
  • kz ресми сайты
  • Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
  • 1414 байланыс орталығы.

Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені және төлемдер туралы ақпаратты egov.kz электрондық үкіметтің сайтында «Денсаулық сақтау» бөліміндегі «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу туралы және аударымдардың және жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» қызметі арқылы алуға болады.

Сұхбаттасқан Мерей ПЕРНЕБАЙ

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған