Конго-Қырым қанды қызбасы жайлы не білеміз!  

Зоонозды табиғи – ошақты жұқпалы ауру. Аурудың негізгі табиғаттағы резервуары мен оның көзі, вирусты ұрық арқылы немесе метаморфоз барысында беретін иксоидты кенелердің (көбіне Гиаломма тектес) 27-ге жуық сан алуан түрлері мен шағын түрлері болып табылады. Вирустың уақытша резервуары – жануарлар.
Аурудың жұғу механизмі – трансмиссивті, кененің  арқылы жүреді. Сонымен бірге науқастың қанын жалаң қолмен ұстағанда, науқасқа күтім жасағанда (аэрогенді), лабораториялық жағдайда және ауруханада науқасқа ем жүргізу кезінде медицина мамандарына жұғу қауіптілігі жоғары болады. Аурудың ошақтары көбіне жылы климатты және шөл, далалы ландшафттары болып табылады. Ауру тек көктемгі-жазғы айларда пайда болады, ол кезеңде тасымалдаушылардың белсенділігі жоғары.
Клиникалық белгілері: инкубациялық кезеңдері 2-14 күн, орташа 3-5 күн. Ауру кезеңді түрде өтеді. Алғашқы кезең 3-4 күнге созылады. Ауру жедел басталады. Дене қызуы тез арада жоғарғы деңгейге жетеді. Кейде қатты қалтырау болады. Қызба орташа 7-8 күнге жетеді. Қызбамен бірге миалгия, артралгия, басының қатты ауырсынуы, кейде ішінің, бел аймағының ауырсынуы болады. Қан қысымы төмендейді, тамыр соғысы дене температурасына жиі сәйкес келеді. Жалпы қан талдауында солға нейтрофилді ығысумен лейкопения, тромбоцитопения, эритроциттердің шөгу жылдамдығының артуы болады. Аурудың шарықтау кезеңінде – геморрагиялық белгілер пайда болады. Бұл кезең 2-6 күнге созылады. Дене қызуы қысқа уақытқа төмендеп, «екі өркешті» температура сызығы болады. 1-2 күннен кейін дене қызуы қайтадан көтеріліп, тромбогеморрагиялық белгілер дамиды. Бұл аурудың ауырлығын және болжамын анықтайды.
Науқастың денесінде геморрагиялық бөртпелер,  иньекция жасаған жерде гематомалар пайда болады. Сонымен бірге мұрыннан, құлақтан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан, ішектен қан кетеді. Бұл кезде науқастың жағдайы нашарлайды, интоксикация белгілері күшейеді. Обьективті қарағанда науқастың терісі бозғылт, акроцианоз байқалады. Қан қысымы төмендеп, тамыр соғысы жиілейді. Сандырақтаудың болуы мүмкін. Науқастардың 10-25%-де менингеалды симптомдар дамиды. Құрыспалар пайда болып науқас комаға ұшырауы мүмкін. Бауыры үлкейеді, олигурия.  Кей науқастарда асқыну, яғни пневмония, өкпе ісігі, тромбофлебит, жедел бүйрек жетіспеушілігі, шок дамиды.
Жазылу кезеңі: Әрине дер кезінде науқас дәрігерге қаралып, дұрыс ем қабылдаса, науқас жазылуға бет бұрады.  Ауырлық дәрежесі бойынша аурудың жеңіл, орташа ауыр және ауыр түрлері ажыратылады. Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының диагнозы клиникалық – эпидемиологиялық деректерге негізделіп, яғни кененің шағуы, тойған кене қанының адам денесіне түсуі, осы аурумен қарым-қатынаста болуы диагноз қоюға негіз бола алады. Сонымен бірге теріде пайда болған қан құйылулар, гематомалар, ағзалардан қан кету, лабораториялық зерттеу нәтижелері: қанның (лейкопения, тромбоцитопения, ЭШЖ өзгеруі), зәрдің (альбуминурия, микрогематурия, цилиндрурия) көрсеткіштері, серологиялық және вирусологиялық зерттеу әдістері бойынша қанда вирусты антигендерді, антиденелерді және вирустардың анықталу нәтижелері арқылы диагноз қойылады.

Г.Д.Султанова,

Қаратау ауданының СЭББ-ның бас маманы.