Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
04.09.2026

Күміс ер-тұрман – шеберлік шыңының көрінісі

Қазақ халқының тарихы жылқымен тығыз байланысты. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген ата-бабаларымыз үшін жылқы көлік қана емес, еркіндіктің, елдіктің, ерліктің және дәстүрдің символы болды. «Ер қанаты – ат» деген халқымыздың даналық сөзі аттың қазақ өміріндегі ерекше орнын айқын көрсетеді. Ал атқа міну мәдениетімен бірге қалыптасқан ер-тұрман бұйымдары халқымыздың материалдық және рухани мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.

Ер-тұрманның қалыптасу тарихын Қазақстан аумағында ежелден дамыған жылқы өсіру және атқа міну мәдениетімен байланыстыра қарастыруға болады. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті жылқыны ерте кезеңде қолға үйретумен ерекшеленеді. Бұл дәуірден бастау алған жылқы мәдениеті кейін Еуразия даласындағы көшпелі өркениеттің дамуына үлкен ықпал етті.

Сақ дәуіріне келгенде атқа міну мәдениеті одан әрі жетіліп, жылқы әскери өнердің маңызды бөлігіне айналды. Сақ жауынгерлері атты соғыс кезінде шебер пайдаланып, ат әбзелдерін өз қажетіне қарай жетілдірді. Археологиялық ескерткіштерден табылған ат әбзелдері сол кезеңдегі шеберлердің жоғары деңгейін көрсетеді. Ерте дәуірдегі ат әбзелдерінің кейбірінде аң стиліндегі көркем бейнелер кездеседі. Бұл – ата-бабаларымыздың дүниетанымы мен өнерінің ерекше белгісі.

Қазақ хандығы құрылған XV ғасырдан бастап қазақтың дәстүрлі жылқы мәдениеті жаңа тарихи кезеңде жалғасын тапты. Қазақ қоғамында жылқы шаруашылықта, көшіп-қонуда, ел қорғауда және күнделікті өмірде кеңінен пайдаланылды. Қазақ хандары, сұлтандары, батырлары мен билері үшін тұлпардың орны ерекше болды. Батырдың аты оның сенімді серігі саналды. Аттың ер-тұрманы да иесінің мәртебесін көрсететін маңызды бұйымдардың бірі болды. Қазақ шеберлері ерді ағаштан жасап, оны былғарымен қаптап, күміспен, жезбен және түрлі металдармен әшекейлеген. Ердің қасы мен қапталына ұлттық ою-өрнектер түсіріліп, үзеңгі, жүген, өмілдірік, құйысқан сияқты ат әбзелдері бір-бірімен үйлесімді жасалған. Қазақ халқы күмісті ерекше бағалаған. Күміс әшекейлер әйелдердің зергерлік бұйымдарында ғана емес, ер-азаматтардың қару-жарағында, ат әбзелдерінде және тұрмыстық заттарында да кеңінен қолданылған.

Күміспен әшекейленген ер-тұрман – қазақтың зергерлік және ұсталық өнерінің жоғары деңгейін көрсететін құнды мұра. Ердің қасына, жүгенге, үзеңгіге, өмілдірік пен құйысқанға салынған күміс әшекейлер бұйымға сән беріп қана қоймай, оның иесінің әлеуметтік дәрежесін де танытқан.  Ер-тұрман жасау өнері халық арасында ғасырлар бойы сақталып, әкеден балаға, ұстадан шәкіртке үйретіліп отырған. Ағаш шебері ердің ағаш бөлігін дайындаса, темір ұстасы үзеңгі мен басқа да металл бөлшектерін жасаған. Ал зергер бұйымдарды күміспен безендірген.

Бүгінде ер-тұрман жасау өнері ұлттық мәдениетіміздің маңызды бағыттарының бірі ретінде қайта жаңғырып келеді. Ат әбзелдерін жасау арқылы қазіргі шеберлер ата-бабадан қалған дәстүрді жалғастырып, ұлттық өнерімізді дәріптеуде.

«Ер тұрманым – күмістен» деген атаудың өзінде халқымыздың  тарихы  мен өнері тоғысып жатыр. Күміспен әшекейленген ер-тұрман – қазақтың жылқы мәдениетінің, зергерлік өнерінің, ұсталық шеберлігінің және ұлттық дүниетанымының көрінісі. Ер-тұрман тарихы – қазақ халқының тарихынан бөлек қарауға келмейтін құндылық. Ежелгі жылқы мәдениетінен бастау алған атқа міну дәстүрі сақ дәуірінде, түркі кезеңінде дамып, Қазақ хандығы тұсында ұлттық сипатқа ие болды. Ғасырлар бойы жетілдірілген ер-тұрман бүгінгі күнге халқымыздың мәдени мұрасы ретінде жетіп отыр. Ер-тұрман – ат әбзелі ғана емес, қазақ тарихының ізі, ұлттық өнердің айнасы, ұрпаққа жеткен асыл мұра.

Перуза Бабиева,

Шымкент қаласы

әдет-ғұрып және салт-дәстүр

орталығының маманы.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар