Келесте суға талас ушығып тұр

Еліміздің көп бөлігінде су тасқыны тұрғындарды әбіржітіп жатса, Түркістан облысының Келес ауданында тіршілік нәрі үшін талас туындауда. Су көп болса да азап, жоқ болса да азап деген осындайда айтылса керек-ау. Су тапшылығынан өткен жылы келестік Мейрамбек Тәжібаевтың бірнеше гектар жеріне еккен егіні қурап кетіпті. Мұндай шығынға тап болған шаруа жалғыз Тәжібаев емес.

Редакциямызға хабарласқан шаруалар не дейді, олардың талабы қандай? Осы сауалға жауап табу үшін Келес ауданын бетке алғанбыз. Жүзімдік ауылдық округіне қарасты егін басына барып, ондаған шаруаның мұңын тыңдадық. «Мен осы жердің тумасымын, – дейді «Мейрамбек» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамбек Тәжібаев. – Мына құлақтан 61 гектар суармалы, 37 гектар тәлімдік жер су ішуі керек. Су тапшылығынан бізге су бөлінбейді. 15 қаңтардан бастап тиісті мекемелердің есігін тоздырып жүрміз. Осында бір-екі рет әкімдіктен адамдар келгенімен, мәселе шешілмеді. Аудан әкіміне кіре алмадық. Әкімнің орынбасары Сүлеймен Жылқыбевтың қабылдауында бірнеше рет болдым. Ол кісі 15 наурызда келетін болып еді, әлі хабар жоқ. Ауыл әкімі Бесабдал мен Ащысай каналының 20 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілетінін айтып отыр. Бізге оның қаншалықты қатысы бар? Неге шатастырады? Ауданның әкімі жауапсыз ба, мемлекеттік мекеменің басшысы жауапсыз ба білмейміз, тәртіп жоқ. Халықты төбелестіріп, қырылыстырып бітті. Бүйте берсе мына ағайындар бір бірімен көріспейтін жағдайға жетеді. Су мұрабы деп бір зейнет жасындағы адамды сайлап қойған, ол өзінің қарамағындағы 5-6 адамымен суды қалаған жағына бұрып жүр. Міне, сәуір айының бел ортасынан ауса да егінімізді әлі суғара алмадық.

1975 жылы салынған лотоктан Жүзімдікке қарай бір текше метр су бұрылуы керек. Соны ала алмай отырмыз. Бізге дейін екі құлақ бар. Оның әрқайсысы диаметрі 40 см құбырмен 20 гектар жерді суғарады. Біздегі 90 гектар егістік үшін де осы көлемдегі құбыр қойылған. Ол аздай су ішу кезегі бізге келгенде жоғарыдағы құлақтардан әлгі жерлерге су кетіп жатады. Бізден кейін тағы бір құлақ арқылы шамамен 37 гектар жер суғарылады. Оған да осы көлемдегі құбыр қойылған. Ол жаққа су жақсы ағатындықтан артылып, бос жерде көл болып жиналып жатады. Суды жер көлеміне қарай бөлуді реттестіріп, соған сай құбырлар қойып, шаруаны шырылдатпау жағын қолға алмаса қазір су әділ бөлініп жатқан жоқ. Төменгі жақта су артылып, біздің егістік су тапшылығынан қурап жатыр».

Бұл жағдайға ауылдың төбе биі Смадияр Дүйсенов те алаңдаулы екен. «Ауылға лотокпен 4-5 шақырым қашықтықтан су келеді. Бізге жеткенше жол бойындағы жер иелері лотоктың 12 жерін тесіп, ұрлықы жолмен суды бұрып алып отыр. Бізге сол тесіктерді бітеп берсін. Бар-жоғы үш құлақ, соған шлюз қоя ма, басқа амалын қарастыра ма бізге суды әділ түрде дұрыс бөліп берсін. Әділдік жоқ жерде татулық та, береке де болмайды», – дейді төбе би.

«Бізге бір лотокпен су келу керек, – деп сөзге араласты «Қылышбек Есжанов» шаруа қожалығының мүшесі Әлжан Есжанов. – Көрші Қошқар ата ауылына екінші лоток қойылған. Бірақ оған шөп өсіп, бітеліп қалған. Қошқараталықтар сол лотокты тазалаудың орнына бізге келетін лотокты 12 жерінен тесіп, су ұрлап отыр. Соның салдарынан 2012 жылдан бері Келес өзенінен насоспен су алуға мәжбүрмін. Ол барып тұрған шығын».

Келес ауданында осындай келеңсіздік орын алып, шаруалар шырылдап жүргенде олардың жанайқайына құлақ түретін жан табылар емес. Аудандық әкімдіктен қол ұшын созып, көмектесетін адам болмай тұр дейді шаруалар. Егіс бітік шығып, мол өнім алынса облыстан көрсетілер қошемет пен берілер марапатқа марқаятын аудан басшылары шаруалар шыжығына келгенде кежегесі неге кейін тартатыны түсініксіз. Тіпті, шаруаларды қабылдап, жанайқайын тыңдап, жөн сілтеп, қол ұшын созуға да құлықсыз екеніне жұрт наразы.

Біз шаруа жайын көзбен көруге барған кезімізде шаруаларға су жеткізіп беруші Келес аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев телеарналарға Жүзімдіктегі жетістіктерді көрсетіп жүрсе керек, ақиқатын айтқысы келгендерге уақыт бөле алмады. Ал аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев шегірткемен «күресіп» жүр екен. Жүзімдік ауылдық округінің әкімі Сәбит Ботбаев денсаулығына байланысты жұмыста болмай, жағдайды түсіндіруге шыққан мамандардың көлігі бұзылып, орта жолда қалыпты. Түскен кейін шаруалар жиналып аудан әкіміне барғанда Жәнібек Ағыбаев та орнында болмады. Ал аудандық су шаруашылығы мекемесінің атынан келген екі маман мардымды сөз айту былай тұрсын, шаруалардың сұрағына да жауап бере алмады.

Міне, осылай аққу көкке, шортан көлге тартқан тірлікке ұқсаған ахуалдың салдарынан келестік шаруалардың шаруасы шешімін таппай тұр. Әкімдіктің дәл осындай әрекетінен биыл да бірталай егістік құрап, шаруалар тағы шығынға батса таңқалмаймыз. Бірақ, шыдамның да шегі бар. Шаруалар ауданнан көмек болмаса облыс басшыларынан жәрдем сұрауға мәжбүр екенін жасырмайды.

Ұлықбек ҮМБЕТ.