Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
28.08.2026

Өңірлік өнім 42,4 миллиард теңгеге жетті

Мақтаарал ауданында 2026 жылдың алғашқы алты айында жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстарының орындалуы 6 миллиард теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнім 42,4 миллиард теңгеге жеткен. Осының 22 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі болып отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі Бақыт Асановтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған және жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жұмыстар туралы жасаған баяндамасында айтылды.

«Ауданның ауыл шаруашылығы саласында алты айда 9,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өсім 17 пайыздық деңгейді құрайды, өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 1,4 миллиард теңгеге артық. Мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі басым – 8 миллиард теңге. 1,3 миллиарды – егін шаруашылығ өнімдерінің үлесі. Жыл басынан бері ауданда 2441,9 тонна ет, 10 953,6 тонна сүт өндірілген.

Аудандағы ауыл шаруашылығына тиесілі 60,3 мың гектар жердің 35,5 мың гектарына мақта егілген. Мал азығы дақылдары 4,1 мың гектар жерден алынады. 16,1 мың гектарға бақша дақылдары, 3,2 гектарға дәнді дақылдар отырғызылған. 1,4 гектар жер көкөніске тиесілі. Жалпы, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 102,7 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда», — деді аудан әкімі.

Елімізде ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны мәлім. Бұған байланысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар, мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға Мақтаарал ауданы да өзіндік үлесін қосуда. Аудан әкімі аталған бағдарлама аясында 255,6 миллион теңгеге 21 жобаның қаржыландырылғанын атап өтті. Оның ішінде 18-і – жеке жобалар. Жеке жобаларға 162 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі – «Ынталы-балық», Достық ауылдық округіндегі – «Достық А», Иіржар ауылдық округіндегі «Ынтымақ-Иіржар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері қаржыландырылған.

Бақыт Насырханұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейту мақсатында жергілікті өндірістік орындарда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жөнінде де айтты. Олардың қатарында «Мырза» серіктестігінің ет өнімдерін терең өңдеу цехы, «Хамро ата» серіктестігінің мақта майын өңдеу зауыты, «Тамила» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы да бар.

Ал аудан аумағындағы территориясы 24 гектарды алып жатқан индустриалды аймаққа жалпы көлемі 6,96 миллиард теңге инвестиция тартылған. Онда 5 жоба іске қосылған. Бұл жобалар қатарында екі мақта өңдеу зауыты бар. Олар – «ZHANASSYL» ЖШС және «Береке ММА» мақта өңдеу зауыты. «ZHANASSYL» ЖШС-нің жоба құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдей алатын кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылған. Ал «Береке ММА» мақта өңдеу зауытының құны 450 миллион теңгені құрайды. Ол 36 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мақта шаруашылығын дамыту бағытындағы өндіріс орындары биылғы жыл соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс жобалар қатарында да бар. Жоба құны 800 миллион теңгені құрайтын «IBO COTTON» ЖШС-і мақта талшығын өндіру бағытында жұмыс істейтін болады. Онда 12 жұмыс орны ашылады. Қосымша тағы да 15 жұмыс орнын мақта майын өндірумен айналысатын «Мақтаарал Агроөнеркәсіп кешені» серіктестігін ашпақ. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңгені құрайды.

Аудан басшысы сондай-ақ аталған  индустриалды аймақ жанынан 2 гектар жерге 5 өндірістік парк ғимараты салынғанын да айтып өтті. Олардың жалпы алаңы 2250 шаршы метрді құрайды. «Бұл ғимараттар алдағы уақытта кәсіпкерлердің өндірістік жобаларын іске асыруына қолайлы жағдай жасау мақсатында салынды. Ғимараттарда қайта өңдеу және өзге де өндірістік бағыттағы кәсіпорындарды орналастыруға мүмкіндік қарастырылған. Кәсіпкерлер өндірістік қызметін жүзеге асыру үшін ғимараттарды жалға ала алады немесе толықтай сатып алу мүмкіндігіне ие болады», — деді бұған байланысты аудан басшысы.

Б.Асанов Жамбыл ауылдық округінде де 100 гектар жердің  арнайы экономикалық аймаққа бөлінген айтты. Онда құны 104,2 миллиард теңгені құрайтын 5 өндірістік жоба жүзеге асырылмақ. Олар 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылады. Нәтижесінде 845 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тимек.

Аталған жобалар қатарында мақта шаруашылығын өркендетуге үлес қосатын «Мақтаарал Xinq Fenq» мақтаны және мақта майын өңдеу зауыты бар. Ал «Kaz Aqua Jet» ЖШС салатын зауыт жәндіктер протеиніне негізделген жем өндіретін болады. Оның жобалық құны 2,6 миллиард теңгені құрайды.

Аудан әкімінің баяндамасында әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа бағыттары бойынша да егжей-тегжейлі айтылды.

Жалпы, аудан аумағында су ресурстарын дамыту бойынша да ауқымды шаруалардың атқарылып жатқаны мәлім. Осы орайда таяуда аудан аумағынан өтетін магистральді каналдар мен суғару каналдарының жай-күйіне мониторинг жүргізілгенін атап өтуге болады. Су шығындарын болдырмау, ақауларды анықтау мақсатында жүргізілген жұмыста анықталған жайларды реттеу мақсатында да тиісті шаралар атқарылып жатыр.

Ал ауыз сумен Мақтаарал ауданында бүгінде барлық 68 елді мекеннің 58-і тәулік бойы тұрақты қамтылған. Су жүйелерінің тозығы жеткен, қайта құруды қажет ететін  қалған  елді мекендерге ауыз су түзілген тиісті кесте аясында беріліп келеді. Бірқатарына ағымдағы жөндеу, біріне құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, енді біріне қаржы қаралуы көзделіп отыр.

Жалпы, Мақтаарал ауданында агроөнеркәсіпті өркендету мақсатындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілу үстінде. Бұл бағыттағы шаруалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Х. АСАН.

 

 

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар