Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан

Cырға тағу – сырға толы дәстүр

Сырға – қыз-келіншектердің құлаққа тағатын ең көне әрі маңызды әшекей бұйымдарының бірі. Халқымызда бұл бұйым жай ғана сәндік құрал емес, адамның жас ерекшелігін, әлеуметтік мәртебесін және дүниетанымын көрсететін ерекше мәдени код ретінде бағаланған. Халқымызда «құлақ тесу – қыздың сүндеті» деген мақал тектес қанатты сөз бар. Бұл – ұл баланың сүндетке отырғызылуы қандай маңызға ие болса, қыз баланы ересек өмірге дайындау да соншалықты жауапкершілікті міндет екенін білдіреді.

Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова халқымыз қыздың құлағын дәстүр бойынша жеті жасында тескенін айтады. Өйткені жеті жасқа дейін бала асыр салып ойнап, балалық дәуренін толық сезінуі тиіс.

Неміс этнографы Рихард Карутцтың ХХ ғасырдың бас кезіндегі жазбаларында баланы ұзақ күткен немесе кеш босанған әйелдер нәрестесінің жасы ұзақ болсын деген ниетпен құлағын уақытынан бұрын (сәби күнінде) тесіп қоятын болғаны айтылады. Дегенмен, ертеректе қыз баланы қырқынан шығарған соң құлағын тесетін жағдайлар да кездескен.

Ертеде қыздың сырғалығын дәнмен (тарымен) уқалап жансыздандырып, отқа қыздырылған инемен тесіп, артынша қызыл иттің жүнін есіп  немесе  жібек жіп өткізіп қоятын болған. Үлкен кісілер  иттің жүнін өткізсе «құлақ ісімейді, қотырланбайды, жара түспейді» деп білген. Жіп орныққан соң оны күміс сырғамен алмастырған. Мұның түпкі төркіні  жас нәрестені тіл-көзден сақтау тілегінен туындаған.

Қалыңдық жасына жеткен бойжеткендердің сырғаларында тұқымның, гүл жапырақшаларының немесе дәндердің бейнесі болуына аса мән берілген. Бұл қыз баладан таралатын ұрпақтың көп болуын ырымдаған ниетті білдіреді.

Ертеде қай үйдің бойжеткен қызы болса, үйдің керегесіне, кілемге, тұсбақанға сырға іліп қоятын болған. Бұл үйге келген қонақтарға

үйде бойжеткен қыз бар екенін және ата-анасының әлі ешкіммен құда болмағанын (жастардың басы бос екенін) сыпайы түрде ұқтырған.

Жүкті әйел немесе оның туыстары түсінде сырға көрсе, дүниеге қыз келеді деп жорыған.

Бұл тұрақты тіркес сырғаның адамды өсек-аяңнан, әдепсіз сөзден сақтандыратын қасиеті бар деген көне сенімнен бастау алады. Бастапқыда «қажет емес мәліметті құлаққа ілме» дегенді білдірсе, қазіргі таңда «жақсылап назарға ал, ұмытпа» деген кері мағынада қолданылып жүр.

Археологиялық деректерге сүйенсек, алғашқы сырғалар Шығыс Еуропада шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған. Неолит заманында сырға сүйектен, мүйізден жасалса, қола дәуірінде металға көшті. Қызығы, алғашында сырғаны тек әйелдер емес, ер адамдар да (әсіресе жауынгерлер мен батырлар) бір құлағына таққан, Кей жағдайларда ер бала шетіней берген кезде келесі туған ұлдың өмірі ұзақ болсын деген ырыммен құлағын тесіп, сырға таққан.

 

 

 

Орыс зерттеушісі И.Андреев пен генерал-майор Броневскийдің XIX ғасырдағы еңбектерінде қазақ қыз-келіншектерінің мұрындарына да кішкентай күміс сырға немесе сырға-сақина таққаны жазылған. Бұл көбінесе әкесінің еркелеткен сүйікті қызы екенін немесе ерекше мәртебесін аңғартатын. Құлақтан басқа, бас киімге және самайға тағылатын шекелік (самайсырға) деп аталатын түрлері де кең тараған

Қазақ зергерлері сырғаны жасау тәсіліне, пішініне және қолданылған материалына қарай жіктеген. Әшекейлер негізінен күмістен, алтыннан, қоладан және мыстан жасалып, оларға інжу, кәріптас, маржан, аметист, рубин (лағыл) және гауһар сияқты асыл тастар орнатылған.

Зергерлік бұйымдардағы асыл тастар мен металдар иесін тіл-көзден, жаман күштерден  және аурулардан қорғайтын тұмар қызметін атқарған.

  • Материалы мен түріне қарай: алтын сырға, күміс сырға, қара-ала сырға, лажылы сырға, ақық сырға, лағыл сырға, гауһар сырға.
  • Пішіні мен құрылысына қарай: шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, иықты сырға, иінді сырға.
  • Әшекейлі салпыншақтарына қарай: тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға және тағы басқа.

Қазіргі таңда ұлттық зергерлік өнер жаңаша сипат алып, көне дәстүрлер жаңғырып келе жатқанымен, оның түпкі тарихы мен мәнін білу – әрбір ұрпақтың парызы.

 

Таңсұлу ЕГЕНБЕРДИЕВА,

Шымкент қаласы

әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының әдіскері.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар