19-қараша, яғни бүгін халықаралық деңгейде атап өтілетін Ерлер күні екен. Ол осыдан тура 27 жыл бұрын, 1999 жылы Кариб теңізі аумағындағы шағын ғана Тринидад және Тобаго мемлекетінде мерекеленіпті. Мереке ресми емес, дегенмен бүгінде бірнеше ондаған мемлекеттерде жұрт атап өтеді. Тринидад және Тобагоның бастамасын БҰҰ мен оның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (UNESCO — ЮНЕСКО) қолдап, содан ол басқа мемлекеттерге тарала бастаған.
Тринидад және Тобаго – Венесуэлаға таяу маңдағы аралдарда орналасқан мемлекет. Жер көлемі біздің кейбір аудандардың аумағынан да шағын – 5128 шақырым ғана, онда 1,5 миллиондай адам тұрады. Бес ғасыр бойы алдымен Испанияның, сосын Ұлыбританияның отары болған. 1962 жылдан бері тәуелсіз мемлекет. Жергілікті халқы – үндістер түгелдей жойылып кеткен. Қазіргі тұрғындар негізінен қара нәсілділер мен аралас нәсіл ұрпақтарынан тұрады. Онда түбі үндістандықтар да баршылық. Халқының 1 пайызы – еуропалықтар, 1 пайызы – қытайлықтар. Әйел жыныстылар еркектерден 1,5 пайыздай көп. Халқының тұрмысы жақсы. Экономикасының негізін мұнай өндірісі құрайды. Бұл елдің табиғаты сұлу, сондықтан туристер көп барады, қазынаға туристерден де табыс молынан түседі.
Ерлер мерекесі олардың отбасындағы ғана емес, жұмыстағы және қоғамдағы ролін атап көрсетуді мақсат етеді. Сондай-ақ, жұрттың назарын гендерлік теңсіздікке, зорлық-зомбылыққа және ерлердің әлеуметтік оқшаулануына аударуды мақсат тұтады. Бұл күні көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырылады, лекциялар оқылады, семинарлар өткізіледі. Ендеше біз де бұл күннің құрметіне еркектер жайлы аз-кем деректер айтып көрелік.
Әлемдегі еркектердің саны әйелдерден 1 пайыз көп екен. Дегенмен олар әйелдерге қарағанда біршама қысқа өмір сүреді. Себебі өмірінде қатерге көбірек ұрынады, оның үстіне өмір салтын дұрыс ұстанбайтындары баршылық. Еркектер өз денсаулығына аса мұқият емес, өзін мықтымын деп санайды, дәрігерге жаны қиналып бара жатса ғана көрінеді. Оларда тестостерон бұлшық ет көлемінің, қарсы жыныс өкіліне құштарлықтың және тәуекелшілдіктің артуына әсер етеді. Бұл гормон сондай-ақ ағзада жұқпаға қарсы денелердің түзілуіне де кедергі келтіреді. Еркектер сол себепті де жұқпалар алдында әлсіздеу болады. Еркекте зат алмасуы әйел ағзасына қарағанда тезірек жүреді, дегенмен жас ұлғаюына қарай баяулайды да, жасы ортадан асқан семіз еркектің арықтай алмайтыны содан болады.
Ағзасында тестостерон гормоны басым болуы себепті еркек терісі әйел терісінен 25 пайызға қалың. Бұл оған өзімен қатар әйелден гөрі жасырақ көрінуге мүмкіндік береді. Дегенмен еркек терісі өз тығыздығын сақтау жөнінен әйел терісінен мықты емес, жас ұлғаюына қарай біртіндеп жұқарады да, қартая келе екеуі теңеседі.
Еркек миы әйелдікінен 8-13 пайыз үлкен, 150 грамм ауыр. Ол кеңінен ойланады, белгілі бір мақсатқа жылдам жұмыла алады, яғни тез зерделеп, шешімді тез қабылдайды. Дегенмен әйелдер сияқты бір мезгілде әңгіме айтып, бірнеше істі қатар атқара алмайды. Сондай-ақ, еркек алыстағы нысананы назарда ұстай алады, ал әйелде керісінше, ол бір мезгілде айналасын толық дерлік аңғарып отырады. Әйелдер түрлі түстердің реңктерін де ажырата алатын болса, еркектер бұл жағынан әлсіздеу. Бірақ тазданудан ол алда тұр, ағзасындағы дигидротестостерон деген гормон шаш тамырын әлсіретеді де, ақырындап қасқабас, маңдайтаз, төбелтазға айнала бастайды.
Еркек қаны әйелдікінен 1 литрдей көп және қоюлау, сондықтан тамырында қақ тұру қаупі жоғарырақ. Еркекте май қарын аумағына жиналады, бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының туындау қаупін арттырады. Ал әйелде май бөксе аумағына жиылады.
Әйелдер еркектерден көп сөйлейді. Олар еркектер аңғармайтын, мән бермейтін көп нәрсені дер кезінде аңғарып, есте ұзақ сақтай алады. Еркек суыққа төзімдірек келеді. Өйткені денесінің қалыпты қызуы әйелдікінен 0,2 градус төмен. Есесіне онда тер бездері әйелдікінен 1,5 есе артық.
Еркек стрестен шығу үшін көбіне қандай да бір іспен айналысып кетеді, ал әйелге мұндайда көп жағдайда өзгенің тыңдағаны, жанашырлығы керек. Олар стресті сөйлеп, айқайлап, жылап жеңеді. Еркек ұстамдырақ болады.
Жалпы алғанда, бұл айтылғандарды әрбір еркек пен әрбір әйелге даусыз тән сипаттар деп кесіп айтуға да болмайды. «Адамның мінезі мен қабілеттеріне оның тегінің, туып-өскен ортасының, алған тәрбиесінің, әдеп-әдет, мәдениеттің, әр нәрседен сабақ алған жеке тәжірибесінің де тигізетін өзіндік әсерлері болады», — дейді бұл жөнінде ғалымдар.
Жұрттың назарын еркектерге аударып, Ерлер күнін атап өту жөнінде бастама көтерген Тринидад және Тобаго еліне алғыс айту керек-ау.



