Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
18.11.2026

Астанада жүрегі оң жақта орналасқан әйелге күрделі ота жасалды

Хирургтар жүрегі оң жақта орналасқан әйелге ота жасады. Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасының баспасөз қызметінің суреті

Астанада жүрегі көп адамдікіндей сол жақта емес, оң жақта орналасқан әйелге күрделі ота жасалды, деп хабарлайды Tengri Health Астана қаласының № 2 көпбейінді қалалық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ота қалай өтті?

Науқастың жүрегіндегі күрделі ақау жүктілік кезінде басталған.

Қыркүйекте, жүктіліктің 30-аптасында медициналық көрсеткіштерге байланысты әйелге кесар тілігі жасалған. Босанғаннан кейін шамамен 40 күн өткен соң оның жүрегіне ота қажет болған.

«Науқастың жүрек қақпақшаларының бірі қатты тарылып, қалыпты қан айналымын қиындатқаны анықталды. Дәрігерлер зақымдалған қақпашаны биологиялық протезбен алмастыру туралы шешім қабылдады», — деді аурухана өкілдері.

Анықтама: Биологиялық протез — жануар тіндерінен, көбіне шошқа немесе сиыр тінінен жасалған жасанды қақпақша. Ол жүректің өз қақпақшасының қызметін атқарып, қанның қалыпты айналымын қамтамасыз етеді.

Үш сағатқа созылған отаны №2 көпбейінді қалалық аурухананың мамандары жүрек-қантамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Смоленскийдің жетекшілігімен жасады.

Ағзалар керісінше орналасуы — сирек кездесетін жағдай

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жүрегі мен басқа да ағзалары кері орналасуы жұмысты айтарлықтай күрделендірген. Кардиохирургтің тәжірибесінде мұндай жағдай алғаш рет кездесіп отыр.

«Әрине, алдын ала дайындалдық. Оның жүрегі көп адамдікіндей сол жақта емес, оң жақта орналасқанын ескеріп, жүректің КТ суреттерін зерттедік. Сондай-ақ, негізгі қан тамырларының орналасуы мен ағзаның анатомиялық құрылымын тексердік», – деді Алексей Смоленский.

 

Алексей Смоленский

Жүрек-қантамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі

Дәрігердің айтуынша, митральды қақпашаны алмастыру отасы сәтті өткен. Отадан кейінгі тексеріс әйелдің жүрегі жақсы жиырылып, орнатылған протез талапқа сай жұмыс істеп тұрғанын көрсеткен.

Емдеу мен оңалту кезеңінен кейін ол ауруханадан шығарылады. Енді ол үйіне, баласы мен отбасына орала алады

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар