Біздің елде жемқорлар мемлекет қаржысын жымқыруды әбден меңгеріп алған, оның алуан түрлі әдіс—айла, тәсілдерін біледі. Тәбеттері тойымсыз, құлқындары кең, көздері тоймайды. Еліміз Тәуелсіздігін алғалы бері қаншама мың жемқор құлқынын тыя алмай сотталды. Бірақ, бұл өзгелерге сабақ болар емес. Ұсталмай, «жемін» үнсіз ғана қылғытып жүргендері қаншама.
Еліміз өз Тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері талай министр мен орынбасарлары, Комитет, Ұлттық компания, қор басшылары, департамент, басқарма, бөлім басшылары мен орынбасарлары, құқық қорғау, кеден саласының қызметкерлері сотталды. Облыстық, аудандық деңгейдегілері де мыңдап саналады. Бір ғана «Қорғас ісінде» 50-ге жуық адамның қамалғаны есімізде. Қорғаныс саласында ұшақ сатып жібергендер де болған. Күні кешегі Астанадағы «аспаннан жауған доллар» жұрттың жағасын ұстатты.
Ілгеріде әбден дандайсып кеткен ұры, зинақор адамдарды бетіне күйе жағып, мойнына құрым киіз іліп, жамбасына таңба басып, есекке теріс мінгізіп, елден аластаған екен. Мүмкін жемқорларды да сөйту керек шығар. Сонда олар масқара болмауды, үрім-бұтағының бетіне салық болмауды ойлар ма еді? Ал қазіргідей жағдайда қоғам жемқорға епті, батыр, абырой-беделі жоғары жан сияқты қарайтын болды. Қылығын біле тұра жалбақтап төрге шығарады, сөзін тыңдайды. Осыдан да шығар олардың ар мен ұятты, обалды, адамгершілік, жауапкершілікті білмейтіні, Құдайдан қорықпайтыны. Ендеше оларға адамгершілікпен қараудың қажеті қанша? Қоғам ондайларды қашанғы «түсініп», кешіре береді? Меніңше, «жемқор» деген атауды «ҰРЫ» деген сөзбен алмастыру керек, осылай, үлкен әріппен жазу керек. Бұл атты мемлекет мүлкін талан-таражға салғандардың бәріне ресми түрде таңған дұрыс. Ондайларды жұмысқа алмайтын, өзге жұрт ондайлармен араласпайтын, амандаспайтын да болсын.
Біреулер бұл сөзіме күле қарар, «ортағасырлық ой айтып отыр» дер, бірақ енді қайтеміз, жемқорлықтан басқаша қалай құтыламыз? Отыз жылда ел игілігіне жаратылуы тиіс болған қыруар қаржыны ұрылар жымқыруын қоймаса, қарап отыра береміз бе? Ондайларға ұры деп қарайық, үрім-бұтағы да ұрының ұрпағы екенін біліп жүрсін. Бүтіндей мемлекеттің, арнайы қызметтің шамасы жетпей жатқандарға біз бұдан басқа не істей аламыз?
А. КЕРІМБАЙ.



