Мақтаарал – аграрлы аудан, онда негізінен мақта мен бақша дақылдары өсіріледі. Сондай-ақ аудан тұрғындарының негізгі күнкөріс көзінің бірі – мал шаруашылығы.
Ал мал шаруашылығының өзіндік ерекшеліктері, қиындықтары жеткілікті. Малды азықпен қамтамасыз ету өз алдына, шаруашылықты техникалық, инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамту, қаржыландыру, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағынан қарау сияқты толып жатқан шаруалар бар.
Елімізде мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан да жануарларды түрлі аурулардан қорғау – маңызды бағыттың бірі. Өйткені мал саулығы тұрғындардың денсаулығына да тікелей әсер ете алады. Адам мал өнімдерін – оның сүтін, етін тұтынбай тұрмайтындықтан мал ауру болған жағдайда одан бруцеллез және басқа да жұқпалы аурулар адамға жұғуы мүмкін. Сондықтан малдың да саулығына жіті қарау маңызды. Сол себепті де облыстық ветеринария басқармасының бастамасымен бүгінде Мақтаарал ауданында қатарынан бірнеше ветеринариялық пункт салынуда.
Таяуда Мақтаарал ауданы әкімдігінде арнайы аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық етіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе ауданның санитариялық-эпидемиологиялық ахуалына арналды. Бұған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М.Әшірепиев баяндама жасады. Баяндамадан мынадай жайлар белгілі болды:
Жыл басынан бері ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 3 жағдай тіркелген. Зертханалық тексеру нәтижесінде оның 1-еуі анықталған. Науқасқа қатысты барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізіліп, онымен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынған.
Жыл басынан бері Мақтаарал ауданында 40 тұрғын кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 жағдайға аз. Дегенмен аудан аумағындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты түрде бақылауда болуы тиіс.
М.Әшірепиев аудандағы 68 елді мекенінің жартысына жуығы, яғни 30-ы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз аумақ саналатынын айтты. Жүргізілген мониторинг барысында 68 елді мекеннен 1850 кене жиналып, зертханалық зерттеулерде қауіпті вирус анықталмаған.
«Аудандық ветеринариялық қызмет» мекемесі тарапынан көктемгі кезеңде 45 мыңнан астам ірі қара, 57 мыңнан астам ұсақ мал кенеге қарсы өңделіп, 886 мың шаршы метрден астам қора-жай және 870 мың шаршы метрден астам мал суаттары мен иірімдері залалсыздандырылған. Бұл жөнінде мекеме басшысының орынбасары Н.Қуандықов баяндады. Сонымен бірге, ауданда бір ғана мал тоғыту орнының жұмыс істеуі кенеге қарсы күрес жұмыстарын толық жүргізуге мүмкіндік бермейтіні айтылып, әрбір ауылдық округте кемінде бір мал тоғыту орнын ұйымдастыру қажеттігі көтерілді.
Жиында бұдан бөлек, ауданның қоғамдық-саяси тұрақтылығы, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Аппараттық мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Б.Асанов жауапты мемлекеттік органдар мен бөлім басшыларына санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кенеге қарсы профилактикалық шараларды күшейту, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
О. ТҰРАР.



