Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы ел ішіндегі көптеген азаматтарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама Созақ ауданының Жартытөбе ауылында «JARTYTOBE BROYLER» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің пайда болуына да жол ашты. Бүгінде аталған кооператив өз жұмысын бастады.
Жартытөбе ауылына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков кооператив жұмысымен танысып, нысанның өндірістік мүмкіндіктерін мұқият аралап көрді. «Кәсіпкерлік дамыған жерде жұмыс орындары көбейіп, жергілікті өндіріс қалыптасады. Әсіресе ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашып, мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдау тетіктерін тиімді пайдалануы маңызды. Құс шаруашылығы – сұранысы тұрақты бағыттардың бірі. Басталған істің ауқымын кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік мол», – деді аудан басшысы.
«JARTYTOBE BROYLER» АШӨК-і бройлер тауығын, күркетауық және басқа да ауыл шаруашылығы құстарын өсіріп, одан алынатын өнімдерді өндіру және өткізу бағытында жұмыс жүргізуді көздейді. Құс өнімдерін қайта өңдеу жобасы бойынша 30 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бұл қаражат өндірістік базаны қалыптастырып, құс шаруашылығын жолға қоюға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде бройлер өсіру жұмыстары жүргізіліп, ет пен жұмыртқаны өткізу ісі жолға қойылған. Ендігі жерде өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейту, құс шаруашылығын кеңейту және жергілікті нарықтағы сұранысты өтеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру жоспарланған.



