Бүгінде Түлкібас ауданында өндірістік парк құру жұмыстары жүргізілуде. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бекайдар Құрманалиев айтқан мәліметтерге жүгінсек, аудандағы индустриялық аймақта «Түлкібас құс фабрикасы» серіктестігінің инкубатор және «Түлкібас жем» серіктестігінің құрама жем өндіру, астық сақтау жобаларын іске асыру жоспарланған.
Балықты ауылдық округінде 10 мал бордақылау бекетінің құрылысы аяқталса, Т.Рысқұлов ауылы маңындағы өндірістік алаңда 6 жоба іске асырылуда. Тастұмсық ауылында жүк көліктеріне қызмет көрсетуге арналған 4 нысанның құрылысы аяқталған. Ауданның кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан осынау жұмыстар барысы аудан әкімі Асқар Естібаев төрағалық еткен кезекті аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыға түсті.
Мәжілісте, сондай-ақ, аудан бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту, салық түсімдерінің орындалуы, өндірістік алаңдар мен индустриялық аймақтардың жұмысы мен ветеринариялық іс-шаралардың барысы қаралды. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Болатбековтің баяндауынша, биылғы жылдың 8 айындағы салық түсімдері жоспардағыдан артығымен орындалғанымен, жергілікті бюджет бойынша белгіленген межеге жетпеген. Сондай-ақ, жеке табыс салығы бойынша да төмен көрсеткіш қалыптасқан.
«Ветеринарлық қызмет» МКК Түлкібас аудандық филиалының басшысы Жасұлан Ештайдың айтуынша, жыл басынан бері бруцеллезді анықтау мақсатында 24 290 ірі қарадан және 48 809 ұсақ малдан қан сынамасы алынған. Нәтижесінде 1 ірі қара мен 2 ұсақ малдан оң нәтиже анықталған. Энзоотиялық аурулардың алдын алу бойынша жұмыстар толық орындалып, 86 646 бас ірі қара, түйе және жылқы бүркілген, 116 500 бас қой мен ешкі тоғытылған. Қора-жайлар мен тиісті аумақтарды залалсыздандыру жұмыстары да жүргізілген. Алайда, тұрғындардың ит пен мысықтан зардап шегу жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда 86 жағдайға өсіп, 261-ге жеткен. Кене шағу бойынша да 65 жағдай тіркеліп, былтырғы көрсеткіштен 27 жағдайға артқан.
Аудан әкімі А.Естібаев жасалған баяндамалар бойынша тиісті тапсырмалар берді. Салық берешегін өндіру, қосымша салық базаларын анықтау, көлеңкелі айналымды азайту және тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген тұлғаларды анықтап, жұмыстарын заңдастыру шараларын күшейтуді тапсырды. Аудан басшысы, сондай-ақ, нақты өндіріс орындарын іске қосу, жаңа кәсіпкерлерді тарту және жұмыс орындарын көбейту қажеттігін атап өтті. Аудан аумағында ветеринариялық бақылауды арттыру және аурулардың таралу қаупін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Ал, ауылдық округ және кент әкімдеріне елді мекендердегі тазалық пен абаттандыру жұмыстарын күшейтіп, іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау міндеттелді.



