Мақтаарал ауданындағы Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жақын аумақта арнайы экономикалық аймақ құрылуда. Ол өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және шекара маңындағы аумақтың экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында бой көтерген. Онда жалпы құны 47 миллиард теңгені құрайтын 6 ірі өндірістік жобаны іске қосу көзделген. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 845 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында инфрақұрылымдық жұмыстармен және инвестициялық жобалармен кеңінен танысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын саралады. Сонымен қатар, көлемі 100 гектарды құрайтын экономикалық аймақта болып, аудан әкімі Бақыт Асановпен онда жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде әңгімелесті.
Аудан әкімінің баяндауынша, қазіргі таңда экономикалық аймақта сумен, газбен, электр қуатымен жабдықтау, кәріз жүйелерін тарту, байланыс жүйелерін жүргізу жұмыстары қолға алынған. Экономикалық аймақтың ішкі жолдарын салу, аумақты абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Өндірістерді іске қосу 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Облыс әкімінің орынбасары жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуына назар аударып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инфрақұрылым тарту жұмыстарын үйлестіру және өндірістерді жоспарға сәйкес іске қосу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Аталған экономикалық аймақта «Мақтаарал Xing Feng» компаниясы мақта және мақта майын өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал «TST JETISAY TEXTILE» серіктестігі мақта талшығын өңдеу және мақта иірім жібін өндіруді іске асырмақ. «Дуншэн Цзиньсин Констракшин Инжиниринг» ЖШС металл бұйымдарын, жаңартылатын энергетика саласына арналған жабдықтарды, құрылыс материалдары мен жиһаз өнімдерін өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. «БНК ГРУП» ЖШС өндіріске қажетті броунфилд жобасын жүзеге асырмақ. «ҚАЗ ПРО ТЕМИР» серіктестігі полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат өндірісін іске қосады. Ал, «Kaz Aqua Jem» ЖШС жәндіктер протеиніне негізделген аквамәдениетке арналған экструдирленген жем өндіру зауытын салады. Осылайша бұл экономикалық аймақ өндірістік кооперацияны дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және логистикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашатын болады.



