БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы биылғы жылды «Жайылымдық жерлер және жайылымдық жануарлар жылы» деп жариялаған болатын. Ал нағыз жайылымдық жануарды жылқы десек болады. Ол қыста да қолға қарамайды, тебіндеп жайыла береді.
Жалпы саны 60 миллиондай ғана
Қазақ үшін жылқы малының орны бөлек. Бүгінде көлік ретінде сирек пайдаланылғанымен де маңызын жойған жоқ, жұрт оның сүті мен қымызын, етін молынан тұтынады. Бүгінде оның етін қыс-жаз демей азыққа жарата беретін болды. Осыған қарап елімізде бұл түлік басы азайып барады деп дабыл көтеріп жүргендер де бар. Дегенмен бұлай емес сияқты.
Соңғы жарияланған статистикалық деректерге сенсек, бүгінде елімізде жылқы түлігінің жалпы саны 4 миллион 600 жүз мыңнан асып отыр. Бес жылдан бері қарқынды өсім байқалуда. Сарапшылар мұны жылқы шаруашылығына инвестиция салынуымен, жылқы өсіруге қолайлы жағдайлар жасалуымен байланыстырады. Бұл түлікті өсіруден Түркістан облысы бірінші орында тұр, мұнда Қамбар ата түлігі 500 мың бастан асады. Одан кейінгі орындардағы Абай, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының әрқайсысында 400 мыңнан бар.
Жалпы, жылқы саны бойынша біз әлемде Мексика, Бразилия, Монғолия елдерінен кейінгі 4-орында тұр екенбіз. Оларда тиісінше 6,4 миллион, 5,7 миллион және 4,7 миллион жылқы бар. «Бестікті» Қытай елі аяқтайды. Онда бұл жануардың 3,5 миллионы бар. Бұл туралы БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мәлімдеген.
Жылқы түлігінің көп болуына елдегі жайылымдық жердің кеңдігі, ұлттық дәстүр, мемлекеттік қолдау негізгі фактор ретінде әсер етеді. Қазақстанның алдында тұрған үш елде де жайылымдық жер мол. Монғолияда тіпті жылқы басы адам санынан көп. Бұл елде қазір 3,5 миллион адам тұрады. Ал Мексикада 132 миллион, Бразилияда 213 миллион адам бар. Қытайдың тұрғындар саны 1 миллиард 410 мыңнан асады. Егер халық санына шағып есептер болсақ, бізде 5 адамға 1 жылқыдан келеді екен. Кей елдерде жылқы басы тіптен аз. Мысалы, Түркіменстанда 30 мыңға да жетпесе, Йеменде 1000 шақты ғана жылқы бар екен.
Етін кімдер көп тұтынады?
Жылқы еті әлемнің көптеген елдерінде азыққа тұтынылады. Соның ішінде қазақ, қырғыз, монғолдың ас мәзірінде жиірек кездеседі. Мысалы, біздің елде өткен жылы тұтынылған жылқы еті адам басына 7,6 килодан келіпті. Сырттан, әсіресе Монғолиядан жылқы етін молынан алады екенбіз. Монғолдар адам басына шаққанда жылына 18 кило жылқы етін тұтынады. Осы көрсеткіш бойынша алып қарағанда біз монғолдардан кейінгі екінші орында тұрмыз. Қырғыздарда бұл көрсеткіш адам басына жылына 4,5 килодан, Уругвайда 2 килодан келеді. 5-орындағы Исландияда адам басына жылына 1,5 килодан тұтынылады екен. Исландия өз жылқы тұқымын сақтау үшін шеттен мал кіргізбейді, бұл тыйым тоғыз ғасырдан астам уақыттан бері бұлжымай сақталып келеді. Тіпті халықаралық жарысқа апарылған атты да елге қайта кіргізбейтін заңы бар. Бұл негізінен жергілікті жылқыларды түрлі аурулардан қорғау үшін жасалады.
Жылқы етін италиялықтар да тұтынады, олар шет елдерден көп импорттайды. Бельгияда оны диеталық азық ретінде жейтіндер баршылық. Ал Жапонияда көп жағдайда оны жұқа етіп тіліп, шикідей талғажау ететіндер жиі кездеседі екен.
Пайдасы? Зияны?
Жылқы малын қазақтай қастерлейтін халық аз шығар, оның барлық жағынан да сипатын біледі. Етінің ағзаға әсері де қазаққа ежелден таныс. Оның жеңіл сіңірілетінін меңзеп, «Жылқы еті – кешкі ұйқыға жатқанша…» деп айтады. Мұны медицина да растайды. Мамандар жылқы етінің құрамында В тобының дәрумендері мол, қанның құрамын жақсартады, жүйке жүйесін тыныштандырады деп айтады. «Құрамындағы қышқылдануға қарсы заттардың, темірдің, калий, магний, кальцийдің молдығы себепті қан қысымын қалыпта ұстауда, ағзадан артық сұйықты шығаруда, сүйек пен тісті, теріні, шашты, тырнақты нығайтуда пайдасы көп. Ағзадағы зат алмасуын, бауырдың, өт жолдарының жұмысын жақсартады» деп айтады. Сондай-ақ мамандар подагра (қандағы несеп қышқылының артуы), бүйрек ауруы, холецистит, өт жолдарының дискинезиясы, асқазан жарасы, гастрит, панкреатит, колит сияқты созылмалы ауруы бар адамдарға жылқы етін тұтынуда сақ болуды ескертеді. Оны инсульт пен инфаркттің өткір кезеңінде де тұтынған қауіпті. Жылқы етін қуырып жеген дұрыс болмайды, оны асып немесе бұқтырып жеген жөн.
Кейінгі жылдары жылқы етіне сұраныстың артуын пайдаланып, оны семіртуге түрлі құйтырқы тәсілдерді қолданып жүргендер де жоқ емес. Малды алдына келгенді талғамай жеуге мәжбүр ету үшін оған арнайы тұзды қоспалар мен біріктірілген қоспа беретіндер бар деген сөздің шыққанына да бірер жыл болды. Яғни шөлдеген әрі тәбеті артқан мал алдына қойылғанның бәрін қомағайлана жеп қояды деседі. Сондай-ақ бұлшық ет көлемін ұлғайтатын да қоспалар болатынға ұқсайды. Мұның бәрі жылқы етінің сапасын төмендетеді, оны құнарсыз, дәмсіз етеді. Текті түліктің киесі мен обалын ойламай, пайда табу үшін осындай қадамға баратындарға заң жүзінде тыйым салынса екен.



