Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
24.09.2026

100-ден асқан 107 мың жапон бар

21 қыркүйекте Жапонияда жыл сайынғы дәстүрлі мейрам — Қарттарға құрмет көрсету күні атап өтілді. Мереке қарсаңында елдің денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі жасы 100-ден асқан  қариялардың жалпы саны 107 мың адамнан асқанын жариялады.

 

Бүгінде жұртшылық арасында «Бұл жақсы жаңалық па, әлде…» деп түрлі пікір білдіріп жатқандар бар. Оған себеп те жоқ емес. Жапонияда қазір 123 миллионнан астам адам тұрады екен. Ұзақ жасаушылар саны кейінгі жарты ғасырдан бері тоқтаусыз өсуде. Бүгінде онда әр 100 мың тұрғынға 100 жастағы және одан асқан 87 адамнан келеді. Бұл қариялардың 87 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Әйелдердің жасы ең үлкені – 114 жастағы киотолық Фуеса Кисимото. Ал ерлер арасында ұзақ жасаушы кумамотолық Като Хикарудың жасы – 112-де. Бұл кісілер шөбере-шөпшектің қолынан май жалап, бұйыртса, енді немене көруден де үмітті десек болады.

Зерттеушілер жапондардың ұзақ жасау себебін елдегі денсаулық сақтау саласының аса сапалылығымен, ел тұрғындарының өмір салты, тамақтану ерекшелігімен және басқа да бірқатар жайлармен байланыстырады. Жапондар дәстүрлі түрде негізінен калориясы төмен, тепе-теңдікке негізделген тағамдарды тұтынады. Сол себепті оларда жүрек-қан тамырлары аурулары, сусамыр, семіздік сияқты кеселдер аса сирек кездеседі екен.

Жапонияда екінің бірі дерлік 80-85 жыл жасайды. Дегенмен мұның ел үшін әлеуметтік-экономикалық жағынан жайсыз жақтары да жоқ емес. Яғни халық қартайып бара жатыр. Еңбекке қабілетті жастағылар үлесі азаюда. Бұл өз кезегінде мемлекет қазынасына түсетін салық көлемінің азаюына, сонымен қатар жасы ұлғайған адамдарды әлеуметтік қорғауға, емдеп-сауықтыруға қаржыны көп бағыттауға себеп. Әлем бойынша орташа жас 31 жас деп есептеледі, ал Жапония тұрғындарының орташа жасы қазір 51,2 жасты құрап отыр. Туу көрсеткішінің төмендігіне байланысты халық саны кейінгі ширек ғасырда тұрақты түрде азайып келеді. Кейінгі 5 жылда 3 миллионға азайған. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру Ұлттық зерттеулер институтының болжамынша, елдегі халық саны алдағы 40-45 жылда 77 миллионға дейін төмендеуі мүмкін. Ал Министрлер кабинеті елдегі жасы 65-тен асқандар саны 2070 жылға қарай 40,9-42 пайызға дейін жетеді деген болжам жасап отыр.

Туу көрсеткіші төмендігінің басты себебі – некеге тұру азаюда, жастар алдымен «өмірден өз орнымды табайын, жағдайымды жасап алайын» деп жүріп тым кеш үйленеді. Көп қыздар жасы 30-дан асқасын тұрмыс құрады. Ал кеш тұрмыс құрған әйелде бала туу мүмкіндігі аз, ондайлар негізінен бір баламен ғана шектеледі. Кейінгі жылдары жастар арасында некені тіпті де ойына алмайтындар бой көрсетуде. Бұл елде некесіз туу деген атымен болмайды, қоғам оған аса қатаң. Егер бойжеткен немесе күйеуі жоқ әйел  қандай да бір себеппен жүкті болып қалса, баланың әкесінен оған заңды түрде үйлену талап етіледі. Яғни «тұрмыс құрмай-ақ, біреуден бала туып алсам жетеді» дейтін есепке жол жоқ.

Жапонияда баланы тәрбиелеп-өсіруге де шығын көп жұмсалады екен. Әйелдерді материалдық жағынан қолдау да төмен. Жұмыс табу да жылдан-жылға қиындап келеді. Жастардың некеге тұруға асықпауының басты себебі негізінен осы – экономикалық жағдай.

Қысқасы, бүгінде Жапония билігі демографиялық дағдарысқа ұрынбаудың жолдарын іздеп бас қатыруда екен. Бұл бағытта нақты бағдарламалар қолға алынуда.

 

 

 

 

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар