Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
16.10.2026

«Таза өлке – таза тарих»: Жастар – «Жеңіс» скверінде

Арыс қаласының тарихы тереңде жатқаны белгілі. Арыстың тұрғындарға сіңіретін тағылымы мол. Бұл өңірді адамдар ежелгі заманнан мекендеген. Қаланың «Орта Азия қақпасы», «Тоғыз жолдың торабы» атанғанына да бір ғасырдан асты. Өз тарихында ол талай маңызды оқиғалардың куәсі болды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Арыс қаласы КСРО-ның тылдағы сенімді орталықтарының бірі болғанын да жұрт біледі. Қазақ жерінен темір жол арқылы майданға жіберіліп тұрған миллиондаған тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ, техника мен азық-түлік, әскери эшелондарды тасымалдауда Арыс торабының атқарған ісі ұшан-теңіз. Арыстың мыңдаған азаматтары Отан қорғауға аттанып, майданда ерліктің небір өшпес үлгілерін көрсетті. Олардың арасынан Бейсен Оңтаев, Берген Исаханов, Садық Исмайылов, Нағи Ілиясов, Павел Журба, Ережепбай Молдабеков сынды Кеңес Одағының Батырлары шықты, мыңдаған арыстықтар майданда көрсеткен ерліктері үшін жауынгерлік орден-медальдармен марапатталды.

Арыс бейбіт заманда да елдің шаруашылығы шалқып, экономикасы өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Арыстан шыққан, елге сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атанған Әуесхан Салықбаев сынды азаматтар да бар. Қысқасы, Арыс – еңбекқор, отансүйгіш мыңдаған азаматтарды өсірген, бүгінгі күндері де өсіріп жатқан ардақты қала. Ол бүгінде Тәуелсіз Қазақ Елінің өсіп-өркендеуіне де өзіндік үлесін молынан қосып келеді.

Міне, Арыстың осындай тарихы, ұрпаққа үлгі болар дәстүрі бар. Сол үрдісті ары қарай лайықты жалғастырып отыру – бүгінгі өскелең ұрпақтың абыройлы борышы. Осы орайда қалада ішкі саясат, жастар істері мекемелері тарапынан ұйымдастырылған алдыңғы толқынның өнегелі жолын насихаттау, жастарды ұлттың асыл құндылықтарына тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осындай игі істің бірі кешегі күні қаладағы «Жеңіс» скверінде өтті. «Таза өлке – таза тарих» жобасы аясында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен тазалық жұмыстарына қаланың жүздеген жастары қатысты.

«Жеңіс» скверіндегі арнайы орында Ұлы Отан соғысына Арыс қаласынан аттанған азаматтардың есімдері жазылған. Жастар ерлік пен елдік рухты ұлықтап, өткен тарихымызды ұмытпай, батырларымыздың есімін құрметтеуге үндейтін осы тағылымды орында тазалық жұмыстарын атқарды. Сквер ішін, айналасын, ондағы ескерткіш-тақтайшаларды тазартып, жарқыратып қойды. Осынау игілікті іске атсалысу арқылы жастар өздерінің маңызды шаруа атқарғанын сезініп, рухтары серпіліп, «Жеңіс» скверінен көтеріңкі көңіл-күйде оралды. Өйткені онда орнатылған тақтада есімі жазылған ерлер де кезінде осы өркендердің өздеріндей жас болған, жастық жалынын Отан қорғауға арнаған, ерліктің өшпес үлгілерін көрсеткен. Майданнан аман оралғандары бейбіт еңбекте де өз күшін Отанның дамып-өркендеуі жолына арнады. Олар отансүйгіш болды, адамгершілік құндылықтарды ту етіп өмір сүрді. Олардың есімдері елдің есінде қалды. «Жеңіс» скверіндегі жұмыс кезінде жастар осыны терең ұғынды, сондықтан да бұл тек тазалық жұмысы ғана емес, патриоттық тәрбие берген іс-шара болды.

Тарихи мұраларды сақтау және өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен тарихи құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыру – бүгінгі күннің ең маңызды бағыттарының бірі. Жастар алдыңғы толқынның басынан өткен жайларды, олардың жанқиярлық ерлігі мен ерен еңбектері туралы біліп, оны әрқашанда есте ұстап жүруі тиіс. Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындардың айналасын таза ұстау да тарихымызды құрметтеуге, өткенді ұмытпауға, оны ұлықтауға, одан үлгі алуға баулитын маңызды шараның бірі. Жалпы алғанда, туған жерді таза ұстау – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Тазалық – туған жерге деген жанашырлықтың белгісі. Осындай игі істерге атсалысып, белсенді қатысу арқылы өскелең ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік, отансүйгіштік сезім ұялайды, оларда терең жауапкершілік құндылықтары қалыптасады.

Бүгінде Арыс қаласында бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті бірге тұрып жатыр. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырған шараларына қатысушылар арасында бірнеше ұлттың өкілдері қоян-қолтық қатар жүріп еңбек етеді. Өз кезегінде бұл жастар арасында бірлік пен ынтымақтың, сенімнің және басқа да адамгершілік құндылықтардың арта түсуіне қызмет етері сөзсіз. Елдің тұрақты өркендеп-дамуы үшін мұның маңызы зор екені белгілі. Ал жастар – еліміздің ертеңі, олардың бойында адамгершілік құндылықтардың берік орнауы сол ертеңгі күннің, келешектің жарқын болмағының кепілі.

Қала тұрғындары арасында ортақ жауаптылық, өзара сенім мен әділдік, бірлік пен ынтымақ құндылықтарын, отансүйгіштік патриоттық сезімді арттыра түсетін мұндай маңызды іс-шаралар алдағы уақытта да лайықты жалғасын таба бермек.

О. ТҰРАР.

 

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар