Жуырда Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында тұңғыш заманауи спорт зал кешені ашылды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты.
Байырқұмдықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған Ертай Кенжебекұлы былай деді:
– Баршаңызды спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Біздің басты мақсатымыз – спортты көпшілікке қолжетімді етіп, өңірдің спорттық әлеуетін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы жерден көк туымызды биікке көтеретін талай чемпиондар шығып, еліміздің атын дүние жүзіне танытады деп сенемін.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысан барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда жасөспірімдер мен балаларға арналған олимпиадалық спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына жағдай жасалған. Кешенінің жалпы көлемі 371,65 шаршы метрді құрайды. Мұнда медициналық бөлме, ішкі дәретханалар, гардероб қарастырылған. Заманауи жылыту қазандығы орнатылып, табиғи газға қосылған. Бір уақытта 100-ден астам адам спортпен шұғылдана алады. Енді ауыл жастары волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес, гимнастика сынды спортпен еркін шұғылдануға мүмкіндік алды.
Бұған дейін Арыс қаласына қарасты Қожатоғай және Ақдала ауылында дәл осындай спорт зал кешені пайдалануға берілген болатын. Жалпы, Арыс қаласы аумағында 2 спорт кешені мен 100-ден астам спорттық алаңқайлар, спорт залдар, жаттығу алаңдары бар.



