Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
22.10.2026

Мемлекеттік мүлікті жалға берудің өз қағидасы бар

Бюджетке түсетін кірістердің бір көзі — мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлкі туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес әзірленген республикалық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидалары бекітілген. Осы қағидалардың негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.

 

Жалға беруші жергілікті мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мемлекеттік мүлік тізілімінің www.gosreestr.kz веб «Е-Казына» порталында мемлекеттік мүлік объектісі, объектінің теңгерім ұстаушысы, мүлікті жалға беру туралы ақпаратты (мәліметтерді) тендер өткізу арқылы немесе тендер өткізбей орналастыруды қамтамасыз етеді. Бұл ретте кез келген ниет білдіруші орналасқан жеріне қарамастан әлеуетті жалға алушы ретінде қатыса алады. Бұл мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы процесті жеделдетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Объектілерді жалға беру төмендегідей жағдайларды қоспағанда тендер негізінде жүзеге асырылады:

1) курстық сабақтар, конференциялар, семинарлар, концерттер, көрмелер мен спорттық іс-шаралар өткізу үшін білім беру ұйымдарының, ғылым, мәдениет және спорттық ұйымдардың үй-жайларын беру;

2) кандидатқа, саяси партияға не олардың сенiм бiлдiрген адамдарына сайлаушылармен кездесулер өткiзу және сайлау алдындағы үгiттер жүргізу үшін үй-жайлар беру;

3) тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға және объектілердің баланс ұстаушыларына қызметтер көрсетуге байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасаған өнім берушілерге үй-жайлар (ауданына қарамастан) мен жабдықтар беру;

4) ауданы жүз шаршы метрге дейінгі үй-жайларды, ғимараттар мен құрылыстарды, қалдық құны 150 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын өзге де мүлікті (автокөлік құралдары, жабдықтар, жиһаз, ұйымдастыру техникасы) беру;

5) банкоматтар мен мультикассалар орнатуға арналған алаңдар беру;

6) ұлттық почта операторының ауылдарда, ауылдық округтерде қызметін жүзеге асыру үшін;

7) аудандық коммуналдық меншікке жататын және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің басқаруына берілген объектілерді беру;

8) орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарттар жасаған өнім берушілерге үй-жайлар (олардың алаңына қарамастан) мен жабдықтар (олардың құнына қарамастан) беруді қоспағанда.

Теңгерім ұстаушыда артық және пайдаланылмайтын мүлік болған жағдайда ол мүліктің атауын, санын, қысқаша сипаттамасын, қалдық құнын, орналасқан жерін, мүліктік жалдауға беру мерзімін және нысаналы пайдаланылуын қамтитын ақпаратты ұсынады.

Артық және пайдаланылмайтын объектілер туралы ақпарат болжамды жалға алушыны көрсетпей ұсынылады. Объект туралы ақпараттың дұрыстығын теңгерім ұстаушы қамтамасыз етеді. Ұсынылған ақпарат жалға беруші тарапынан теңгерім ұстаушы ұсынған артық және пайдаланылмайтын объектілер туралы ақпаратты қарау нәтижелері, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүргізетін бақылау нәтижелері бойынша қаралады. Осыған сәйкес жалға беруші мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

  1. объектіні мүліктік жалдауға (жалға) беру туралы;
  2. объектінің құқықтық мәртебесіне қатысты өзге де шешім қабылданған жағдайда, объектіні мүліктік жалдауға (жалға) беруден бас тарту туралы.

Жалға беруші жергілікті мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті теңгерім ұстаушы ұсынған ақпаратты қарау және мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша объектіні мүліктік жалдауға (жалға) беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оның Тізілімде орналастырылуын қамтамасыз етеді.

Объектіні мүліктік жалдауға (жалға) тендер өткізбей беру объектіні мүліктік жалдауға беру туралы өтінім негізінде жүзеге асырылады. Екі немесе одан да көп өтінім берілген жағдайда объектілерді мүліктік жалдауға (жалға) беру тендер өткізу арқылы жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Тендер өткізу кезінде тендерлік құжаттамада көрсетілген барлық талаптарға сәйкес келетін және объект үшін ең жоғары жалдау ақысын ұсынған тендерге қатысушы жеңімпаз болып танылады.

Осылайша, республикалық мемлекеттік мүлікті жалға алушы төлейтін жалдау ақысы республикалық бюджетке аударылады және бюджет кірісінің көзі болып табылады. Сондай-ақ, республикалық мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру рәсімі мемлекеттік мүлікті басқарудың негізгі қағидаттарына, яғни заңдылыққа, жариялылыққа және бәсекелестікті дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз етуге сәйкес жүзеге асырылады.

 

С. Анартаев,

Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру

департаментінің
бөлім басшысы.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар