Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау саласындағы қаржы ағындарын басқарудың кешенді цифрлық моделіне көшуде. Президент пен Премьер-министрдің тапсырмасын орындау аясында жаңа цифрлық «Qalqan жүйесі қалыптастырылуда. Жоба Қор қызметін толық цифрландыруға, технологиялық алшақтықтарды жоюға және қолмен орындалатын операцияларды болдырмауға бағытталған.
«Qalqan» платформасының басты ерекшелігі – оның ҚР Қаржы министрлігінің контурындағы заманауи технологиялық платформада орналастырылуы. Бұл дайын мемлекеттік IT шешімдерді пайдалануға және денсаулық сақтау жүйесінің бюджетіне қосымша шығын түсірмей интеграциялауға мүмкіндік берді. Оның негізгі мақсаты – қаржының абсолютті ашықтығын қамтамасыз ету, көрсетілген қызметтерді верификациялау және МӘМС қаражатына қатаң бақылау орнату.
«Qalqan» платформасының пилоттық іске қосылуы 2026 жылғы 16 наурызда өтті. Бүгінде жүйеге еліміздегі барлық медициналық ұйымдар – 1700-ден астам клиника мен шамамен 5000 бірлесіп орындаушы тартылған. Қазіргі уақытта оларды толық цифрландыру кезеңі жүріп жатыр: медициналық ұйымдар жүйеге лицензиялары, инфрақұрылымы және өзге де ресурстары туралы верификацияланған мәліметтерді енгізуде. Бұл еліміздегі медициналық қызмет көрсетушілердің алғашқы бірыңғай әрі сенімді базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Qalqan» платформасы аясында жүйеге деген ұзақмерзімді сенімнің негізіне айналатын озық бақылау құралдары енгізілуде. Атап айтқанда, тіркелмеген қызметтерді болдырмау үшін медициналық көмектің нақты көрсетілгенін QR-код арқылы растау тетігі енгізілуде. Бұл ретте eGov инфрақұрылымы мен екінші деңгейлі банктердің үйреншікті сервистері пайдаланылады, бұл құралдың қосымша жүктемесіз жаппай қолданылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ауруханалардың ішкі бухгалтерлік жүйелерін (оның ішінде 1С базасындағы жүйелерді) қосу жұмыстары жүргізілуде.
«Qalqan» платформасын енгізу медицинадағы қаржылық бақылау жүйесін түбегейлі өзгертіп, оны мемлекет, медициналық ұйымдар және Қазақстанның әрбір азаматы үшін барынша ашық етеді.



