Жетісай ауданында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Бүгінде Жетісай қаласын кеңейтуге бөлінген 80 гектар аумақта көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Кешегі күні аудан әкімі Серік Мамытов осындағы 5 қабатты, 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс барысын аралап көрді. Әкім мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстардың сапасын бақылады. Жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген мерзімнен ауытқымау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы маңызды, белгіленген нормалар мен талаптарды орындамаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.
Жалпы, нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Конкурстық құны 313 миллион 652 мың теңгені құрайтын №1 және 587 миллион 47 мың теңге деп бекітілген №2 тұрғын үйлердің құрылысын қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.



