Мал да кесіп өте береді
Жуырда Үкімет басшысы Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашовқа: «Жолдардың сапасы жоқ, жағдайды түзету керек, түзетіңіз. Немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады», – деп қатаң ескерту жасады. Негізі жолдың сапасы төмен екені рас. Біздің айтқанымыз жоғарыға жетпей жүр еді. Бұдан кейін дұрыс болатын шығар.
Өткен аптада Алматыға барып қайттым. Барып келгенім үшін ақылы жолға төлеген ақшамды далаға шашқандай күй кештім. Себебі ақылы жолдың жағдайын жақсы дей алмайсың. Әсіресе Қордайдың тұсы нашар. Біраз жерді қырып тастағандықтан көлік теңселіп отырады. Жылдамдықты көбейтсең, көлікті игере алмай қалуың мүмкін. Жолдың жөнделіп жатқандығын ескертетін белгілер көп қойылмаған. Содан соң бір тұстарда бетонның үстіне қара асфальт төселгенін байқадым. Онысы ұшып кеткендіктен жолдың үсті қотырланып қалған. Әлгі қырылған жолға да осылай асфальт төсейтін болса, онда сапасы сын көтермейтін болады. Мұны қатаң қадағаламаса болмайды.
Жылдамдықты сағатына 120 шақырымға көтергені дұрыс болыпты. Бірақ жолда қай жерден жылқы, сиыр, қой шығып қалады деп алаңдап отырасың. Үлкен жолдың үстінен шаңғытып отар-отар қойды айдап өткенде күтіп тұруға мәжбүр боласың. Халықаралық автобанда бұл дұрыс емес деп ойлаймын.
Экс-депутат Бақытжан Базарбектің жолда адам қағып кетуіне де осы жолдағы қауіпсіздік ережесінің сақталмауы себеп болған жоқ па? Айта берсек мұндай жағдай аз емес. Сол себепті Үкімет басшысының ескертуінен кейін жол жөнделсе деймін, бірақ әзір олай бола саларына сене алар емеспін.
Мұқағали Төрехан,
Шымкент қаласының тұрғыны.



