Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
02.10.2026

«ҚЫРГҮЙЕКТЕН» ТУҒАН ДАУ

Кейінгі бірер жылдан бері қоғамда тілдік қолданысымыздағы кейбір сөздердің төңірегінде басталған дау жалғасып келеді. Мысалы, осы уақытқа дейін «көкөніс», «қыркүйек», «шекара» деп жазылып келген сөздер енді «қыргүйек», «көгөніс», «шегара» деп жазыла бастады. Бірақ мектептер мен оқу орнындағылар болмаса, былайғы жұрт бұрынғыша жазып жүр.

 

Таяуда қолымызға 2007 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздік» кітабы түскен еді. Құрастыруға белгілі жазушылар, ғалымдар атсалысқан, Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдапты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған. Бұл сөздікте «көкөніс» (221-бет), «қыркүйек» (283), «шекара» (450-бет) сөздері «к» дыбысының өзгеруінсіз жазылған. Ал 2013 жылы Алматыдағы «Дәуір» баспасынан  жарық көрген орфографиялық сөздікте олар «көгөніс», «қыргүйек», «шегара» деп беріліпті. Ғалымдар ол сөздерді айтылуы бойынша жазуды бекіткен. Одан беріде жұрттың бірі жаңа емлеге сүйеніп, енді бірі бұрынғы қалыптасқан ізден шыға алмай жүр. Енді қалай болар екен? Бұл жөнінде тіл білімінің мамандары, ғалымдар не дейді? Осы орайда біз Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлбала Қайырбекованы сөзге тартқан едік.

— «Көкөніс», «қыркүйек», «шекара» сөздері екі түбірден құралғандықтан, түбірді сақтау мақсатында көрнекті ғалым, академик Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты іргелі ғылыми-практикалық еңбегінде «көкөніс», «қыркүйек», «шекара» түрінде берілген. Бұл сөздер айтылуда дыбыстық өзгеріске ұшыраған. Ілгерінді ықпал заңымен «к» дыбысы «ө» дауыстысының әсерінен ұяңдап, «г»-ге айналады. Сондықтан 2013 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Уәлидің басшылығымен жарияланған орфографиялық сөздікте авторлар «сөз қалай айтылса, солай жазу» (айтылым мен емле бірлігі) принципіне сүйеніп, мұны «көгөніс», «қыргүйек», «шегара» формасында берген.

Бұл сөздер 2013 жылы шыққан сөздікке дейін шыққан орфографиялық сөздіктерде «көкөніс», «қыркүйек», «шекара» түрінде жазылып келген. Сөздіктерде, қазақ тілінің анықтағышында да солай берілген. Өйткені біздің тіліміздің орфографиясында ұстанатын басты қағидамыз – сөздердің түбір тұлғасын сақтап жазу қағидасы. Бұл сөздер лексикалану процесінің негізінде тіркес қалпынан біріккен сөзге айналған. Сондықтан әрбірінің түбірі сақталып жазылған.

Жалпы, ең алдымен дұрыс жазу үшін қазақ тілінің орфографиялық принциптерін реттеп алған жөн. Сөздің «түбір тұлғасын сақтап жазу» басты принцип болғанымен, фонетикалық принципке негізделіп жазылған сөздерді көптеп кездестіруге болады. Тіпті дәстүрлі-тарихи принциппен жазылған сөздер де бар. Біз жоғарыда талқылаған «көкөніс» пен «көгөніс» дауы  ̶  дәл осы морфологиялық принцип (көк+өніс түбірін сақтау) пен фонетикалық принциптің (айтылуы бойынша көгөніс деп жазу) өзара текетіресінен туындаған. Сондықтан ең алдымен орфографиялық принциптердегі ала-құлалықты бірізділікке түсіру қажет.

Орфографиялық принциптерді алғаш рет ғылыми негіздеп, жүйелеген  ̶   ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы емлені жасанды ережелерге емес, қазақ тілінің өзіндік табиғаты мен ішкі заңдылықтарына, әсіресе үндестік заңына (сингармонизмге) негіздеуді талап етті. Сөздерді жазғанда оның түбіріне (морфологиясына) жабысып тұрып алу тілдің табиғатын бұзады деп есептеді. Оның әйгілі қағидасы бойынша: «Сөзді қалай айтсақ, солай жазуымыз керек. Жазу дыбыстың соңынан жүруі тиіс… Емледе жүйесіздік болса, өзара қарама-қайшы ережелер қаптап, халықтың сауаттылығына кесірін тигізеді»,  ̶  деп ескерткен. Сондықтан жазу ережесі мейлінше оңай, баланың да, үлкеннің де тез үйреніп кетуіне ыңғайлы болуы үшін орфографиялық принциптерді тіл табиғатына сәйкестендіріп, орфографиялық ережелерді қайта қарау қажет. Өйткені, қазіргі орфографиямызда осы принциптердің бірізді болмауынан ережемізге қайшы келетін жайттарды көптеп кездестіруге болады. Онсыз жазу емлесін бір жүйеге түсіріп, нақты әрі дәл ереже қабылдау қиын, — деді  Ұлбала Жұматқызы.

Расында да тілдік қолданысымызда аталған үшеуінен басқа мұндай сөздер аз емес. Мысалы, Темірқазық — «Темірғазық», Жетіқарақшы — «Жетіғарақшы» бола ма? Енді осы уақытқа дейін оқулықтарда, кітаптарда бірі олай, бірі былай жазылып келген сөздердің бәрін бір ізге салып шығу керек бола ма? Ал егер бұрынғы оқулықтарда, әдістемелерде, кітаптарда өзгеріссіз қалып, жаңадан шығатындарында жаңаша жазылар болса, жұрт шатаспай ма? Мұндай сөздерді жазбаша емтиханда, диктантта кездестіріп қалса қалай жазуды таңдарын білмей басы қатпай ма? Әлде мұндай сөздерді «ережеге бағынбайтын сөздер» деп жайына қалдырған дұрыс па?

Тіл білімінің мамандары бізді мұндай тығырықтан қашан, қалай алып шығар екен?

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар