Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны Альмира Бекеева өмірге бірден 4 сәби әкелді. Ол Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында босанды. Анығын айтқанда, жүктіліктің 30 апта 6 күндік мерзіміндегі әйелге «кесарь тілігі» операциясы жасалған. Ол аталған орталыққа жүктілігінің 23 аптасынан бастап алынып, қадағалау мен қамқорлықта болған. Нәтижесінде өмірге төрт бірдей бала аман-есен келіп отыр. Анасының да жағдайы жақсы.
Баланың төртеуі де – ұл. Сөйтіп бұған дейін де екі ұл, бір қызы бар отбасындағы бала саны бірден 7-ге жетіп отыр. Ағалары мен әпкесі Арлан, Арсылан, Әлихан, Әмірхан есімді інілі болғандарына қуанып, мәре-сәре болуда.
Балалардың ата-анасы өздеріне көмегі тиген Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығындағы акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог мамандарға кәсіби біліктілігі мен қамқорлығы үшін жүрекжарды алғыстарын білдіруде.



