Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
11.11.2026

ЕАЭО елдерінде еңбек етсеңіз…

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) күшіне енді. Оған сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары Одақ елдерінде еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналасқан елдің азаматтарымен тең дәрежеде қалыптастырады, сақтайды және іске асырады.

 

ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет еңбекшінің 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өз аумағында жинақтаған еңбек өтілі үшін ұлттық заңнамасына сәйкес зейнетақы тағайындайды. ЕАЭО елдерінің аумағында жұмыс күшінің еркін қозғалысы – Одақтың негізгі артықшылықтарының бірі. Оған мүше мемлекеттердің азаматтары басқа ЕАЭО елдерінің аумағында еңбек қызметін жұмыс істеуге рұқсат немесе патент алмай-ақ жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, өзге мүше мемлекетте жұмыс істейтін ЕАЭО азаматы жұмысқа орналасқан елдің азаматтарымен бірдей еңбек кепілдіктерін пайдалануға құқылы.

Алайда жұмыс істеу үшін арнайы рұқсат құжаттарын рәсімдеу талап етілмегенімен, бұл еңбек қатынастарын тиісті түрде ресімдемеуге болады дегенді білдірмейді. Азаматтың өз құқықтарын толық іске асыруы үшін еңбек қатынастарын растайтын құжаттары болуы шарт. Мұндай негізгі құжаттарға жұмыс берушімен жасалған еңбек шарты немесе қызмет көрсету туралы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жатады. Ауызша келісімдер жұмыскердің құқықтарын жеткілікті деңгейде қорғай алмайды. Мәселен, жұмыс беруші еңбек жағдайларын өзгертіп, жалақы төлеуді кешіктіруі немесе азаматтың еңбек шарты негізінде жұмыс істемей, тек бір реттік тапсырмаларды орындаумен шектелгенін алға тартуы мүмкін. Ал жазбаша жасалған шарт жұмыс берушінің кім екенін, азаматтың қандай жұмыс атқарғанын, оған қанша мөлшерде ақы төленуге тиіс болғанын және тараптардың өздеріне қандай міндеттемелер алғанын нақты айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ресми түрде жұмысқа қабылданған қызметкерлер үшін жұмыс берушілер жұмысқа орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде сол елдің зейнетақы жүйесіне зейнетақы (сақтандыру) жарналарын аударуға міндетті болады.

Бұл ретте жұмыскерге еңбек қатынастарын ресімдеу тәртібін алдын ала нақтылап алған жөн. Өйткені әр елде шарт жасасу қағидалары, оның нысаны және мемлекеттік органдарды хабардар ету тәртібі әртүрлі болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасында Келісім Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қалыптастырылған зейнетақы жарналары есебінен зейнеткерлік жасқа толуы немесе бірінші және екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленуіне байланысты берілетін зейнетақы төлемдеріне қолданылады. Егер Қазақстан Республикасының азаматы Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында белгілі бір уақыт (мысалы, 3-5 жыл) еңбек қызметін жүзеге асырса, сол елдің зейнетақы заңнамасында көзделген талаптарға (зейнеткерлік жасқа толу, қажетті еңбек өтілінің болуы) сәйкес зейнетақы алу құқығы туындаған кезде, оған аталған мемлекетте жинақтаған еңбек өтілі үшін сол ел зейнетақы тағайындайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматы зейнетақы тағайындау және төлеу үшін қажетті құжаттарымен бірге өтінішті ЕАЭО-ға мүше тиісті мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасындағы құзыретті орган ретінде БЖЗҚ-ға беруге құқылы.

Еңбекшіге зейнетақы тағайындау және төлеу үшін қажетті құжаттардың тізбесі ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі.

 

Бизах Бекбердиев,

«БЖЗҚ» АҚ Шымкент қаласы филиалының бас маманы.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар