Бруцеллез – ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кең таралған және адамға да жұғу ықтималдығы жоғары аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауруды Brucella туысына жататын бактериялар қоздырады. Бруцеллез мал шаруашылығына экономикалық зиян келтіріп қана қоймай, адам денсаулығына да елеулі қауіп төндіреді.
Бруцеллез қандай жануарларда кездеседі, енді осы туралы айта кетейік. Ол негізінен ірі қара, қой-ешкі, шошқа сияқты түліктерде кездеседі. Ауру малдың төл тастауы, іш тастауы, бедеулікке ұшырауы және өнімділігінің төмендеуі арқылы байқалуы мүмкін. Әсіресе буаз малдың іш тастауы кезінде қоздырғыштар қоршаған ортаға көп мөлшерде таралады.
Адамға бруцеллез көбінесе ауру малмен және оның бөлінділерімен байланыс кезінде жұғады. Мал төлдету, түсік тастаған малды күту, ауру малды сою және өлексені жинау кезінде санитариялық талаптарды сақтамау жұқтыру қаупін арттырады. Сонымен қатар пастерленбеген сүт пен одан дайындалған өнімдерді пайдалану да қауіпті. Сондықтан сүтті міндетті түрде термиялық өңдеуден өткізу, ал ет өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сараптамадан кейін ғана тұтыну маңызды.
Адамда бруцеллездің белгілері әртүрлі болады. Жиі кездесетін белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қалтырау, қатты терлеу, әлсіздік, бас және бұлшықет ауыруы, буындардың сырқырауы жатады. Ауру ұзаққа созылып, адамның еңбекке қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін. Бруцеллезге күдік болған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, медициналық ұйымға жүгіну қажет. Диагнозды дәрігер зертханалық тексерулердің нәтижесіне сүйене отырып қояды.
Бруцеллездің алдын алуда ветеринариялық шаралардың маңызы зор. Мал иелері:
* малды уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізуі;
* ветеринариялық мамандар жүргізетін диагностикалық зерттеулерден бас тартпауы;
* ауруға күдікті малды басқа малдардан оқшаулауы;
* малдың түсік тастауы немесе төлінің өлуі жағдайында ветеринариялық маманға дереу хабарлауы;
* мал өнімдерін белгіленген ветеринариялық-санитариялық бақылаудан өткізуі;
* сүтті қайнатып немесе пастерленген күйде пайдалануы;
* малмен жұмыс кезінде қолғап, арнайы киім және жеке қорғаныс құралдарын пайдалануы қажет.
Ауру мал анықталған жағдайда оны өз бетінше сойып немесе етін сатуға болмайды. Мұндай әрекеттер аурудың таралуына және адамдардың жұқтыруына әкелуі мүмкін. Бруцеллездің алдын алу – тек мал шаруашылығын қорғау емес, сонымен бірге адам денсаулығын сақтаудың маңызды бөлігі.
Расулбек КЕРІМБЕК,
ТО ВБ «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ МКК
Отырар аудандық филиалының эпизоотолог маманы.



