Ұйымдастырушылар қауіпсіздікті
неге ұмыт қалдырған?
Өткен аптада белгілі эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас Шымкенттегі Қажымұқан стадионында концерт берді. Бұл әншінің қаламыздағы бірінші берген концерті емес, соңғысы да болмаса керек. Бірақ осы жолғы концерттің у-шуы көп болып тұр. Ұйымдастырушылар тарапынан жіберілген қателік пе, әйтеуір стадионға сыймаған халықтың нөпірі бірін бірі таптап кетуге дейін барды.
Адамның аузына кім қақпақ болсын, ел арасында «бірнеше адам өліпті» деген ақпар тарап кетті. Алайда, ресми ақпарат мұны жоққа шығарады. Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Көп ұзамай «Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушысы ұсталды» деген ақпарат та тарады. Алдын ала ұсынылған мәліметке сенсек, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып түскен. Салдарынан адамдар көп жиналып, көрермендерге қауіп төндіргені айтылуда. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекке сегіз адам жүгінгенін растады. 18 жастағы бір бойжеткеннің жарақаты ауыр болу салдарынан жансақтау бөліміне жатқызылған. Қаза тапқандар жоқ. Концертті ұйымдастырушы 42 жастағы азамат ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалған. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Ақ-қарасы алдағы уақытта белгілі болады.
Осы жерде тағы бір мәселені ашып айту керек. Жалпы, әр нәрсенің өзінің қалыптасқан мәдениеті болады. Өкінішке қарай, қазір адамдар арасында арзан немесе тегін тарқатылған дүниеге таласқанда мәдениетті мүлдем ұмыт қалдырып жүрміз. Осы кезге дейін тегін палауға, акция деп арзан сатылған заттарға таласқан адамдар тобырының жабайы қылықтарына қайран қалғанымыз рас. Бәлкім сол тобырдың ортасында жүрген адамдардың өздеріне байқалмас, ал сырттан қараған адамға өте жабайы көрінетіні талассыз. Сол себепті алдағы уақытта адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін тегін таратылатын немесе тым арзан заттардың сатылуына заң жүзінде тыйым салыну керек секілді. Тегін дүниеге таласқандар аяғының астында адам тапталып жатыр ма, біреудің жүрегі қысылып, енді біреудің бала-шағасы аяқ астында қалып қойды ма, оған ешкім қарап жатпайды. Жанталасқа түсіп, тегін затты қармап көп алып қалу керек. Басқа ештеңені ойламайды. Салдарынан жазықсыз адам жапа шегіп, оның ата-анасы, бауырлары қайғы жамылып қалуы мүмкін. Бара-бара бұл қалыпты жағдайға айналып кетуі де мүмкін.
Бастапқы тақырыпқа қайта оралсақ, Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушыдан бөлек, жалға берілген стадион қызметкерлерінің де жауапкершілігін қараған дұрыс. Концертке келген мыңдаған адамның еркін кіріп-шығуын қамтамасыз ете алмауда стадион әкімшілігінің де кінәсі жоқ дей алмаймыз. Жалға бердіңіз бе, қауіпсіздікті де қадағалауға міндеттісіз. Полиция қызметкерлері мен өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметтері кез келген жағдайға сақадай сай дайын тұруы керек. Бүгін кінәлілер лайықты жазаланса, мұндай қателік келесіде қайталанбайды.
Рас, Қайрат Нұртасқа мыңдаған жастар табынатын шығар, бірақ бұл ақталуға себеп болмайды. Мәселен, жуырда жүздеген миллион жанкүйері бар әлемдік футбол жұлдызы Месси өзінің Аргентина құрамасымен қоштасу ойынын Буэнос-Айрестегі «Монументаль» стадионында Бенин құрамасына қарсы өткізгенде стадионға 85 мыңнан аса жанкүйер жиналды. Сол кезде Мессидің фанаттары өздерін ұстай алмай көз жастарына ерік берді, бір рет болса да кумирлерінің қолынан ұстап қалғысы келді. 85 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бірақ жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық жұмыстарының арқасында ешқандай оқыс оқиға орын алған жоқ. Ал Шымкенттегі бірнеше мың адам жиналған концертте адамдар бір-бірін таптап кетіп жүр. Көнцертті өткізуге қатысы бар адамдардың барлығы да қауіпсіздік мәселесіне тікелей жауап беруі тиіс.
Рүстем ӘУЕЛБЕКОВ.



