Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
26.11.2026

Димаш әлемді қазақша ән салдыра бастады

Бүгінде Латын Америкасының бірқатар елдерінде Димаш Құдайбергеннің Еуропадан бастау алған кезекті концерттік туры дүркіреп өтуде. Әсіресе Мексиканың Мерида, Монтеррей, Гвадалахара, Мехико қалаларында өткен концерттеріне жұрт қарақұрым көп жиналды. Кешегі аптада ол, сондай-ақ, Колумбияның Богота, Чилидің Сантьяго қалаларында да концерт қойды. Жоспар бойынша енді Перу астанасы Лима, Индонезия астанасы Джакарта қалаларына барып, өзінің концерттік турын аяқтайды. Дегенмен басқа да бірқатар елдерде Димаш келеді деп дайындалып жүргендер өте көп.

 

 

Мехикодағы концерт кезінде Димашқа «WBC» Дүниежүзілік бокс кеңесінің Құрметті жасыл белбеуі тапсырылды. Бұл белбеу өнер мен мәдениетте, саясатта, гуманитарлық қызметте, халықтар арасындағы мәдени түсіністік қарым-қатынастарды, достықты нығайту жолында өз үлгі-өнегесімен бейбітшіліктің сақталуына орасан үлес қосып жүрген әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға беріледі. Кезінде Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Нельсон Мандела, Дүниежүзілік мұсылман бокс лигасының бас хатшысы Түрки әл аш-Шейх сияқты азаматтарға көрсетілген құрметтің Димашқа да көрсетілуі – Қазақ елі үшін зор мәртебе.

Димаштың ең үлкен еңбегі – шетелдіктердің қазақ өнері мен мәдениетіне, ұлттық аспабымыз домбыраға, қазақ тіліне деген құрметін арттыруы. Оның өнерін сүйетін жанкүйерлерде қазақ тіліне деген қызығушылық пайда болды. Олар Димаштың қазақ тілінде орындаған әндерінің мағынасын, сөздердің мәнін түсінуге тырысты. Димаш ән айтқанда оған қосыла шырқап отырды. Бұған бірнеше ондаған мысалдар келтіруге болады. Мысалы, АҚШ-тың Джой есімді бір қызы Димаштың әндерін тыңдап, сөздерін аударма арқылы үйреніп, жаттап, қазір қазақша біраз сөйлемнің басын құрап айтуға жарап қалды. Бельгияның бір журналисі қазақ тілін меңгеруге, Чилидің бір тұрғыны домбыра тартып үйренуге кірісті. Осы Чилиде Димаштың жанкүйерлері «Чили-Қазақстан достық қоғамын» құрды, ол бүгінде қазақ мәдениеті мен әдебиетін Чили халқына кеңінен таныстырумен айналысуда. Димаштың концертінде бұл елдің бірнеше қаласынан жиналған жанкүйерлер оның әндерін қазақ, жапон, қытай және орыс тілдерінде шырқап, әншіге өз құрметтерін жеткізді. Өткенде Испания астанасы Мадридте болған концерті кезінде жергілікті Жозе есімді азамат сахнаға шығып, домбырада «Самалтаудың» әуенін орындап берді.

 

Испаниялық жанкүйерлер «Ла гран вос Казахия» («La gran voz Kazaja»), яғни «Ұлы қазақ даусы» деген акция ұйымдастырды. Концертінде көрермендер «Тау ішінде» әнінің қайырмасын хормен беріле орындады. Ал Мексикада үлкен ұлттық тарихи музей оның шығармашылығын насихаттайтын алып көрме ұйымдастырды. Мехикода жұрт Димаштың өзі шығарған «Өмір» балладасын шырқады. Монтеррей қаласында алып муралын жасап, қошемет көрсетті. Польшада 21 елдің 100 шақты жанкүйері қосылып «Махаббат бер маған» әнін орындап, жазғызды. Ал осы жолы тіпті америкалық біраз жанкүйер қосылып қазақша ән шырқаған «Omir», яғни «Өмір» деп аталатын халықаралық жобаны іске қосты. Колумбияның Богота қаласындағы 14 мың адам сиятын алып аренада мыңдаған жанкүйер «Ұмытылмас күн» әнін қазақша шырқады. Қай елде болса да Димаштың өнерін тамашалау арқылы шетелдік жанкүйерлер қазақ халқының тарихымен, салт-дәстүрімен де жақын таныса бастады.

Димаш та қазақ мәдениетін шетелдіктерге жақын таныстыруды өзінің басты парызы әрі міндеті санайды. Ол бейнеклиптерінде ұлттық киімді, ою-өрнектерді, қазақ даласының сұлу табиғатын көрсетеді, қазақ әндерінің қайталанбас иірімдерін паш етеді. Сұхбат бергенде де ұлттық құндылықтарымызды барынша көрсетуге күш салады. Тізе берсек, Димаштың қазақ тілі мен мәдениетін, тарихын таныстырудағы еңбегі ұшан-теңіз. Көптеген шетелдіктерде қазақ тіліне деген қызығушылық пайда болды, қазақша үйренушілердің қатары артты. Қысқасы, осы уақытқа дейін Димаш әлемнің бірнеше ондаған елінде концерт берді, сол арқылы қазақты дүние жүзіне танытты, қазақ тіліне құмартушылардың қатарын жүздеп-мыңдап арттырды. Бір Димаштың арқасында ғана тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге деген қызығушылық алдағы уақытта да арта түсері сөзсіз.

Өз елімізде, Қазақ жерінде тұрып орысша шүлдірлеуін қоя алмай жүрген, өз ана тіліне деген түк те сезімі жоқ базбіреулер осыны көріп ойланса екен дейміз. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толғалы отырған бүгінгі күндерде кей мекемелерде іс қағаздарын, қатынас қағаздарды орысша толтырып немесе бірінші сол тілде ойланып, жазып алып барып, сосын шала-пұла қазақшаға аударатындар көп. Осындайлар Димаштан үлгі алса, оның істегенінің жүзден бірін істесе де тіліміздің тұғырын биіктетуге өз үлесін қосар еді. Осыны қазақтың әрбір баласы ойында ұстаса екен дейміз.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар