Жуырда Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінде салынып жатқан «YASSI» жиһаз фабрикасының құрылыс барысымен танысты. Жоба жетекшісі Бектас Саид Ғайбуллаұлы өндірістік нысанның құрылыс кезеңдері мен жобаның негізгі көрсеткіштері жөнінде баяндады.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жалпы жер көлемі 1,2 гектар. Жоба кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Қазіргі таңда өндірістік нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өндірістік жабдықтар мен арнайы қондырғыларды орнату жұмыстары қолға алынған. Фабриканың өндірістік цехтары кезең-кезеңімен қалыптасып, нысанның ішкі инфрақұрылымы жасақталуда.
Жоба аясында негізгі фабрикамен қатар, осындай үлгідегі қосымша үш өндірістік нысан салу жоспарланған. Нәтижесінде өндірістік кешен құрамында төрт нысан болады. Жоба толық іске қосылған кезде 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының барысын қарап, жобаның белгіленген мерзімде жүзеге асуының маңыздылығын атап өтті. Жаңа өндіріс орны ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.



