Әлеуметтік желі жастар өмірін қалай өзгертуде?
Кешкі автобусқа мініп, айналаңызға қараңызшы. Он адамның тоғызы жүзін төмен салып, саусағымен экранды жоғары қарай жылжытып отыр. Біреуі видеоға күледі, біреуі қабағын түйіп, біреудің суретіне ұза-а-қ, кейде үлкейті-іп қарайды. Бұл көрініс бәрімізге таныс болғаны сонша, оны елемейтін де болдық. Ал психологтар дәл осы үнсіз, бас көтермейтін тірлікке алаңдай қарайды.
Сандар да осыны айтады. DataReportal-дың 2026 жылғы қазандағы есебі бойынша Қазақстанда әлеуметтік желіде 18,3 миллион аккаунт тіркелген, бұл халықтың 86,6 пайызына тең. Бір жыл ішінде олардың саны 1,4 миллионға көбейген. Әрине, бір адамның бірнеше парақшасы болуы мүмкін. Бірақ қазір желіге кірмейтін жасөспірімді табу оңай емес, тіпті мүмкін емес. Әлеуметтік желі қожайындары бір нәрсені жақсы біледі. Ол – адамның назары – ең қымбат тауар.
Лента ешқашан бітпейді. Төмен түсірген сайын жаңа видео, жаңа сурет, жаңа жаңалық шығады. Қайсысы ұнайтынын алдын ала білмейсіз, сондықтан тоқтай алмайсыз. Ойын автоматы да осылай жұмыс істейді, кезекті айналымда ұтыс шығатындай көрінеді.
Лайк та осындай «сыйлық». Жасөспірім суретін салады да, телефонды қолынан тастамай күтеді. Он минутта жиырма лайк жиналса, көңілі көтеріледі. Бесеу ғана болса, суретті өшіріп тастайды, «маған бір нәрсе болған шығар» деп ойлайды. Өзін-өзі бағалау біртіндеп сыртқы бағаға тәуелді бола бастайды. Ал 13-15 жастағы баланың «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздейтін кезі дәл осы кезең.
Желідегі өмір әрдайым сүзгіден өтеді. Сұлу көрінген, қуанған сәттерін ғана салады. Ешкім таңертеңгі ұйқылы жүзін, ата-анасымен араздасқанын немесе емтиханнан құлағанын жарияламайды. Сыныптасы теңіз жағасында, блогер жаңа көлікте, танымал әнші әлемді аралап жүр. Оның ішінде шынайысы да бар, жасандысы да жеткілікті. Жасөспірім мұның бәрін өз өмірімен салыстырады да, өзінің күнделікті тірлігі сұрғылт көрінеді. Психологтар мұны әлеуметтік салыстыру дейді. Ағылшын тілінде FOMO деген сөз де тараған, қазақшалағанда «бір нәрседен құр қалып қою қорқынышы». Достар бас қосқанда сен болмасаң, ол туралы сол кеште-ақ сторизден білесің. Сосын ұйқың қашады.
Әсіресе қыздар осал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросы 2024 жылы жариялаған зерттеуге 44 елдің 11, 13 және 15 жастағы 280 мыңға жуық жасөспірімі қатысқан. Әлеуметтік желіні бақылаусыз, тәуелділікке ұқсас түрде пайдаланатын жасөспірімдер үлесі 2018 жылы 7 пайыз болса, 2022 жылы 11 пайызға жеткен. Қыздарда бұл көрсеткіш 13, ұлдарда 9 пайыз. Әлеуметтік желіні проблемалы пайдаланатын жасөспірімдер үлесі (ДДСҰ, HBSC зерттеуі) әлемде 11 пайызды құраса, Қазақстанда 12-13 пайыз аралығында екен. Мұндағы «проблемалы» деген сөздің мағынасы қарапайым: бала желіде қанша отыратынын өзі басқара алмайды. Сабақ, ұйқы, отбасымен әңгіме соның салдарынан зардап шегеді. Он жасөспірімнің бірі деген аз емес. Бір сыныпта отыз оқушы болса, соның үш-төртеуі осы топқа кіреді деген сөз.
Түнгі 12 «жастықтың астында жылтырайтын экран» талай үйде көрініс табады. Көк жарық ұйқыны қашырады, ал «тағы бір видео» деген алдамшы ой түнгі 2-3-ке дейін жетегінен босатпайды. Салдарынан ұйқысы қанбаған бала сабақта зейінін жинай алмайды, тез ашуланады, көңіл-күйі құбылмалы болады. Мұғалімдер де бұрынғыдай 45 минут бойы бір тақырыпқа ұйып отыра алмайтын оқушылардың көбейгенін жиі айтады. Қысқа видеоға үйренген ми ұзақ мәтінді ауыр көреді.
Мына қызыққа қараңыз, негізі әлеуметтік желі адамдарды жақындастыру үшін ойлап табылған. Бірақ мыңдаған «досы» бар жасөспірім өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Сөйлесу смайлик пен стикерге айналды, бетпе-бет отырып та әркім өз телефонына үңіледі. Оған кибербуллинг қосылады. Мектептегі мазақ бұрын қоңыраудың соғылуымен тоқтайтын, енді ол баланың артынан үйіне дейін еріп, бөлмесіне дейін енеді. Жасырын аккаунттан жазылған бір ауыз жаман сөз кейде айлап санада тұрып алады.
Мемлекеттер бұл мәселеге енді заң ережелерін енгізе бастады. Аустралия 2025 жылдың 10 желтоқсанынан бастап 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіде аккаунт ұстауға тыйым салған алғашқы ел болды. Платформалар желтоқсанның ортасына қарай шамамен 4,7 миллион аккаунтқа шектеу қойды. Үш айдан кейін жүргізілген зерттеуде өз аккаунты бар 16 жасқа дейінгі балалардың үлесі 52,4 пайыздан 42,1 пайызға төмендегені анықталды. Яғни тыйым әсер етті, бірақ балалардың көбі бәрібір жол тауып жатыр.
Біздің елде де осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 тамызда Құрылтайдың бірінші сессиясында 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіге тіркелуін заңмен шектеу бастамасын қолдайтынын айтты. 18 қарашада Құрылтай бұл талапты қамтыған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, ата-анасымен, достарымен хабарласатын мессенджерлер балаларға қолжетімді болып қала береді, ал платформалар қолданушының жасын тексеруге міндеттеледі.
Мәселенің ауқымын түсіну үшін бір дерек жеткілікті. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасындағы мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 1 желтоқсанда елімізде 6,9 миллион бала болған, бұл жалпы халықтың 34 пайызы. Яғни заң әр үшінші қазақстандыққа тікелей қатысты. Сол тұжырымдамада балаларға арналған арнайы SIM-карталар енгізу де қарастырылған, қазір бұл тетік байланыс операторларымен бірге сынақтан өтіп жатыр.
Пікір екіге жарылып тұр. Бірі мұны балаларды қорғаудың ең тиімді жолы дейді. Енді бірі «тыйым салынған жеміс тәтті болады, жасөспірімдер VPN арқылы бәрібір кіреді» деп ескертеді. Шындық, сірә, ортасында. Заң шекара қояды, бірақ ол ата-ананың, мектептің орнын баса алмайды. 16-ға толған күні бала бәрібір желіге кіреді, ал оған дейін оны желіде өзін қалай ұстауға үйреткен ешкім болмаса, мәселе тек кейінге шегеріледі. Әділдік үшін айту керек: әлеуметтік желінің пайдасы да аз емес. Ауылдағы жасөспірім онлайн курстан бағдарламалауды үйреніп жүр. Сирек ауруы бар бала өзі сияқты балалармен танысып, жалғыз емес екенін түсінеді. Қазақ тіліндегі контент те жылдан-жылға көбейіп келеді. Демек, мәселе желінің өзінде емес, оны қалай, қанша пайдаланатынымызда.
Психологтар ұсынатын кеңестердің көбі қарапайым: ұйықтардан бір сағат бұрын телефонды басқа бөлмеге шығару, хабарландырулардың көбін өшіріп тастау, экран уақытын көрсететін функцияны қосып, аптасына бір рет қарап шығу. Ата-аналарға да айтар құлаққағыс бар: баласына «телефонды таста» деп айқайлаған әке-шешенің өзі кешкі асқа смартфонымен келсе, ол сөздің құны шамалы. Бала құрғақ сөзге емес, нақты үлгіге еліктейді.
Әлеуметтік желі енді біздің өмірімізден кетпейді. Ол анық. Ол бізді дүниемен байланыстыра алады, бірақ өзімізбен байланысты да үзіп жіберуі мүмкін. Сондықтан ең маңызды дағды – экранды өшіріп, басты көтеру. Автобустағы сол тоғыз адамның бірі терезеге қарап, қаланың кешкі шамдарын байқаса, тізесі дірілдеген қарияға түрегеліп орын берсе, бұл да бір жеңіс. Үлкен жеңіс…
Айханым Құлмаханбет,
М.Әуезов атындағы ОҚҰЗУ журналистика факультетінің
1 курс студенті,
Гүлзира Жақсылыққызы, жетекшісі.



