Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
26.11.2026

Сібірдің суы Орта Азияға жеткізіле ме?

Әлемде климат жылдан-жылға өзгеріп келеді. Көптеген елдерде жаңбыр, қар жаууы сиреуде, өзен сулары азаюда. Өткен жазда Еуропадағы бірқатар ірі өзендердің суы тартылып, жұртты әбігерге салды. Су мәселесі Орта Азия жұртшылығын да алаңдатады.

 

Өткен, 2025 жылдың қараша айында Ресей Ғылым Академиясы кеңестік кезеңде аяқсыз қалған Сібір өзендерінің суын Орта Азияға бұру жобасын қайта қарау жөнінде бастама көтерген болатын.  Бұл Орта Азия елдерін біраз елеңдеткен еді. Кешегі аптада Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев елде суғару жүйелерін жаңғырту мен су үнемдеу технологияларын ендірудің Сібір өзендерінен су тарту жобасына қатысудан әлдеқайда тиімді болып тұрғанын айтты. «Біз осыған дейін 11 миллиард текше метр су үнемдедік. Оған 100 миллиард доллар шығынданған жоқпыз», — деп атап өтті ол. Өзбек министрі су сақтауға, үнемдеуге жұмсалған шығын шамамен 5 миллиард доллардай болғанын, қосымша 5-10 миллиард доллар жұмсалса, одан да көбірек үнемдеуге болатынын айтты. Дегенмен ол 2050 жылдарға қарай Өзбекстанға қосымша су көздері керек болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Өйткені су мәселесі Орта Азия үшін бәрібір де өзекті. Сондықтан Сібір өзендерінің суын Орта Азияға бұру мәселесі әлі де талай талқыланатын сияқты.

Кеңестік кезеңде Сібірдегі бірқатар өзен суларын Орта Азияға бұруға қатысты ауқымды жоба жасалған. Негізі бұл мәселеге қатысты ойлар бастауын сонау XIX ғасырда-ақ, 1868 жылы алған екен. Сол кезде бір профессор Арал-Каспий ойпатын суландыру жөнінде жоба жасаған. 1948 жылы да бұл мәселе көтерілген. 1960 жылдары Қазақстан мен Өзбекстанда ауыл шаруашылығының дамып, су шығынының артуына орай бұған қатысты үлкен талқылаулар болған. 1968 жылы КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетіне, Ғылым Академиясына жоспар жасауға тапсырма берілген. Кейін СОКП Орталық Комитеті бұған байланысты арнайы Қаулы да шығарған. Түпкілікті жоба, Су шаруашылығы министрлігінің техникалық-экономикалық негіздемесі қабылданған. Аталған жобаның бірінші сатысында «Сібір – Орта Азия» каналын салу, яғни Қазақстан жері арқылы Өзбекстанның оңтүстігіне Обь өзенінің суын тарту мәселесі қарастырылған. Ұзындығы 2550 шақырым, ені 130-300 метр, тереңдігі 15 метр болатын канал кеме қатынасына да есептелген еді. Жобаның екінші сатысындағы «Анти-Ертіс» бөлімінде Ертіс суын бұрып, Торғай аумағы арқылы Амудария мен Сырдарияға жеткізу көзделген болатын.

1986 жылы КОКП ОК Саяси бюросының шешімімен бұл жоба тоқтатылған. Себебі оған көптеген ғалымдар мен сарапшылар қарсы болған, өз негіздемелерін ұсынған. «Канал бойындағы ауыл және орман шаруашылығы жерлерін су басу, жерасты сулары көтеріліп, төңіректегі елді мекендерді су алу қаупі туады, канал бойында батпақтар мен сорлар пайда болады, жануарлар және өсімдіктер дүниесіне, Сібірдегі балық шаруашылығына зияны тиеді. Обь өзенінде, Кар теңізінде, Солтүстік Мұзды Мұхитта мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан экологиялық жүйе зардап шегеді» деген сияқты уәждерін алға тартқан.

Ал 2010 жылдардан бастап бұл жобаны қайта қарау жөнінде ұсыныстар айтыла бастады. 2025 жылдың қараша айында Ресей Ғылым Академиясы аталған жобаны қайта қарау жөнінде бастама көтерді. Ресей ғалымдары мұндай жағдайда Сібірдегі су тепе-теңдігінің бұзылу қаупі барын да жоққа шығармайды, дегенмен жобаны іске асыруға болады деген пікір басым сияқты. «Жобаны жүзеге асыруда инвестор тарту және мүдделі мемлекеттер арасында келісу жағы ғана күрделі болуы мүмкін» деген пікір айтылуда. Әрине, мұнда Ресейдің экономикалық және геосаяси мүддесі жатыр, ал Орта Азияны болса да су тапшылығы проблемасы толғандырады. Әсіресе біздің елді қатты алаңдатып отырғаны белгілі.

Кеңестік кезеңде Обь пен Ертіс суын Орта Азияға канал арқылы жеткізу жобаланған болса, қазіргі Ресей ғалымдарының жобасында оны құбыр арқылы тарту мәселесі айтылады. Оның бір нұсқасы бойынша су тарту үшін әрқайсысының ұзындығы 2100 шақырымды құрайтын 7 қатар құбырлар жүйесін жүргізу ұсынылған. Жобаның бірінші сатысында құбыр Обь өзенінен жылына 5,5 миллиард текше метр су жеткізеді деп жоспарланған. Құбырлар тартуға кемі 100 миллиард доллар жұмсалады деп есептелген. Ал оларды күтіп ұстау үшін жылына 700 миллионнан 1,5 миллиард долларға дейін қаржы шығындалады деп есептелген. Әрине, әзірге бұл тек жоба ғана. Қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді.

 

Обь – Батыс Сібірдегі, Ресейдің ең ірі өзендерінің бірі, қамтитын аумағы жөнінен бірінші орын алады. Оған Ертіс және басқа да өзендер құяды, сөйтіп барып Солтүстік Мұзды Мұхиттағы Кар теңізіне қосылады. Ұзындығы 3650, Ертіспен қосқанда 5430 шақырымды құрайды. Ал Ертістің ұзындығы – 4248 шақырым, ол бастауын Қытайдың Шыңжаң—ұйғыр автономиялы ауданынан алады. Қытайдың, Қазақстан мен Ресейдің жерінен өтіп, Обь өзеніне, одан Кар теңізіне барып құяды.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар