Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан

«Тәуелсіздікке – 20 жыл» каналы күрделі жөндеуден өтеді

Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Ол Шардара ауданында болып, арнайы кеңес өткізді.

Шардарада өткен кеңеске ҚР Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Бауыржан Омарбеков, министрліктердің жауапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бейнеконференция байланысы арқылы қатысып, баяндама жасады. Жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасының республика бойынша іске асырылу барысы, бюджет қаражатының игерілуі, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлердегі жобалардың тиімділігі талқыланды.

Бүгінде Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында көптеген жобалар жүзеге  асуда, жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның ішінде су шаруашылығы бағытында да маңызды шаруалар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда Қ.Бозымбаевқа өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жасалып жатқан жобалар, жаңа бастамалар, «Шардара» су-электр станциясының, «Шардара» су қоймасының жай-күйі, «Шардара» топтық су құбырының жұмысы таныстырылды. Премьер-министр орынбасары сала мамандарымен пікір алмасты, ұсыныстарды тыңдап, назарға алды.

Іс-сапар аясында Қ.Бозымбаев облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Жетісай ауданындағы «Тәуелсіздікке – 20 жыл» каналының №1 және №2 сорғы станцияларында да болды.

«Тәуелсіздікке – 20 жыл» каналы мен №1 және №2 сорғы станциялары кезінде «Достық» магистральдық каналы арқылы қосымша су жеткізу мақсатында салынған. Ұзындығы 16 шақырымға жуықтайды, секундына 60 текше метрге дейін су өткізе алады. Жүйеде 12 сорғы агрегаты орнатылған. Қазіргі таңда каналдың жекелеген учаскелерінің техникалық жағдайы нашарлап, су өткізу мүмкіндігі төмендеген. Осыған байланысты каналды күрделі жөндеуден өткізіп, жобалық қуатын қалпына келтіру қажеттілігі туындап отыр. Жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүзеге асқан жағдайда 60 мың гектарға жуық суармалы алқапты тұрақты сумен қамтамасыз ету мүмкін болмақ. Сондай-ақ ол канал бойындағы тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Таныстыру барысында вице-премьерге «Тәуелсіздікке – 20 жыл» каналының қазіргі техникалық жай-күйі мен оны жаңғырту қажеттілігі жөнінде баяндалды. Сондай-ақ өңірдегі вегетациялық кезеңнің өту барысы, су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Вице-премьер суару маусымын сапалы ұйымдастыру, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және диқандарды ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қ.Бозымбаев мемлекеттік бағдарламаның ауыл экономикасын жаңғыртудағы маңызды тетік екенін тағы да еске салды. Облыс әкімдіктеріне 2025 және 2026 жылдары бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін қамтамасыз етуді, жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді міндеттеді.

…«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынғаны мәлім. Ол ауыл шаруашылығын өркендетуге, шағын қалалар мен ауылдарда кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың табысын өсіруге бағытталған. Осы мақсатта еңбек етемін деушілерге жеңілдетілген несиелер берілуде, жеке шаруашылықпен айналысатындарға, өндірістік кооперативтерге қолдау көрсетілуде, шикізатты өңдеу, өнім өткізуді жеңілдету және басқа да бағыттарда көптеген жұмыстар атқарылуда. Ұзақмерзімді жоспар бойынша бұл бағдарлама аясына алдағы 2029 жылға дейін  1 миллион адам тартылуы тиіс, 350 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Өткен екі жылдың ішінде қыруар тірліктер атқарылды. Мемлекет қазынасынан миллиондаған теңге қаржы бағытталып, жүздеген жобалар іске асырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Оған Түркістан облысы да өзіндік лайықты үлесін қосары анық.

О. ТҰРАР.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар