Түркістан облысы биыл әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген көрсеткіштері бойынша республикамыз бойынша көш бастап тұр. Облыс ауыл шаруашылығындағы маңызды дақылдардың бірі – мақта өсірумен де ерекшеленеді. Биыл Түркістан облысы Отан қазынасына мақтадан да молынан пайда келтіреді деген сенімдеміз.
Мақтаның басым бөлігі негізінен облыстың Мақтаарал ауданында өсіріледі. Міне, осы Мақтаарал ауданында бүгінде мақта еккен диқандар үшін жылдың ең жауапты кезеңі басталды. Шаруалар алқаптағы еңбектің нәтижесін жинауға кірісті. Көктемнен бері күтілген «ақ алтын» алқаптан жиналып, алғашқы өнімдер қабылдау орындарына жеткізілуде.
Мақтаның бітік шығуы үшін жаз бойы қажетті агротехникалық жұмыстар атқарылды. Оның ішінде мақта алқаптарындағы жазғы вегетациялық суару жұмыстары толық аяқталды. Енді шаруалардың басты міндеті – пісіп-жетілген өнімді уақтылы әрі ысырапсыз жинап алу.
Мақта көсектерінің тез ашылуы үшін дефолиация жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Бүгінде бұл жұмыс 29 мың гектардан аса алқапта жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы бір апта ішінде толық аяқталады деп күтілуде.
Енді техниканы тиімді пайдалану, өнімді белгіленген мерзімде жинап біту керек. Ысырапқа жол бермеу маңызды.
Биыл аудан бойынша 35,5 мың гектардан астам жерге мақта егілген. Қазірдің өзінде алғашқы өнімдер қабылданып, жиын-терім жұмыстары күн сайын қарқын алып келеді. Мақта терімі басталғалы бері 174,5 гектар алқаптан 478 тонна өнім жиналды. Қазіргі таңда мақтаның орташа өнімділігі гектарына 27,4 центнерді құрап отыр. Ал мақта терімін ерте бастаған шаруа қожалықтарының бірі – Атабек Қожабеков төрағалық ететін «Бірлік 2» шаруа қожалығының мақта алқабынан гектарына 40 центнерден өнім жиналуда.
Қазір аудан шаруаларының қарамағында мақта теретін 237 комбайн бар. Оның ішінде күнделікті жұмысқа 24 комбайн жұмылдырылған. Дефолиация жұмыстары аяқталған сайын терімге тартылатын техника саны да көбейіп, алқаптағы жұмыс қарқыны арта түспек.
Мақтааралдық диқандарға Құдай қуат берсін, ауа райы қарасып, өнімді жоспарда күтілгендей деңгейде жинап алуды нәсіп етсін дейміз.



