Мақтаарал – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып отырған аудан, облысты Орта Азиядағы жақын шетелдермен байланыстыратын өңір. Ауданда бүгінде көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Оны биылғы жылдың жартыжылдық көрсеткіштеріне қарап-ақ аңғаруға болады. Мысалы, жалпы өңірлік өнім көлемі 42,4 миллиард теңгеге жеткен, өсім 29,2 пайызды құраған.
Мақтаарал ауданы өзінің атына сай мақтаны көбірек егеді. Аудан бойынша ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер 60,3 мың гектар болса, биыл соның 35,5 мың гектарына мақта егілген. Бақша дақылдары 16,1 мың гектарға, мал азығы дақылдары — 4,1 мың, дәнді дақылдар 3,2 мың, көкөністер 1,4 мың гектарға егілген. Аудан ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін жыл соңына дейін 102,7 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында жарты жылда 9,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 17 пайыз деңгейіне жеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден көп. Егін шаруашылығында 1,3 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан 2 441,9 тонна ет, 10 953,6 тонна сүт өндіріліп, 3577,1 мың дана жұмыртқа алынған.
Елімізде ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға арналған мемлекеттік «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғаны мәлім. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, азық-түлік қауіпсіздігіне қызмет ететін өндіру және өңдеу шаруашылықтарын көбейту, тиімді кооперативтер құру, ауыл кәсіпкерлігін өркендету бағыттарын мақсат еткен бағдарлама еліміздің барлық аумақтарында өз жұмысын жүргізіп жатқаны белгілі. Мақтаарал ауданында бұл бағдарлама бойынша да көптеген шаруалар қолға алынған. 2026 жылы аудан бойынша 255,6 миллион теңгеге 21 жоба қаржыландырылған. 18 жеке жоба 162 миллион теңгеге, Ж.Нұрлыбаев ауыл округіндегі «Ынталы балық», Достық ауыл округіндегі «Достық А», Иіржар ауыл округіндегі «Ынтымақ-Иіржар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері 93,6 миллион теңгеге қаржыландырылған.
Бұл аудандағы 68 елді мекеннің барлығы 100 пайыз табиғи газ жүйесімен қамтылған. 58 елді мекенде ауыз су тәулік бойына беріледі. Қалған 10-ына су әзірге кестемен берілуде. Олардағы тозығы жеткен ауыз су жүйелерінің бірқатарына бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары, енді біріне ағымдағы жөндеу жүргізілуде, кейбірінің жобалық-сметалық құжаттамасы қаралуда. Тиісті қаржы бөлінген жағдайда барлығына да құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін болады.
Ауданда өнеркәсіп те өркендеп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өз кезегінде бұл тұрғындарды жұмыспен қамту және баспанамен қамтамасыз ету бағыттарын жандандыра түсуде. Мысалы, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға арналған 100 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталған. Олардың 52-сі «Отбасы банк» АҚ арқылы өз иелеріне табысталған. Қалғаны жыл соңына дейін табысталатын болады.
Аудан экономикасына 23,4 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. 2026 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция тарту жоспары 60 миллиард теңге көлемінде бекітілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейту мақсатында жергілікті өндірістік орындарда «Мырза» серіктестігінің ет өнімдерін терең өңдеу цехы, «Халық» серіктестігінің тігін фабрикасы, «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауыты, «Тамила» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы инвестициялық жобалары жүзеге асырылып жатыр. Жер көлемі 24 гектар индустриалды аймаққа жалпы 6,96 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 5 жоба іске қосылған, 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған.
Басқа да жобалар жүзеге асырылуда. «IBO COTTON» ЖШС мақта талшығын өндіру, «Мақтаарал Агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақта майын өндіру зауыттары жұмысын жүргізуде.
Аталған индустриалды аймақ жанынан бөлінген 2 гектар жерге жеке кәсіпкер тарапынан жалпы алаңы 2250 шаршы метрді құрайтын 5 өндірістік парк ғимараты салынған. Онда қайта өңдеу және өзге де өндірістік бағыттағы кәсіпорындарды орналастыруға мүмкіндік қарастырылған. Кәсіпкерлер өндірістік қызметін жүзеге асыру үшін ғимараттарды жалға ала алады немесе толықтай сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар Жамбыл ауылдық округі аумағында жалпы көлемі 100 гектар жер телімі арнайы экономикалық аймаққа бөлінген. Аталған аймақта құны 104,2 миллиард теңгені құрайтын 5 өндірістік жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 845 жаңа жұмыс орындарын ашу күтілуде. «Мақтаарал Xing Feng» мақта және мақта майын өңдеу зауыты, «Ханья Холдинг» ЖШС-нің индустриалды парк құрылысы салынады. «БНК ГРУП» серіктестігі өндіріске қажетті броунфилд салады. «ҚАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС тарапынан құны 23 миллиард теңгені құрайтын, жылына 200 мың тоннаға дейін полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат, жылына 80 мың тоннаға дейін дөңгелек және профильді құбырлар өндіретін зауыты бой көтереді. «Kaz Aqua Jem» ЖШС тарапынан құны 2.6 миллиард теңгені құрайтын жәндіктер протеиніне негізделген аквомәдениетке арналған экструдирленген жем өндіріс зауыты салынады. Бұл жобаларды 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асыру көзделіп отыр.
Аудан мүмкіндіктерін осы аумақтан өтетін «Ташкент – Термез» халықаралық көлік дәлізі мен «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі де арттыра түспек. Көлік дәлізі «Целинный», «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттырып, жүк және жолаушылар тасымалының транзиттік мүмкіндігін кеңейтеді. Ал теміржол желісі толығымен іске қосылған соң жылына қосымша 10‑14 миллион тонна жүкті өткізетін болады. Оның мүмкіндіктері болашақта одан да кеңейе түседі деген үміт бар. Облыс орталығы Түркістаннан шалғайда жатқан Мақтаарал ауданының бұл теміржол желісіне қосылуы жергілікті өндіріс пен агробизнеске тың серпін беретін болады. Ауданның логистикалық әлеуеті артып, транзиттік мүмкіндігі кеңейеді. Болашақта ауданның инвестициялық тартымдылығы еселеп арта түспек. Соған сай жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылары да анық.
Х. АСАН.



