Газетімізде тіршілік әрекеттері ой салатын құстар мен жәндіктер туралы танымдық мақалалар жариялауды бастаған едік. Бүгін ара жайында айтпақпыз.
Алланың әмірімен әрекет етеді
Мән беріп қарасақ, бұл жәндіктің тіршілігінде адамзат үшін ғибрат алар жайлар өте көп. Ара туралы қасиетті кітабымыз — Құран-Кәрімнің «Нахл» («Ара») сүресінде былай деп айтылады: «Мұхаммед! Раббың араға: «Тауларға, ағаштарға және адамдар жасаған күркелер мен омарталарға ұя жасап ал! Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп, Раббыңның сен үшін қолайластырған жолына түс!» – деп нұсқады. Араның қарнынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да терең әрі жүйелі түрде ойланатын қауым үшін анық белгі ғибрат бар». Яғни Алла Тағала араға бал жинап, адамдарға қызмет етуді нұсқаған екен. Аралар осы әмірден қия баспай, ғасырлар бойы адамға қызмет етіп келеді.
Дін атаулы адамзат баласына адал өмір сүруді уағыздайды. Адамның ішіп-жемі адал болуы тиіс. Құранда араны сол адалдықтың нұсқасы етіп көрсетеді. Бұл титімдей ғана жәндік лас жерге жоламайды, өзін аса таза ұстайды. Шырынды тек таза өсімдіктен жинайды, оны ысырап етпейді. Гүлдің тозаңын оның еш жерін бүлдірмей ғана жиып, шырынын да артық-ауыс төкпей-шашпай сорып алады. Бұл жәндіктің бүкіл тіршілігі тәртіпке, мұқияттылыққа, ұқыптылыққа, тазалыққа құрылған. Ал оның аз ғана күндік өмірінде тыным таппай жинаған балының адам баласына беретін игілігі мол. Ол ағзаны тыңайтады, дәрумен, минералдармен, микроэлементтермен қуаттандырады, түрлі дерттерге шипасын береді. Адам ағзасы балдың 95 пайызына дейін қорытып, сіңіреді.
Апитерапия дегеннің не екенін бүгінде біз білеміз. Ол – араға шақтырып емдеу. Адамдар емнің осындай түрін де ойлап тапқан. Яғни араның уы да шипалы, тек оны дұрыс қолдана білу керек.
Жылына 2 миллион тонна бал береді
Кішкентай ғана араның адам баласына, жалпы тіршілік атаулыға пайдасы шаш-етектен. Адам оның ұйымшыл іс-әрекетінен, әрқайсысы жұмысшы, күзетші, тәрбиеші, тазалықшы сияқты белгілі бір шаруаға «маманданып», оны адал орындайтын тәртібінен ғибрат алса болады. Олар «әжетін» де омартада емес, далада, ұшып жүріп өтейді. Олардың шағылысуы да ұшып жүргенде жасалады.
Араның әлемде 21 мыңнан астам түрі бар. Олар Антарктидадан басқа құрлықтың бәрінде де кездеседі. Көбінің дене тұрқы аса ірі емес, 2 миллиметрден бірер сантиметрге дейін ғана. Тек «Уоллес арасы» деп аталатын түрінің ғана денесі 6 сантиметрге дейін жетеді. Жалпы, араның жұмыртқа табатын аналықтары ірі, еркектері одан сәл кішілеу, ал жұмысшы аралар одан да кішірек болады. Жұмыртқада жетілген қуыршақтан ара шығуы үшін 12 күн керек. Олар 3-5 күннен соң ұша бастайды. Содан кейінгі аз ғана өмірінде олардың әрқайсысы өзіне тиесілі шаруаны атқарумен болады. Бүкіл әлемдегі өсімдіктер дүниесінің өсіп-өнуінде аралардың қыруар еңбегі жатыр. Олар өсімдіктен шырын алып қана қоймайды, оның тозаңын тасымалдау арқылы өсімдіктерді тозаңдандырады. Егер ара болмаса, тозаңдану да болмайды, өсімдіктер өспей қалады, азық-түлік таусылады.
Аралар ірі отбасы болып бірігіп тіршілік етеді. Бір отбасында 50 мыңдай ара болады. Отбасындағы аралардың 60 пайызы өсімдік шырынын жинайды. Бір отбасының өз азығына бір жылға 30 килодай бал керек. Араның бір отбасы адамға жылына 30-дан 90 килоға дейін, аса өнімділері 100-200-ден 400 килоға дейін бал береді. Өнім араның тұқымына, денсаулығына, ауа райына, шырын жинайтын жердің аумағы мен ара отбасының күшіне қарай қалыптасады. Жалпы, әлем бойынша бал аралары адамзатқа жылына 2 миллион тонна өнім береді екен.
Омартадағы аралардың әрқайсысының міндетті атқаратын шаруасы бар. Бірі барлауға барады, бірі өсімдіктердің шырынын жинайды, бірі оны өңдейді, бірі омартаны күзетеді. Кей аралар ұяда арнайы қалдырылады, олар жиылған шырындағы артық ылғалды жою үшін омартаны желдетумен болады. Жұмысшы аралар омартаның анасы саналатын ең ірі аналық араны азықтандырып, бар жағдайын жасайды, үстін үнемі тазартып отырады. Аналық араның жалғыз шаруасы — жұмыртқалау. Аналық ара 9 жылға дейін өмір сүреді, ол бір жылда 150-160 мың жұмыртқа салады. Жұмыртқалардан дернәсілдері шыққан кезде олардың жағдайын жасауды күтімші аралар міндетіне алады. Негізінен осындай аналықтарынан басқа ұрғашы жыныстыларының ұрпақ өрбіту жолдары олардың аз ғана өмірінде жетіліп үлгермейді, олар жұмысшылар қатарында болады.
Араның иіс сезу мүшелері мұртшаларында болады. Олардың әрқайсысында мыңдаған иіс сезетін саңылаушалар бар. Аралар дәмді айыруда да аса сезімтал. Олар бір-бірін, бөтенді иіс сезу органдары және денесінен бөлетін феромондар арқылы танып-біледі. Басында екі күрделі, үш қарапайым көздері, алдыңғы аяқтарында есту органдары болады. Бір ара жалғыз жүріп гүл тозаңы немесе нәрі мол жерді тапса, өзгелерді өзіне тән бимен белгі беріп шақырады. Табылған жердің жақын екенін айналып билеп, жырақтау екенін шайқалып билеп білдіреді.
Еркек ара ұрғашысынан кішілеу, жұмысшы аралардан ірілеу болады. Олар өз бетімен азық тауып жей алмайды, жұмысшы аралар дайындаған балмен қоректенеді. Негізгі міндеті – аналық араны ұрықтандыру, ұрықтандырған соң өліп қалады, себебі ұрық тастайтын мүшесі ұрғашысының бойында қалып қояды.
Жалпы, омартадағы бар жұмысты жұмысшы аралар, яғни көбею мүшелері толық жетілмеген ұрғашы аралар атқарады. Олардың жазда жұмыртқадан шыққандары бір айдан сәл-ақ асатын уақыт өмір сүреді. Ал жұмыртқадан күзде шыққандарының өмірі 6-7 айға дейін жетеді.
Аралар балдан басқа балауыз да өндіреді. Балауыз араның балауыз бөлетін бездерінде өсімдіктен алған нәрінен түзіледі. Оны аралар ұя салуда пайдаланады. Ара 100 грамм шырынды бірнеше жүздеген мың гүлден жинайды. Ол үшін омартадан 4-5 шақырымға дейін ұзап ұшады. Бір кило бал жинау үшін олар 12 гектардан астам аумақты зерттеп шығады. Олар сағатына 65 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Бұл егер жүксіз болса, ал терген балы болса, онда жылдамдығы бұдан екі есеге дейін төмендейді.
…Қысқасы, ара мен оның тіршілігінде қызықты әрі таңқаларлық жайлар өте көп. Біз олардың бірқатарын ғана айта алдық.



