Қай ел болса да жастарына үміт артады, оларға мемлекеттің болашағы деп қарайды. Сондықтан жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттер сіңіру маңызды. Олардың бойында патриотизмді қалыптастыру керек, жастарды ұлттық бірлікке баулу қажет. Бұл орайда әскери даярлықтың негіздерін қалыптастырудың да ролі жоғары.
Жастар елдің тарихын, алдыңғы толқын аталар мен әкелердің, апалардың, аға-әпкелердің өмір жолынан хабардар болып, олардың жақсы істерінен үлгі алғаны абзал. Халқымыздың мәдени мұрасын бойына сіңіріп, бастан өткен тарихын, алмағайып замандарда ел қорғаған батырларын білгені маңызды. Осыдан мемлекет рәміздеріне деген құрмет пен сүйіспеншілік, патриоттық сана, адамгершілік қасиеттер қалыптасады. Осындай тәлім-тәрбие алып өскен жастар халық арасындағы бірлік пен ынтымақтастық құндылықтарын сезініп, оны құрметтеп өседі, қажет кезінде қорғайтын болады. Мұндай көкірек көзі ашық, санасы ояу жастар әскерден қашпайды, керісінше, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуді өзінің адамгершілік міндеті деп қабылдап, әскери қызметін өтеуді мақтаныш ететін болады.
Жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеп өсіру үшін олардың арасында осындай тақырыптарға арналған түрлі жиындар, ойындар, акциялар, ардагерлермен кездесулер сияқты іс-шаралар өткізіп тұру маңызды.
Арыс қаласының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де осындай ауқымды да қажетті шараларға белсене атсалысып келеді. Қалада, мысалы, әскери-патриоттық бағытта жыл басынан бері 13 іс-шара ұйымдастырылды. Оған жастар мен мектеп оқушылары белсенді қатысты. Жекелеп атап өтер болсақ, олар мынадай:
«Ел қорғаны – ертеңгі сарбаз» тақырыбында өткізілген кездесуде әскери қызметтің маңызы мен Отан алдындағы азаматтық жауапкершілік туралы айтылды, маңызды мәселелер түсіндірілді. Әскери қызметтің ерекшеліктері мен оның қоғамдағы маңызы жөнінде «Отанға қызмет – абыройлы міндет» атты танымдық кездесу барысында да кеңінен насихатталды. Сондай-ақ «Отан қорғау – қасиетті борыш» тақырыбындағы кездесулерде әскери сала мамандары жастардың сұрақтарына жауап беріп, әскери мамандықтың артықшылықтары жөнінде ақпарат ұсынды.
Насихат жұмыстарын жүргізіп, теориялық білім беру өз алдына, әскерилердің өмірімен көзбе-көз танысудың да өскелең ұрпаққа берері көп. Осы орайда Жастар ресурстық орталығы әскери бөлімде Ашық есік күнін ұйымдастырды. Бұл қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Олар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен және әскери техникалармен танысты.
Ал «Жас сарбаз» әскери-патриоттық ойындарында жастардың дене дайындығы, ұйымшылдығы және көшбасшылық қабілеттері сыналды.
Жастар үшін әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырылып, әскери қызметтің күнделікті өмірімен және әскери тәртіппен танысу мүмкіндігі жасалды.
Сондай-ақ «Рухты ұрпақ» әскери-патриоттық сайысы өткізілді. Оған қатысушылар әскери-қолданбалы дағдылар бойынша өзара бақ сынасты.
Ардагерлермен кездесу де ұйымдастырылды. Бас қосу барысында олардың өмір жолы мен ерлік істері насихатталып, жастарға тағылымды әңгімелер айтылды. Осындай кездесудің бірі «Ауғанстан ақиқаты» тақырыбымен ұйымдастырылды. Онда Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі мен өмірлік тәжірибесі насихатталды, жастарға бейбіт өмірдің қадірі мен патриотизмнің мәні кеңінен түсіндірілді.
Жастарымыздың заңды, құқықтық нормаларды, Конституциямызды біліп жүргені маңызды. Осы орайда «Ата Заң – әділет негізі» тақырыбында дебат турнирі ұйымдастырылды. Жастарымыз Конституцияның қоғамдағы ролі мен заң үстемдігі туралы өзара пікір алмасты.
Елін сүйетін, патриоттық рухта тәрбиеленген жастарымыз – елдің ертеңі, тірегі. Олар Тәуелсіз Еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қастерлей білуі тиіс. Осыған байланысты 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық акция ұйымдастырылды. Онда жастар арасында Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ жастардың ел рәміздеріне деген құрметі мен патриоттық сезімін арттыру мақсатында Арыс қаласы жастарының арасында Мемлекеттік Әнұранды орындау челленджі өткізілді.
Бұл аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық рухты қалыптастыру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды. Осындай кездесулер, ашық диалог алаңдары, әскери-патриоттық сабақтар, танымдық экскурсиялар, спорттық жарыстар мен патриоттық акциялар барысында қатысушылар әскери қызметтің ерекшеліктерімен танысып, ел қорғаны болудың маңыздылығы жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Өткізілген іс-шаралар жастардың патриоттық санасын нығайтып, елге қызмет етуге деген қызығушылығын арттыруға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға оң ықпал еткені сөзсіз. Әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
О. ТҰРАР.



