Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
23.09.2026

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған тағылымды кездесу өтті

 

Ұлттың ұлы мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани қазына. Оны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға жеткізу – елдік санасы биік азаматтардың еншісіндегі жауапты іс. Осындай азаматтардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті этнограф, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің орны айрықша. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның туғанына 95 жыл толуына орай «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» ұйымдастыруымен «Ө. Жәнібеков ізімен» атты танымдық іс-шара өтті.

 

Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – ел тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткердің өмір жолын, азаматтық ұстанымын, ұлттық өнер мен этнографияны дамытудағы еңбегін жас ұрпаққа кеңінен таныстыру. Шара мазмұны тарихи тұлғаны еске алумен ғана шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы қалыптастыру және рухани сабақтастықты нығайту идеяларымен астасты.

Өзбекәлі Жәнібековтің есімі аталғанда ең алдымен оның ұлттық мәдениетті жаңғырту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, салт-дәстүр мен өнерді ұлықтау бағытындағы еңбегі еске түседі. Ол халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасына үлкен жауапкершілікпен қарап, ұлттық құндылықтарды ел санасына сіңіру ісіне айрықша мән берді. Этнография мен ұлттық өнерге қатысты мұраларды жинақтау, зерттеу және насихаттау бағытындағы бастамалары қазақ мәдениетінің өзіндік болмысын танытуға қызмет етті. Сондықтан Жәнібековтің ғибратты ғұмыры – бір адамның өмірбаяны ғана емес, ұлт мәдениетіне деген жанашырлықтың, елге қызмет етудің өнегесі. Танымдық кездесуде осы мәселелер кеңінен сөз болып, қатысушылар көрнекті қайраткердің ел тарихы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі жайында ой бөлісті. Оның бастамаларының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы да жан-жақты әңгімеге арқау болды.

Шараның арнайы қонақтары қатарында ұстаз, этнограф, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Өзбекәлі Жәнібековтің немере қарындасы Айғаным Серім, «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан, Өзбекәлі Жәнібеков орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Оразбаева болды. Арнайы шақырылған қонақтардың естеліктері мен тағылымды әңгімелері кеш мазмұнын байыта түсті. Тұлғаның өмір жолына қатысты деректер мен естеліктер арқылы көрермендер Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық болмысын тереңірек таныды.

Іс-шара барысында оқушылардың қатысуымен «Арқалықтың ақ таңы» театрландырылған қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Жас жеткіншектер сахналық көрініс арқылы тарихи кезеңнің тынысын сезіндіруге, тұлға өмірінің тағылымды тұстарын жеткізуге тырысты. Театрландырылған қойылымның оқушылар орындауында сахналануы – тарихты жас ұрпаққа жақындатудың өзіндік бір тәсілі. Сахнадағы әр көрініс көрерменді ойға жетелеп, өткен мен бүгінді сабақтастырды. Жастардың тарихи тұлғаға деген қызығушылығы мен ұлттық мұраға құрметі де осы көріністен анық аңғарылды. Бұдан бөлек шара аясында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени бағдарламалар мен танымдық көріністер ұсынылды. Салт-дәстүр мен ұлттық өнерді насихаттаған бағдарлама жас көрерменнің танымын кеңейтіп, рухани мұраның қадірін ұғынуға мүмкіндік берді.

Бүгінде тарихи тұлғалардың өмірі мен еңбегін жас ұрпаққа таныстырудың маңызы зор. Себебі ел тарихын білу – өткенді тану ғана емес, бүгінгі болмысты бағалап, болашаққа бағдар жасау. Осы тұрғыдан алғанда «Ө. Жәнібеков ізімен» атты іс-шараның көтерген жүгі салмақты. Кездесу барысында ұлт мәдениетінің жанашыры болған тұлғаның еңбегі дәріптеліп қана қоймай, оның өмірінен жастарға үлгі болар азаматтық қасиеттер де насихатталды.

Елге қызмет ету, ұлттық мұраға жанашырлық таныту, тарихты құрметтеу – қай кезеңде де маңызын жоймайтын құндылықтар. Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы осы қасиеттердің жарқын үлгісін көрсетеді. Тұлғаның туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған шара – өткенді ұлықтап, бүгінгі ұрпаққа ой салған мазмұнды басқосу болды. Ұлт мәдениетін ұлықтаған қайраткердің артында қалған рухани мұрасы ел жадында. Ал сол мұраны кейінгі буынға жеткізу – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Өзбекәлі Жәнібековтің ізі – ұлт руханиятының жолындағы өнегелі із. Оны тану – тарихты тану, оны дәріптеу – ұлттық мұраға деген құрметті арттыру.

 

Ақмарал ОРЫНБЕКОВА,

Шымкент қаласы
әдет-ғұрып және салт-дәстүр

орталығының ғылыми қызметкері.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар