Ұлттық танымдағы ұл тектілігі мен қыз тәрбиесінің мәні
Қазақ халқының рухани әлемінде ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұғымдар бар. Солардың бірі – тектілік. Бұл ұғымды тек қан тазалығымен немесе шежірелік сабақтастықпен шектеу – оның терең мағынасын тарылту болар еді. Қазақ дүниетанымында тектілік – адамның шыққан тегінен бұрын, оның ар-ұяты, мінез-құлқы, адамдық болмысы мен тәрбиесінің өлшемі. Сондықтан халық арасында «текті адам» деген анықтама әлеуметтік дәрежеге емес, рухани деңгейге қатысты айтылған.
Көшпелі өркениет жағдайында өмір сүрген қазақ қоғамы үшін ұрпақ тәрбиесі – мемлекеттілікті сақтаудың, елдің бірлігін нығайтудың және ұлттық болмысты жалғастырудың негізгі тетігі болды. Осы себепті бала тәрбиесі тек ата-ананың ғана міндеті емес, бүкіл қауымның жауапкершілігі саналды. «Бала – адамның бауыр еті» деген түсінікпен қатар, «Бір бала тәрбиелеген – бір елге қызмет еткенмен тең» деген халықтық қағида да осы дүниетанымнан бастау алады.
Қазақ танымында тектілік ұғымы үш ірі негізге сүйенеді. Біріншісі – тектің сабақтастығы, яғни ата-бабаның аманатына адал болу, жеті атасын білу, әулет абыройын сақтау. Екіншісі – тәрбие, өйткені жақсы қасиет күнделікті өмірдегі өнеге арқылы қалыптасады. Үшіншісі – жеке жауапкершілік. Адам қандай әулеттен шықса да өзінің сөзімен, ісімен, еңбегімен ғана тектілігін дәлелдей алады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген болатын. Бұл ойдың астарында тек білім беру мәселесі ғана емес, ұлттық мінезді қалыптастыру идеясы жатыр. Өйткені тәрбиесіз білім қоғамды биіктетпейді. Ал тәрбиенің өзегі – адамның арын, намысын, жауапкершілігін қалыптастыру.
Бүгінгі жаһандану жағдайында бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті. Ақпарат кеңістігінің ашықтығы, мәдени ықпалдардың күшеюі, өмір салтының өзгеруі жастардың дүниетанымына тікелей әсер етуде. Осындай кезеңде қазақтың тектілік туралы танымын жаңаша зерделеу – өткенді аңсау емес, болашақтың рухани негіздерін айқындау.
Тектілік – мұра болып берілетін атақ емес, күн сайын дәлелденетін қасиет. Ол шежіреде жазылған есімдермен ғана өлшенбейді, адамның өмір жолымен, ұстанымымен, айналасына қалдырған ізімен бағаланады. Ұлдың тектілігі – жауапкершілігінде, әділеттілігінде, елге қызмет ету ниетінде. Қыздың тектілігі – парасатында, инабатында, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігінде. Ал екеуін біріктіретін ортақ қасиет – адамдықтың асқақ өлшемі.
Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына ғылыми негізде сіңіру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта «Ұлы Дала Елі Орталығы» ұлттық тарихты, мәдени мұраны және қазақ дүниетанымының өзегін құрайтын тектілік, отансүйгіштік, адамгершілік, дәстүр сабақтастығы сияқты рухани құндылықтарды жүйелі түрде насихаттауға ерекше мән береді. Танымдық дәрістер, экскурсиялық бағдарламалар, мәдени-ағартушылық жобалар мен ғылыми-көпшілік іс-шаралар арқылы орталық өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық болмысқа деген құрметін арттыруға және рухани сабақтастықтың үзілмеуіне өз үлесін қосып келеді. Өйткені ұлттық құндылықтарды терең таныған ұрпақ қана өткеннің өнегесін бүгінгі күнмен сабақтастырып, елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтын кемел тұлға болып қалыптасады.
Д. Керімбекова,
«Ұлы Дала Елі Орталығының» қызметкері.
Түркістан қаласы.



