Тіл – ұлттық патриотизмнің ең басты бастауы және негізгі діңгегі. Мемлекеттік тілді құрметтеу, оның қолданыс аясын кеңейту және тазалығын сақтау – әрбір Қазақстан азаматының Отанға деген шынайы сүйіспеншілігінің алғашқы көрсеткіші болып табылады.
Бұл ұғымның мәні мен маңызын мынадай негізгі бағыттармен түсіндіруге болады: Тіл мен патриотизмнің байланысы. Ұлттық код және бірегейлік. Тіл – ұлттың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін және ділін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін басты құрал. Ана тілін жоғалтқан халық өзінің ұлттық бірегейлігінен айырылады. Сол себепті ұлтқа, тілге деген патриоттық тәрбиені балабақща мен мектептен бастаған дұрыс. Бұл мәселе Арыс қаласында өз шешімін тапқан деп айтуға болады.
Нақты айтсақ, 2026 жылдың қыркүйек айында Арыс қаласының білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінде Қазақстан халқының тілдері күніне орай білім алушылардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру, көптілділікті дамыту, ұлттық құндылықтарды, патриотизмді дәріптеу мақсатында «Тіл – ұлттың ұлы мұрасы, бірліктің алтын көпірі» тақырыбында Тілдер онкүндігі өткізілді. Онкүндік «Тіл – ұлттың мұрасы» тақырыбындағы ашылу салтанатымен басталып, тілге қатысты челлендждер мен шығармашылық жұмыстар ұйымдастырылды. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттау мақсатында танымдық кездесу, ғылыми-танымдық семинар, зерттеу жобалары және кітап көрмесі өткізілді.
Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған әдеби конференция, пікірталас, көптілді әдеби кеш және аударма жұмыстары жүргізілді.
Білім алушылардың шетел тілдеріне қызығушылығын арттыру мақсатында «English Song Contest», «My English Story», «Polyglot – 2026» байқаулары, «Бір шаңырақ астында – бірнеше тіл», «Тілдер шеруі» арқылы этностық тілдер мен мәдениеттер таныстырылды.
Онкүндіктің қорытынды кезеңінде №2 жалпы білім беретін мектеп базасында «Тіл – бірліктің алтын көпірі» тақырыбында мерекелік концерттік бағдарлама өткізіліп, онкүндік барысында белсенділік танытқан мұғалімдер мен білім алушылар «Тіл жанашыры – 2026» номинациясымен марапатталды.
А. ДӘУРЕН.



