Түлкібас ауданының атауы аталғанда ең алдымен оның көркем табиғаты көз алдымызға келеді. Ауданның табиғи ландшафтын сақтау мақсатында осыдан бір ғасыр бұрын «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы ашылған-ды. Апта басында қорықтың 100 жылдық мерейтойына орай «Ақсу» шатқалында көру алаңы ашылды. Әрине, мақсат түсінікті – «Ақсу» құз шатқалының табиғи байлығын кеңінен таныту, экологиялық туризмді дамыту және туған өлкенің көркем табиғатын насихаттау. Жаңа бақылау алаңы келушілерге «Ақсу» құз – шатқалының көркем табиғатын тамашалап, оның геологиялық ерекшеліктері мен биоалуантүрлілігі туралы мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, келушілер қорықтың табиғатты қорғау бағытындағы қызметімен таныса алады. «Ақсу» құз-шатқалының тереңдігі кей жерлерде 300–500 метрге жетсе, жоғарғы бөлігінің ені 800 метрге дейін созылады.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, табиғи аумақтарды қорғау мен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. «Бұл тек жаңа туристік нысан ғана емес, табиғат пен адам баласының үндестігін көрсететін, туған жердің сұлулығына тағзым ететін ерекше орын. Көру алаңы туристерге, ғалымдар мен жастарға Ақсу шатқалының әсем табиғатын қауіпсіз әрі заманауи жағдайда тамашалауға мүмкіндік береді», – деді Нұралхан Көшеров өз сөзінде.
Халықаралық дәліз бойында орналасқан Түлкібас ауданы – туризммен қатар кәсіпкерлікті де дамытуға қолайлы аймақ. Бұл ішкі нарықтағы бәсекелесікті дамытуға мүмкіндік береді. Өткен аптада Түлкібас ауданындағы Ардагерлер үйінде өткен басқосуда жергілікті кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды мәселелер талқыланды. Басқосу барысында Айтбек Меңлібеков, Састөбе инновациялық кешенінің директоры Болат Естемес, Сатбай Қасымбекұлы, Қайрат Райымқанұлы, Нұржамал Қырғызалиева, Мұхтаралы Ибраймов, Бауыржан Төлепберген және Балқыбек Өсербайұлы сөз сөйлеп, кәсіпкерлік саласына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Шара барысында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және сауда, туризм, ауыл шаруашылығы басқармаларының, сондай-ақ «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нің мамандары арнайы қатысып, кәсіпкерлерге өз бағыттары бойынша кеңес берді. Мамандар кәсіпкерлікке қатысты туындаған кез келген мәселе бойынша облыстық басқармаларға жүгінуге болатынын атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге субсидиялар мен мемлекеттік қолдау шараларын алу, жеңілдіктерді қарастыру және қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша көмек көрсетілетіні айтылды. Кәсіпкерлік субъектілеріне қолданыстағы заңнама аясында құқықтық және практикалық қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және басқа да кәсіпкерлік бағыттарға қатысты мәселелер көтерілді. Кәсіпкерлер өз салаларында кездесіп отырған түйткілдерді айтып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде ой бөлісті. Қырғызалиева Нұржамал өз сөзінде 2015 жылы құрылған Іскер әйелдер кеңесінің жұмысына тоқталды. Кеңестің басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсету, кәсіп бастауға ниетті әйелдерге бағыт-бағдар беру және олардың өз кәсібін дамытуына жағдай жасау. Ал Балқыбек Өсербайұлы балық шаруашылығы жөнінде сөз қозғап, осы салаға қатысты мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер тарапынан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің басқа да бағыттарына байланысты ұсыныстар айтылды. Жиында кәсіпкерлердің басын қосып, өзекті мәселелерді бірге талқылаудың маңызы айтылды. Себебі кәсіпкерлік – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды саланың бірі.
Жиын соңында аудан әкімі Асқар Естібаев кәсіпкерліктің бүгінгі таңдағы маңызына тоқталды. Аудан әкімнің айтуынша, қазіргі таңда ауданда жалпы 270-ке жуық дүкен, 95-ке жуық ресторан мен кафе жұмыс істейді. Аудан әкімі кәсіпкерлік нысандардың көбейіп келе жатқанын атап өтіп, ашылып жатқан жаңа кәсіптердің ел экономикасына қосып отырған үлесі мол екенін айтты.
Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі күштерінің бірі. Сондықтан олардың бастамаларын қолдау және мәселелерін шешуге ықпал ету – маңызды бағыттардың бірі. Кәсіпкерлердің басқосуында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын дамытуға өз септігін тигізері анық.



