Бір кездері көптеп егілген жүгерінің ауыл шаруашылығы саласы үшін қажеттілігі төмендеген болатын. Бірақ мал санының артуы жемге деген сұранысты қайта өсіруде. Осыны ой таразысынан өткізген ордабасылық шаруалар биыл жүгері егуге айрықша назар аударып, нәтижесінде жүгері алқаптарының көлемі артты. Дәлірек айтсақ, биыл Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 71,5 мың гектарға егілсе, соның 8,3 мың гектарын жүгері құрап отыр.
Жүгері – суармалы алқапта өнімділігі жоғары, мал азығы мен өңдеу өнеркәсібі үшін маңызы бар дақыл. Сондықтан шаруалардың бұл бағытқа қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Оған мемлекеттік қолдаудың да әсері бар. Тұқым сатып алуға және қайта өңдеуге өткізілетін өнімге берілетін субсидия шаруаларға қосымша мүмкіндік беруде. Мәселен, Қараспан ауылдық округіндегі «Қахар» шаруа қожалығы биыл суармалы жердің 58 гектарына жүгері орналастырған. Қазір мұнда өнім жинау жұмыстары жүріп жатыр. 25 гектар жүгері дәнге орылса, 33 гектар алқап сүрлем дайындауға бағытталған. Шаруашылықтың алдын ала есебі бойынша, биыл әр гектардан 120-130 центнерге дейін өнім алу болжануда. Бұл көрсеткішке суармалы жерді тиімді пайдалану, тиісті агротехникалық талаптарды сақтау және егіс алқабын дұрыс күтіп-баптау арқылы қол жеткізу көзделуде.
Бүгінде 5 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық иесі алдағы уақытта егіс көлемін тағы да ұлғайтып, өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр.



