Қазығұрт ауданының Қақпақ ауыл округінде бір мезгілде 5 мың ірі қараны бордақылауға мүмкіндік беретін заманауи кешен бой көтеруде. Инвестициялық жобаны «Қарқын-2030» серіктестігі жүзеге асыруда. Америкалық технология бойынша 4,3 миллиард теңгеге салынып жатқан кешенді облыс әкімі Нұралхан Көшеров барып көрді.
Аталған кешен 16 гектар аумақта орналасқан. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан кешенде өндірістік үдерістерді автоматтандыру, жем-шөп дайындау, малды күтіп-бағу және қалдықтарды басқару жүйелері қарастырылған. Нысан ветеринариялық, санитариялық және технологиялық талаптарға сәйкес жабдықталатын болады.
– Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Әсіресе, мал шаруашылығында заманауи технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттыру маңызды. Бұл жоба ауданның экономикалық дамуына серпін беріп, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдап, ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалануға күш саламыз, – деді өңір басшысы.
Бұл жоба аясында 5 нысан салу көзделген. Бүгінде 4 нысанның құрылысы толық аяқталып отыр. Кешен толыққанды қуатына биыл қосылады. Онда 30 адам жұмыс істейтін болады. Бүгінде кешен 3700 ірі қара мал қабылдап отыр, оның 2500-і бордақыланған.



