Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
16.10.2026

«Яндекс» жарылып еді, жолаушылар жолда қалды

Өткен аптада «Яндекс» компаниясының Ресейдің бірер өңіріндегі дерек базалары Украинаның дрон соққысына ұшырады. Қаншама дербес сервис деп сендіргенімен бұл жағдай біздің «Яндекс Қазақстан» компаниясына да әсер етпей қалған жоқ. Жұмысында елеулі кедергілер туындап, кей сервис қызметі уақытша тоқтап та қалды.

Тізе берсек, біз оның «Яндекс Такси», «Яндекс Ко», «Яндекс Нейро», «Алиса», «Яндекс Іздеу» сияқты алуан қызметін тұтынып жүрміз. Ауа райын білгіміз келсе де содан сұрай саламыз. Көлік иелері көрсетілген мекен-жайды табуда қолданады, картасын пайдаланады, тіпті қай көшеде кептеліс болып жатқанын да осы «Яндекс» арқылы дер кезінде біліп отырады. Таксиге тапсырыс береміз, курьерлер үйге тамақ, тауар жеткізеді. Сондықтан да оның жұмысында орын алған ақау миллиондаған қазақстандыққа әсер етпей қалған жоқ.

«Яндекс Қазақстанның» кезінде «қажетті сервистерді толықтай елге көшірдік, енді ресейлік компанияға тәуелді емеспіз» дегені жалған емес пе екен деген сұрақ туды. Егер айтқаны рас болса, неге онда Ресейде болған жағдай бізге тікелей әсер етті? Қазақстандық тұтынушылардың жеке деректерін сақтау үшін пайдаланылатын серверлердің қауіпсіздік мәселесі қаншалықты деңгейде? Ал егер Ресейдің «Яндексіне» әлі де тәуелді болсақ, егер ол тағы да шабуылға ұшыраса, тіпті де жарамсыз күйге түссе не болады?

Бүгінде біз интернет аз уақытқа істемей қалса әбіржиміз. Ал «Яндекс» жұрттың бүкіл тіршілік әрекетін шырмап алғандай, онсыз бір тірлігің де бітпейтін сияқты. Ол өзінің осы артықшылығын, әлеуетін жақсы біледі, сондықтан да еркін еді. Мысалы, такси қызметінде тарифті қалай қойса да, жүргізушіге ақыны қалай төлеймін десе де еркі, оны ешкім де өзгерте алмайды. Әсіресе жұрт «час пик» деп атайтын кездерде такси қызметінің құны бірден көтеріліп кететіні мәлім. Компания бұған байланысты ешкімге де есеп бермейді. «Яндекс» қызметтері тартымды, сапалы болғандықтан таксистер, курьерлер, жалпы жұртшылық бәрібір де соны таңдайды, басқа интернет-сервистерді өздеріне тиімсіз санайды.

Бір кездері Мәжіліс депутаты болған Мұрат Әбенов «Яндекс» қызметінің ашық болуы керегін айтып, мәселе көтерген еді. «Егер қатты қысым жасалса қызметті өшіріп тастаймыз, халық шулайды» деп қорқытады», — деген болатын. Кешегі күні ол тікелей эфирге шығып, «Яндекске» қатысты көптеген проблемалардың басын ашып көрсетті. Айтуынша, Қазақстан нарығында «Яндекстің» бірден-бір монополиске айналуына кезінде үкіметіміздің өзі қолайлы жағдайлар туғызған сияқты. М.Әбенов Үкіметтің, тиісті министрліктердің алаңсыз қалмай, бұл мәселеге қатысты маңызды шешімдер жасауы керегін айтты.

«Яндекс» компаниясының біздің тұрмысымызға ғана емес, жалпы цифрлық экономикаға әсері өте зор екені байқалады. Оның елдегі әлеуеті жоғары. Сондықтан да кезінде біздің нарыққа кірмек боп әрекеттенген басқа осындай компаниялар дегеніне жете алмады. Мысалы, Қытайдың «Додо» компаниясы әрекет жасаған, сәтсіз болды. Бұдан оншақты жыл бұрын өзіміздің бір іскер жігіттер де такси қызметін, басқа да қызметтер көрсететін ірі компания құрып, нарыққа енуге тырысқан, бірақ кейін олардың дыбысы шықпай кетті. Өздері аяғынан тұра алмады ма, біреулер тұншықтырып тастады ма, әлде мемлекет тиісті қолдау көрсетпеді ме — бізге ол жағы беймәлім.

Осының бәрі терең ойландырады. Ресейдің «Яндекс» компаниясына біз әлі де тәуелді сияқтымыз. Ал Ресей мен Украинадағы соғыс жалғасып жатыр, бір-бірінің экономикасын тұралату үшін ештеңеден тайынатын емес. Соғыстың қашан тоқтайтыны белгісіз. Осындай жағдайда Ресейдің «Яндекс» компаниясы басты нысаналардың бірі болып қала беретін сияқты.

Әзірге біздегілер тек жұртты тыныштандыруға, үміттендіруге тырысқан мәлімдемелер ғана жасады. Әрине, «Яндекс» миллиондаған тұтынушысы бар нарықтан айырылып қалмаудың қамын жасап бағар. Бірақ оған төнген қауіп сейілген жоқ, тағы да соққы алмасына кім кепіл? Егер біз оған әлі де тәуелді болсақ, онда мықтап ойлану, әрекет жасау керек.

Біздің бұл бағыттағы әлеуетіміз, мүмкіндіктеріміз қандай? «Кісідегінің кілті аспанда» деген, өзге елдің мықтысына алаңдап күн кешкенің несі жақсы? Бізде такси, тауар жеткізу және басқа да маңызды қызметтерді көрсететін өз отандық платформамыз болуы өте қажет екенін осы үш күн-ақ көрсетіп беріп отыр. Ендеше бұл бағытта төл компанияларымызды өмірге келтіруді, оны мемлекеттік деңгейде қолдап, нарыққа ендіру жайын мықтап ойлану керектігі түсінікті болды. Бұл елдің ертеңі, қауіпсіздігі үшін керек қой.

 

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар