Түркістан облысы – Қазақстандағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Отан қамбасына тек шикізат беріп қана қоймай, тоқыма өнеркәсібін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Облыстағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігі 52 мың гектар аумаққа мақта егіп, онда тамшылатын суғару сияқты заманауи озық технологиялар пайдаланылуда. Бүгінде мақта өнімін жинап алу жұмыстары жүріп жатыр. Облыста мол өнімді қабылдауға және өңдеуге қажетті инфрақұрылым бар, 29 мақта өңдеу зауыты мен 169 қабылдау бекеті жұмыс істейді. Олар жылына 1 миллион тоннадан астам шитті мақтаны қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді.
Былтыр мақташылар үшін рекордтық жетістік жылы болды. Облыста 466 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналды. Мақтаның орташа түсімділігі гектарына 32 центнерге дейін жетті. Мамандардың айтуынша, мұндай түсім кейінгі жиырма жылда болмаған. Биылғы түсім де жоғары деңгейде болады деген үміт бар. Кешегі күні Отырар ауданының Қарақоңыр ауылдық округінде Дүниежүзілік мақта күніне орай «Aq-Dala -2026» мерекесі өтті. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігінің мақта алқабында өткен іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, өңір тұрғындары мен еңбек адамдары қатысты. Мерекеде ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялар, жергілікті өндірушілердің өнімдері мен азық-түлік тауарларының көрмесі, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда мақта шаруашылығының жетістігі, диқандар мен мақташылардың, мамандардың еңбегі паш етілді.
«Бүгін біз Отырардың ақ даласында жиналып, ақ алтын өсірген азаматтардың еңбегіне құрмет көрсетіп отырмыз, – деді салтанатты іс-шара кезінде Нұралхан Оралбайұлы. – Бұл мерекенің басты кейіпкерлері – дән өсіретін диқандар, өнім жинайтын механизаторлар, су жеткізетін мамандар мен мақтаны өңдейтін еңбеккерлер. Түркістан облысы үшін мақта – негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Оны өсіру, жинау және өңдеу мыңдаған тұрғынның еңбегімен байланысты. Сондықтан «ақ алтынның» қадірі ең алдымен оны өсірген адамның еңбегімен өлшенеді. Биыл облыста мақта 173,6 мың гектарға егілді. Қазір алқаптарда жиын-терім жұмыстары жүргізілуде. Маусым қорытындысымен 556 мың тонна мақта жинау көзделуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығында озық технологияларды кеңінен енгізіп, су үнемдеуге батыл көшу жөнінде нақты тапсырма берді. Су тапшылығы сезілетін біздің өңір үшін бұл – күнделікті жұмыстың басты бағыты. Бүгінде мақта алқабының 91 мың гектарында су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Жекелеген алқаптарда гектарына 60 центнерге дейін өнім алынуы суды ұқыпты пайдалану мен жаңа тәсілдердің нәтижесін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – мақтаны өсірумен шектелмей, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін өз өңірімізде қалыптастыру. Осы бағытта мақта өсіруден бастап өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық тізбекті қамтитын елімізде теңдесі жоқ кластер қалыптасып келеді. Бүгін сіздер осы кластерлік жобалардың алғашқысы – «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-нің жобасымен танысып отырсыздар. Біз Түркістан мақтасын шикізат күйінде ғана өткізбей, оны терең өңдеп, дайын өнімге айналдыратын заманауи өндіріс жүйесін қалыптастыруды көздейміз. Аграрлық салаға шетелдік инвесторларды тартып, олардың озық технологиялары мен өндірістік тәжірибесін өңірімізге әкеліп жатырмыз. Ендігі міндет – осы тәжірибені өзіміз толық меңгеру. Инвестицияның нәтижесін біз тұрақты жұмыс орындарынан ғана емес, өзімізде қалыптасқан білікті кадрлар мен бәсекеге қабілетті дайын өнімнен де көрсетеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз – бір күннің емес, жылдар бойғы адал еңбектің нәтижесі. «Ақ алтынды» өсіріп, туған жердің берекесін арттырып жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Егін бітік шығып, әр маусым қуаныш пен молшылық әкелсін!».
Салтанатты шараға жиналғандарға құттықтау сөзін осылай деп жеткізген облыс әкімі бір топ озат еңбеккерге Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісін табыстады. Үздіктерді Құрмет грамотасымен және Түркістан облысы әкімінің «Мақта шаруашылығының үздігі» дипломымен марапаттады.
Жалпы, бүгінде Түркістан облысында мақтаны өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасып келеді. 2030 жылға дейін облыста жалпы құны 212,6 миллиард теңгені құрайтын 5 кластер іске асырылмақ. Нәтижесінде жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндірілетін болады. Бұл ауқымды шаруалар облыста 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Қазіргі кезде жалпы қуаты 180 мың тонна болатын екі мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасын өндіретін, құбыр шығаратын зауыттар, сондай-ақ жіп иіру фабрикасы іске қосылды. 1200 адам жұмыспен қамтылды. Алда тағы да екі мақта өңдеу зауытын және жылына 5 мың тонна мақта тұқымын өндіретін зауытты іске қосу жоспары бар. Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жылына 45 миллион шаршы метр тоқыма емес материал шығаратын зауыт, 45 миллион шаршы метр мата бояйтын зауыт іске қосылатын болады. Жылына 7 миллион жиынтыққа дейін тоқыма бұйымдары мен киім өндіретін тігін фабрикасы және джинсы маталарын өндіретін кәсіпорын іске қосылмақ.
Бүгінгі таңда облыстың мақта шаруашылығында 25 мыңға жуық агроқұрылым бар. Оларда 70 мыңға жуық адам еңбек етуде.
Бір кездері облыста мақта шаруашылығы тұралап, оны өсіру қаншалықты тиімді деген күдікті әңгіме де айтылған. Ал қазір жағдай түзеліп, көңіл қуантарлық сипат алып келеді.



