Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
16.10.2026

Долана – мың бір дертке дауа

Қазір долананың пісіп жатқан уақыты. Таудан терушілердің оны саудаға шығарғанына да біраз уақыт болды. Долана жемісін қыстың аязды күндері келгенше тере беруге болады.

 

Табиғаттың өзге де тартулары сияқты долананың да адам ағзасы мен денсаулығына тигізетін жағымды әсері мол. Өйткені құрамында түрлі дәрумендер мен қышқылдар, минералдар, микроэлементтер, пектин, танин, кумарин, алкалоид, эфир майы, каротин сынды пайдалы заттар көп. Оның пайдасын аталарымыз ежелден білген, халық медицинасында одан түрлі дәрі-дәрмектер жасаған. Дәрмекке долананың піскен, кептірілген жемісін, гүлін, жапырағын қолданады. Қажетті мөлшерін білетіндер жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алу үшін одан шай демдеп ішетін болған.

Мамандардың тұжырымынша, долана жемісі иммунитетті нығайтады, орталық жүйке жүйесі мен жүректі оттегімен қамтамасыз етеді, тыныштандырады, жүректің, мидың қан айналымын жақсартады, жүрек бұлшық еттеріне күш береді. Оның холестерин мөлшерін қалыпқа келтіретін де қасиеті бар. Халық медицинасында оны кейбір тері ауруларына қарсы да қолданады. «Долана адамның төзімділігі мен ақыл-ой белсенділігін арттырады» деп те айтылады. «Ағзаның тәуліктік қажеттілігін қанағаттандыру үшін долананың 1 стаканын қолдану жеткілікті» дейді.

Дегенмен ағзаға пайдалы екен деп долананы уыстап жей берген де дұрыс болмайды екен. Өйткені оның ағзаға жайсыз әсер ететін кездері де бар. Мысалы, қан қысымын төмендетеді, сондықтан қан қысымы төмен адамдар оны жемей-ақ қойса болады. Бүйрегінде, бауырында кінәраты барларға да осындай кеңес беріледі. Жүкті әйелдер, емізулі баласы бар әйелдер де доланадан абайлауы керек.

Құрамында пектин болғандықтан долана ас қорыту жолдарының жұмысын жақсарта алады, іш қатуына қарсы әсері бар. Алайда ұзақ уақыт, тым жиі желінсе, ол асқазанның, ішек жолдарының жұмысын бұзуы, жүрекке зияны тиюі де мүмкін. Сондықтан дәрігермен кеңесіп алған артықтық етпейді. Егер қажеттілік болса, дәрігер оның тұнбасын қалай жасап, қалай қабылдау керек екенін де нақтылап береді. Дәрігерлер, мысалы, долананың тұнбасын, қайнатпасын 12 жасқа дейінгі балаларға беруге тыйым салады. Егер науқас долана тұнбасын немесе қайнатпасын шамадан тыс қабылдаған болса, әсіресе ашқарынға ішкенде оны ұйқы басып, дел-сал болады, жүрек соғысы баяулайды, қысымы төмендеп, басы айналады, жүрегі лоблып, құсуы да мүмкін.

Міне, кішкене ғана долананың осындай жақсы-жаман қасиеттері бар. Бұл ерекше жидек аралардың еңбегі арқылы тозаңданады. Сондай-ақ ол құстар мен аңдардың қоректенуі арқылы да таралады. Доланаға жайылған жануар оның жапырақ, сабағын ғана емес, гүлін, жидегін де азық етеді, кейін жидек дәндері оның құмалағымен жерге түсіп, өніп шығады. Долананы үй жағдайында, бақшаға егуге де болады. Дегенмен бір нәрсені есте ұстау керек: оның ауадағы кейбір зиянды заттарды өзіне сіңіріп алатын қасиеті бар, әсіресе кәсіпорындарға жақын, көлік қозғалысы жиі аумақта өсірілгендерінен абайлау керек.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар